Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген киелі Көкше өңіріндегі Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 1996 жылдың 23 мамырында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №143 бұйрығымен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институты, С.Сәдуақасов атындағы ауыл шаруашылығы институты мен Қарағанды политехникалық
институты филиалының бірігуі негізінде құрылған болатын. Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған университеттің мерейлі датасы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.
Өзіндік лайықты дәстүрлері қалыптасқан, болашаққа бағытталған үлкен жоспарлары бар, әлеуеті жоғары Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті бүгінде қазіргі заман талаптарына сай білім беру ордасына айналды. Университет республикадағы жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып үш деңгейлі оқыту жүйесін енгізді. 1998 жылы КМУ-де магистратура ашылды, ал 2000 жылдан бастап ЖОО оқу-әдістемелік жұмыс тиімділігін бағалаудың рейтингілік жүйесіне көшті, 2003 жылдан кредиттік оқыту түрін жүзеге асыруда. 2004 жылы сапа менеджменті жүйесі енгізіліп, мұның өзі университетіміздің әлемдік оқыту стандарты деңгейіне көтерілуіне жасалған елеулі қадам болды.
Қазіргі уақытта университет құрылымында С.Сәдуақасов атындағы аграрлық-экономикалық институты және 5 факультет, атап айтсақ, филология және педагогика, жаратылыстану ғылымдары, тарих, заңтану, өнер және спорт, техника және технология; сырттай және қашықтықтан оқыту факультеттері жұмыс істеуде. Бакалавриаттың 53 мамандығы, магистратураның 28 және PhD-докторантураның 6 мамандығы бойынша сапалы қызмет көрсетілетін университеттің 23 кафедрасында аса білікті, жоғары санатты 300-ден астам оқытушы, оның ішінде 22 ғылым докторы, 19 профессор, 94 ғылым кандидаты, 190 магистр, 7 PhD докторы еңбек етіп, өскелең ұрпаққа заман талабына сай терең білім беруде. 37 оқытушы Қазақстан Республикасы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері және 18 оқытушы әлемнің жетекші университеттерінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтіп, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары атанып отыр.
Университетте Ұлттық ғылым академиясының
1 академигі, Қазақстан Республикасы Шағын ғылым академиясының 4 академигі, 1 Халықаралық ақпараттандыру академиясының және Қазақстан Республикасы академиялары мен халықаралық академиялардың 3 корреспондент-мүшесі қызмет етеді. Университеттің үш оқытушысы Қазақстанның жоғары оқу орындарының профессор-оқытушы құрамының «ТОП-50» тәуелсіз рейтингісіне енді. Бұны оқытушылық құрамының сарқылмайтын шығармашылық шабыты мен жоғары кәсіби шеберлігінің куәсі деп айтсақ артық болмас.
Білім алушылар контингенті бес мыңға жуық адамды құрайды. 728 студент «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» және «Серпін-2050» әлеуметтік жобасының грант иегерлері болып табылады. 2012 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ИСО халықаралық стандартына сәйкестігі туралы сертификатқа ие болды. 2013 жылы мемлекеттік аккредиттеуден, ұлттық институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден өтті. Бүгінде бакалавриат пен магистратураның алпыс білім беру бағдарламасы бес жыл мерзімге аккредиттелді. Алты білім беру бағдарламасы халықаралық аккредиттеуден өтті.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті 2010 жылғы қыркүйек айында Ұлы Хартияға (Болондық декларация) қол қойды. Ал, Еуропалық және Еуразиялық университеттер қауымдастығына мүше болып енуі университеттің халықаралық тұрғыдан танылуының куәсі болып табылады. Университет 12 патенттің иегері және оқытушыларымыз 300-ден астам патенттің авторлары. Университетте Темпус, Эразмус халықаралық жобалары іске асырылуда. Бүгінгі іске асырылып жатқан еуропалық жобалар саны бойынша Ш.Уәлиханов атындағы КМУ Қазақстан ЖОО-ларының арасында 4 орынды иеленіп отыр. 2009-2016 жылдар аралығында Ш.Уәлиханов атындағы КМУ Темпус IV алты жобасын және жоғары білім әлеуетін арттыруға бағытталған «Эразмус плюс КА2» төрт жобасын ұтып алды. Темпус 2012 I-WEB жобасы аясында «Су сапасы» ғылыми-зерттеу зертханасы ашылды. Әлемдік білім беру және ғылыми-ақпараттық жүйемен тығыз кірігу стратегиясы жоспарлы түрде іске асырылуда. Халықаралық ынтымақтастыққа келер болсақ, университет бар байланыстарды тереңдетіп, оларды жаңа мазмұнмен толықтыруды көздейді. Университет әлемнің түрлі аймақтарының 50 озық ғылыми орталықтарымен тығыз байланыс орнатып отыр.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру терең біліктілікті, білімділікті, шеберлікті қажет етеді. Бұл болашақ үшін кез келген мамандықты толық, әрі кәсіби жоғары деңгейде игеру дегенді білдіріп, білім мен ғылым көзін жетілдіруге бағыт-бағдар береді. Ол үшін білім жүйесін инновациялық технологиялармен жабдықтап, білім алу мен оқытудың халықаралық талаптарын меңгертудің маңызы зор. Осы орайда, солтүстік өңірдегі білім ордасында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар белгіленген міндеттермен өз үйлесімін табуда. Университеттің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жаңартылып отырады. Студенттердің сапалы білім алулары үшін университетте барлық жағдайлар жасалған. Соңғы жылдары жақсы аудиториялық қормен жабдықталған төрт заманауи оқу ғимаратында 40-тан астам физикалық, химиялық, техникалық және ауыл шаруашылығы зертханалары мен шеберханалары заманауи атрибуттарға сай жаңадан жабдықталды. 5 интернет-кафе, 8 оқу залы, 57 компьютерлік және мультимедиялық сынып, 4 мұражай бар. Сонымен қатар, университетте 2 студенттер үйі, 3 жатақхана, ғалымдар үйі, студенттік тамақтану орталығы, монша және кір жуу кешені, қызметкерлерге арналған 18 ведомстволық пәтер бар. Бас оқу ғимаратында оқу дәрісханаларында пайдаланылатын бұйымдар жасайтын жиһаз цехы ашылды.
Білім алушылардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру мақсатында құрылған «Элит» оқу-ғылыми-өндірістік кешені де өз қызметін жүзеге асыруда. Кешен ауыл шаруашылығына қажетті техникалармен толық жабдықталған. 300 гектар жер бөлініп, студенттеріміздің сол жерде қызметтік тәжірибеден өтуіне мүмкіндік туып отыр. Сондай-ақ, аталған кешенде 150 дәнді және майлы дақылдар сорттарын аймаққа үйлестіру, қалыптастыру, бейімдеу бағытындағы ғылыми жұмыстар жасалуда. Бүгінде мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандықтарын дамытуға арналған жұмысты жүргізуге, мал азығын дайындауға қол жеткізіп отырмыз. Мұндағы негізгі мақсат – сол жерде аз да болса мал басын ұстап, соның негізінде оқу ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды жүргізу. Болашақта студенттеріміз аталмыш кешенде малды азықтандыру, ұрықтандыру, төлдету сияқты жұмыстарды жүргізіп, оқу барысында алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыратын болады.
Филология және педагогика факультетінде лингафонды кабинеттер іске қосылды. Техникалық мамандықтарда оқитын студенттер үшін әскери кафедраның ашылуы қарастырылуда. 20 жылдық мерейтой қарсаңында тұсауы кесілгелі отырған жаңа 310 орындық жатақхана студенттер қауымы үшін үлкен қуаныш болғалы отыр.
Студенттер үйі мен жатақханалар да бүгінгі күннің талабына сай жабдықталған. Университетте 700 мыңнан астам кітап қоры бар кітапхана қызмет көрсетеді. Кітап қоры жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отырады. Университеттің өз баспаханасы да бар. «Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің хабаршысы. Филологиялық топтама» ғылыми журналы шығып тұрады. Университеттік «Алау» газеті ай сайын шығады.
Біздің университетте студенттердің оқудағы жетістіктерін және сабаққа қатысуын есепке алуды қамтамасыз ететін лицензияланған бақылау және басқару электронды заманауи жүйесі (КББЖ) бірінші болып енгізіліп, қалыпты қызмет етуде. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде заманауи спорт базасы бар, оған дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары, Зеренді демалыс аймағының орманды алқабында орналасқан «Тұлпар» спорттық-сауықтыру лагері кіреді.
«Үш тұғырлы тіл – ұлт келешегі» ұстанымын негізге алған университетте оқу үдерісі көптілділік білім беру бағдарламасына сай өткізіледі. Бағдарлама жаратылыстану ғылымдары факультетінің «Математика», «Физика», «Информатика», «Экология», «Химия», «Биология», «География» мамандықтары мен магистратурада да жүргізіліп отыр. Студенттердің академиялық жетістіктерін бақылау «PLATONUS» автоматтандырылған жүйесі негізінде іске асырылады. Университетте академиялық ұтқырлық бағдарламасы белсенді түрде іске асырылуда. «Эразмус», «ДААД», «АЙРЕКС», «ЛОГО», «ТЕМПУС» халықаралық алмасу бағдарламасы, Президенттік «Болашақ» бағдарламасы және тағы басқа бағдарламалар аясында оқытушылар мен студенттер
Австрия, Швейцария, Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен бірге, университетте өз студенттерімізбен қатар, Ресей, Қытай,
Израиль, АҚШ, Түркия және Орта Азия елдерінің студенттері де білім алады. Ресейдің Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетімен бірге магистратураның дипломдық білім беру бағдарламасы іске асырылуда. Университет студенттерінің түрлі деңгейдегі конкурстарға қатысып, жоғары жетістіктерге қол жеткізуі олардың ғылыми-зерттеу қызметінің көрсеткіштері болып табылады. Аталмыш оқу орнының білім алушылары студенттердің республикалық пәндік олимпиадасына қатысып, 30 команданың ішінен 25 жүлделі орынды жеңіп алды.
Университеттегі тәрбие жұмысы жақсы ұйымдастырылған. Бізде жастар ісі жөніндегі комитет (ЖІК), студенттік мәслихат, Жас Отан, «Атамекен» студенттік ассамблеясы және тағы басқа студенттік ұйымдар белсенді жұмыс істейді. Университет студенттері облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерге, Ақмола облысы әкімінің жүлдесі үшін өтетін сайыстарға, студенттік спартакиадаларға, әр
алуан спорт түрлері бойынша ұйымдастырылатын универсиадаларға, әлем, Еуропа, Азия чемпионаттарына қатысып, жүлдегер атанып жүр.
Жаңа оқу жылында педагогикалық және экономикалық мамандықтар бойынша университет жанынан көпсалалы колледж ашылды. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде 2011 жылдан бастап Қамқорлық кеңесі жұмыс істейді. 2016 жылы университетте Бақылау кеңесі құрылып, тамыз айында оның бірінші отырысы өтті. Оқу үдерісінің практикалық бағыттылығын күшейту мақсатында қаладағы өндірістер мен кәсіпорындарда кафедралардың филиалдары құрылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 9 ауданмен (Сандықтау, Зеренді, Ерейментау, Бұланды, Еңбекшілдер, Шортанды, Есіл, Жақсы, Қорғалжын), сондай-ақ, Ақмола облысының өнеркәсіп секторының 14 кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен, оқу орнының даму сатысының қай кезеңіне тоқталсақ та, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әрдайым озық, алдыңғы қатарда көрініп жүргеніне куә боламыз. Университет аймақтың зияткерлік және рухани өмірінің өзегі болып, ал оның ұжымы білім беру саласында адал, мінсіз қызмет ету үлгісін көрсетуде.
Қорыта айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде студент жастардың сапалы білім алып, еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасуына барлық жағдай жасалған. Осы орайда, университет ұжымын 20 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, шығармашылық шабыт, еңбектеріне толағай табыс тілеймін. Жас ұрпақ тәрбиелеу жолындағы істеріңіз жемісті де сәтті болсын. Әрдайым үлкен мақсаттарға жетіп, биік белестерден көріне берулеріңізге тілектеспін. Өңіріміз мақтан етіп отырған білім ордамыздың мәртебесі асқақтай берсін!