Келесі жылы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі ел тарихындағы ең елеулі оқиға екендігі ақиқат.
Оған дайындық бүгінде шарықтау шегіне жетіп қалды. Аталмыш көрмеге қазірдің өзінде 103 мемлекет пен 17 халықаралық ұйымның қатысуға ниет білдіргендігін айтсақ, бұл ауқымды шараның Қазақстан үшін, көрмені ұйымдастырушылар үшін өте үлкен сын екендігі дау
тудырмайды.
Жуырда Экспо-2017 Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Әзірбайжан Республикасының Энергетика министрі, Экспо-2017 көрмесіндегі Әзірбайжан Ұлттық павильонының комиссары Натиг Әлиевпен кездесті. Көрмеге қатысуға алғашқылардың бірі болып үн қосқан Әзірбайжан Республикасы да көрме тақырыбына орай өздерінің қол жеткен табыстарын паш етпекші.
Ахметжан Смағұлұлы өз кезегінде көрмеге дайындық жұмыстарының аяқталуға жақын екендігін жария етті. Нақтырақ айтсақ, алдағы қазан айынан бастап көрмеге қатысушы елдер өкілдері өздеріне бөлінген павильондарға орналасып, қажетті құрал-жабдықтарын, өнімдерін қоя бастауға мүмкіндік алады. Яғни, алдағы жазда көрме ашылғанға дейін көрме де, оған қатысушылар да дайын болуға тиіс.
Талғат ҚАСЕН.
Астана.