Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділовпен «Тұлға тағылымы» атты кездесу кеші өтті. - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділовпен «Тұлға тағылымы» атты кездесу кеші өтті.

 Өмір жолы өнеге

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында, қажырлы еңбекпен жеткен жетістігімізді, мемлекетіміздің қуатын одан әрі арттыру үшін әрбір қазақстандық серпіліспен адал еңбек етуге ұмтылуы тиіс. Елбасының Ұлт жоспарын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 88-қадамында көрсетілгеніндей, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамында еңбек адамының беделін көтеруге баса назар аударылуы тиіс.
Еңбек күні мерекесіне орай, қоғам қайраткері, саналы ғұмырын адам жанын арашалауға арнаған ақ халатты абзал жан Болат Жанәділовпен өткізіліп отырған кездесудің мақсаты кемел тұлғадан тағылым тыңдау, өрелі жан дүниесі мен өнегелі өмір жолын үлгі ету. Аталмыш шараға  ұзақ жылдар бойы бірге қызмет істеген әріптесі, денсаулық сақтау ісінің үздігі Алпыс Қасымов, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мамандары,  кітапхананың тұрақты оқырмандары, медицина колледжінің студенттері қатысты.
Болат Жанәділов 1940 жылдың
14 маусымында арайлы Айыртау ауданына қарасты Сырымбет ауылында дүниеге келген. Ауылдағы онжылдықты бітірген өрім өрен Қарағанды мемлекеттік медицина институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтап шығады. Оның бұл мамандықты таңдауына әкесі Сүлейменнің әр алуан дәрілік өсімдіктер жинап, кісі емдейтін тәуіптігі де әсер етсе керек. Еңбек жолын Көкшетау облыстық ауруханасының дәрігер-анестезиологі болып бастаған Болат Сүлейменұлы өзінің біліктілігі мен кәсібилігінің арқасында осында бас дәрігер дәрежесіне дейін көтеріледі. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің екі сайлауында Елбасының сенімді өкілі болған. Денсаулық сақтау саласында жарты ғасырға жуық еңбек етіп, 1992 жылдан Көкшетау облыстық әкімшілігі басшысының орынбасары, 1995 жылдан Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты сынды жауапты қызметтер атқарған. Ақмола облысы тарихи-мәдени мұра қорының, Көкшетау қалалық медицина қызметкерлері ардагерлері кеңесінің төрағасы. «Халықтар достығы», «Құрмет» ордендерімен, медальдармен және Елбасының бірнеше мәрте Алғыс хаттарымен марапатталған. Абзал жанға облыс орталығының дамуына қосқан үлесі үшін 2000 жылы Көкшетау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Шара барысында Болат Сүлейменұлының еңбек жолынан сыр шертетін бейнесюжет көрсетіліп, әр жылдары жарық көрген баспасөз материалдарынан, фото шежірелерден тұратын көрме ұйымдастырылды. Қазақ кітапханасы жанынан жұмыс істеп келе жатқан «Әдеби Көкше әлемі» клубының мүшелері Бақталант Ұлықпан, Күләш Нысанбек, Азамат Теңелген патриоттық жырларымен кеш шырайын кіргізсе, облыстық мұсылман әйелдер лигасының мүшесі Кабира Сақыпова әжей өз арнауын оқып берді. Қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды.
– Әке-шешеміз өте қарапайым адамдар болды. Алайда, олар оқу оқып, білім алмаса да, өмірден тоқығандары мол еді. Бізге үнемі «Ешкімнің ала жібін аттамаңдар, біріңе бірің қамқорлық танытып, өз істеріңе адал болыңдар» – деп айтып отыратын.  Сол кісілердің  ақыл-кеңесін, өсиеттерін біз ешқашан жадымыздан шығарған емеспіз, – деген Болат Сүлейменұлы жастарымызға өзінің ағалық ақылын айтып, оларды қоғамдағы келеңсіз көріністерден аулақ болып, тәуелсіз еліміздің туын биікте желбіретіп, тарихымызды, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, тіліміз бен дінімізді, ділімізді қадірлеуге шақырды.  Кітапхана мамандары да өз кезегінде адал еңбекті дәріптейтін осындай мазмұнды кештердің алдағы уақытта да өткізілетінін айтты.

Жанат СӘБИТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар