Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алға озған білім ордасы - АРҚА АЖАРЫ

Алға озған білім ордасы

Облыс әкімі Сергей Кулагин Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 20 жылдық мерейтойына арналған «Шоқан оқулары–20» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының ашылу салтанатына қатысып, сөз сөйледі. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, шет елдерден келген ғалымдар қатысты. Ал, түстен кейін бұл шара осы айтулы оқиға құрметіне «Көкшетау» мәдениет сарайында өткізілген салтанатты жиналысқа ұласты.

Ең алдымен конференцияға қатысушылар жоғары оқу орнының  алдындағы қазақ халқының ұлы ғалымы, этнограф, ағартушысы Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті. Бұдан әрі қонақтар университеттің жетістіктері көрініс тапқан  көрмені тамашалады. Сондай-ақ, университет профессоры, белгілі тарихшы Қ.Әбуевтің «Ш.Уәлиханов және оның замандастары» атты монографиясының тұсаукесері болды. Жыл сайын өткізілетін «Шоқан оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының пленарлық мәжілісін университеттің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімүтәліп Әбжаппаров кіріспе сөзбен ашып, облыс әкімі Сергей Кулагинге сөз берді. Өңір басшысы өз сөзінде аталмыш оқу орнының облыс әлеуетінде ерекше орын алатынын нақты мысалдармен айғақтай келе, университет ұжымын мерейтойымен құттықтап, жаңа шығармашылық табыстар тіледі және бірқатар оқытушыларды Алғыс хатымен марапаттады.  Олардың арасында қазақ филологиясы кафедрасының доценті Сәбит Жәмбек, инженерлік технология және көлік кафедрасының аға оқытушысы Ирина Дубиниц, жалпы тарих және философия кафедрасының меңгерушісі Алмагүл Күшпаева, химия және биотехнология кафедрасының доценті Нұргүл Нұрмұханбетова, тағы  басқалары  бар.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Испания патшалығы, Валенсия политехникалық университетінің профессоры Хавьер Родриго Иллари, Латвия ауыл шаруашылығы университетінің халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекшісі Вальдемарс Барисс, Рим қаласындағы Гульельмо Маркони университетінің ғылыми жұмыстар мен халықаралық жобалар жөніндегі қызметкері  Артуро Лавалле, Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен мәдениеті» орталығының директоры, Ресей қазақтары қауымдастығының мүшесі Бауыржан Тынысов және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Қадіржан Әбуев баяндамалар жасады. Онда Еуропалық білім беру бағдарламалары аясындағы ынтымақтастық байланыс, қолға алынып жатқан ғылыми жобалар туралы айтылды.
Пленарлық мәжілістен кейін конференцияға қатысушылар секциялар бойынша жұмыс істеді. Конференция қонақтары Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының Сырымбет ауылында орналасқан Шоқан Уәлихановтың тарихи-этнографиялық мұражайын және «Айғаным» мемориалдық кешенін аралап көреді. «Көкшетау» мәдениет сарайындағы оқу орнының 20 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа облыс орталығының қоғамдық жұртшылық өкілдері көптеп қатысты. Университеттің оқытушылары мен студенттерінің де көңілдері  көтеріңкі, жүздері шат еді. Салтанатты шараны ашқан университет ректоры Әбдімүтәліп Әбжаппаров жиналғандарды оқу орнының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, осы уақыт аралығында жеткен жетістіктерді кеңінен баяндап берді. Ал, ол жетістіктер кімді болсын қуантқандай.  
– Университеттің бүгінгі мерейтойы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.  Біз бұл мерейтойға үлкен толайым табыстармен жетіп отырмыз. Мұның өзі ұжымның біріккен қажырлы еңбегінің жемісі. Қазіргі таңда университетте  12 ғылым академиясының мүшесі,  22 ғылым докторы, 94 ғылым кандидаты, 175 магистр, 4 PhD докторы еңбек етеді, – деген ректор сөзінің жаны бар.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев өзінің құттықтау сөзінде Елбасының жастардың білім алу мәселесіне зор көңіл бөліп отырғандығын, университеттің бүгінгі жетістігі оның педагогикалық институт кезіндегі бай дәстүрімен де сабақтас жатқандығын шешен тілмен дәйекті жеткізді.  
Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов университет түлектері арасынан  Қазақстанның атын шығарған белді өндіріс өкілдері, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері шыққанын, олар еліміздің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқандығын баса айтты.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің жоғары білім беру департаменті басшысының орынбасары Светлана Есмағұлова еліміздің білім саласына елеулі үлес қосқан бірқатар ұлағатты ұстаздарға «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай  Алтынсарин»  төсбелгілерін табыс етті.         
Енді бір сәтте экраннан университет тығыз байланыс орнатқан шетелдердегі оқу орындары басшыларының бейне-сәлемдері көрсетілді. Салтанатты жиналыста әр жылдары осы оқу орнының ректоры болған  Бақыт Жүнісов, Шәкір Ыбыраев, Найман Қалабаев, Сағынтай Елубаев сияқты еліміздің белді азаматтары, сондай-ақ, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университеттен бастап, республикамыздың іргелі оқу орындарының ректорлары, басқа да қонақтар сөз сөйлеп, сый-сияпаттарын жасады. Университет ректоры  Әбдімүтәліп Әбжаппаров университет тарихында өз қолтаңбасын қалдырған бұрынғы басшылар мен бүгінде арамызда жоқ кейбір ректор ағаларымыздың жұбайларына халқымыздың игі салтымен шапан, қамзол жауып, құрмет көрсетті.
Шара  соңында жиналғандар атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Ырысалды ШӘМШИЕВА,
Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар