Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Серпін» жобасына үміт зор - АРҚА АЖАРЫ

«Серпін» жобасына үміт зор

Қалталы инвесторлар мен сарапшы ғалымдардың  «ең қайтарымды капитал – білімге салынған инвестиция» деген ұстанымы бар. Шындығында, білімге салынған ақша жүздеген, мыңдаған есе болып қайтады. Елбасымыздың тәуелсіздігіміздің алғашқы ауыр жылдарында қиындыққа қарамастан, шетелдерге білім алу үшін жастарды «Болашақ» бағдарламасы негізінде оқуға жіберуінің астарында осындай ел болашағы үшін маңызды қадам жатқандығы анық.

Осы орайда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік универститеті де отандық өндірісті өркендетуге ат салысатын білікті мамандар даярлау сияқты маңызды істен сырт қалмай отырғанын атап өткен артық болмас. Ел дамуының басты бағытының бірі болып белгіленген индустриялды-инновациялық даму бағдарламасында өндіріске жаңа заманғы инновациялық технологиялар мен техникаларды енгізу, сол арқылы экологиялық таза, нарықтық бәсекеге қабілетті, сапалы әрі арзан тауар өндіру көзделген. Әрине, оның бәрін жүзеге асыру үшін ең алдымен көп көлемді қаржы және білікті маман керек.
Туу көрсеткіші өзге өңірлерден төмен, есесіне өндіріс орындары көп солтүстік аймақ үшін маман тапшылығы мәселесі алдыңғы орында тұр. Бүгінгі күні өндірістің тасын өрге домалататын мамандарды даярлайтын оқу орындары жеткілікті. Алайда, мектеп бітіруші түлектердің саны аз болғандықтан, оқуға ынталы жастарды табу мәселесін оңтайлы шешудің басқа жолдары да керек. Бұл арада «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы көмекке келді. Аталмыш жоба Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалған басымдықтарын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіреді.
«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша 2015-2016 оқу жылында
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне «Тау-кен ісі», «Құрылыс» және «Тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» мамандықтарына 75 студент оқуға түскен болса, биылғы оқу жылында аталған мамандықтар бойынша тағы 35 студент оқу орнымыздың табалдырығын аттап отыр. Бағдарлама аясында Оңтүстік Қазақстан, тағы басқа күнгей облыстардан оқуға келген студенттер түгелдей  жатақханамен қамтамасыз етілді. Білім ордасында бұл күндері олардың алаңсыз білім алулары үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Серпіндіктер де осы уақыт аралығында өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Оқытушылар арасынан осы студенттердің білімге деген құштарлықтары, сабақ барысындағы белсенділіктері жайындағы жылы лебіздерді жиі естиміз. Әсіресе, факультет пен университеттің, жатақхананың мәдени-бұқаралық іс-шараларына «Серпін» студенттері белсене қатысып жатады.
Аталған топтардың эдвайзерлері студенттерді сабақтан бос уақыттарында қаланың мәдени, демалыс орындарына апарып, өлкенің тарихымен және тамылжыған табиғатымен таныстырады. Олардың қатарында минерологиялық мұражай, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, Шахмет Хұсайынов атындағы қазақ-музыкалық драма театры, қалалық саябақ, Қопа көлі, «Бурабай» спорт кешені секілді нысандар бар. Бұл шаралардың олардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалануына, бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттауға, жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулуға игі ықпалы мол деп ойлаймын. Сонымен бірге, қалалық сенбіліктер кезінде де серпіндіктер оқу орнымыздың аулаларын тазарту, көркейту, көгалдандыру жұмыстарына әрдайым белсене араласады.
«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы шеңберінде оқуға келген студенттер солтүстік өңірдегі индустрияға қажетті мамандар жетіспеушілігін жоюмен бірге, аймақтар арасындағы байланысты арттыруға, ішкі көші-қонды реттеуге, сөйтіп, демографиялық жағдайды жақсартуға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де сеп болады деген сенім бар. Бір айта кететіні, «Серпін» студенттері түгелдей тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген жастар. Олардың ойы да, рухы да – азат ел болу. Ендеше, тәуелсіздік ұландарының болашаққа бастаған қадамдары нық болғай деп тілейміз. Жігерлі жастарымыз білімді де білікті маман болып, еліміздің дамып көркеюіне өз үлестерін қосатынына сенім мол.
Нұржан КІШКЕНЕБАЕВ,
университеттің «Тау-кен ісі,
құрылыс және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі» кафедрасының оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар