Қазақстан Республикасы аралас жекпе-жек (MMA) Федерациясының Президенті Анатолий Ким жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, Көкшетауда ұйымдастырылатын аралас жекпе-жек туралы айтып берді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында федерация президенті аталған спорт түрі туралы кеңінен сөз қозғады. Оның айтуынша, төзімділік пен кәсіби шеберлікті талап ететін бұл спорт түріне деген жастардың қызығушылығы уақыт өткен сайын арта түсуде. Сол себепті, еліміздің әр өңірінде аралас жекпе-жек бойынша жарыстар өткізу дәстүрге айналған. Биыл MMA аралас жекпе-жегі бойынша Қазақстанның 3-інші кубогін Көкшетауда ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аталған турнирге еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысып, 7 салмақ бойынша күш сынасатын болады.
– Елімізде пайда болғанына екі-үш жылдың жүзі ғана өткен спорттың бұл түрі соңғы кездері танымалдылығын арттырып келеді. Көкшетауда өтетін жарыс соның бір айғағы іспеттес. Жыл сайын ұлттық құрама сапы жаңа спортшылармен толығуда. Оның ішінде кәсіпқойлар арасында жеңіліп көрмеген Әлем және Азия чемпионы Шавкат Рахмоновты ерекше атап өтуге болады. Он сегіз жасында чемпион болған оның әлемдік ММА-да өзіндік алар орны бар. Оның жетістігі біз үшін үлкен мәртебе, әрі жастарға да үлгі-өнеге. Көкше жерінде өтетін жарыста еліміздің болашақ чемпиондары мен ұлттық құрама сапына алынатын жаңа есімдер анықталатынына үміттенемін, – деді Анатолий Ким өз сөзінде.
Сонымен қатар, ол ұлттық құраманың Әлем және Азия бойынша үздіктер қатарында екенін айта келе, жастарды салауатты өмір салтын қалыптастыруға және шымырлылыққа үйрететін бұл спортқа шенеуніктер тарапынан қолдау қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет тарапынан көмек жоқ емес, бар. Бірақ та, ол қажетті көлемде болмай тұр. Сондықтан, ойлаған жоспарларымызды толық іске асыра алмай отырмыз. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз мемлекеттен көмек сұрау емес, осы спорт түрін кеңінен насихаттап, дамыту болып табылады, – деп атап өтті федерация президенті өз сөзінде. Баспасөз мәслихатына қатысқан Ақмола облысы MMA Федерациясының Президенті Ерлан Бөтембаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, MMA бойынша ҚР ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Баян Жанғалов және MMA бойынша Әлем және Азия чемпионы Шавкат Рахмонов алдағы турнир туралы өздерінің ой-пікірлерін білдіріп, жоспарларымен бөлісті. Әсіресе, Шавкат өзінің алдағы сайыстарына дайындығын қазірден бастап кеткен көрінеді. Алайда, әзірге оның кіммен және қашан шаршы алаңға шығатыны белгісіз. Спортшы өзінің әлеуетті қарсыласы кезігіп жатса, онымен кез-келген уақытта айқасуға дайын екенін айтып түсіндірді. Ал, Көкшетауда ұйымдастырылатын MMA бойынша Қазақстанның 3-ші кубогіне келетін болсақ, бұл жарыс шоу түрінде өтпек. Онда топ жаратын үздік спортшылардан ұлттық құрама жасақталатын болады.
Баспасөз мәслихаты барысында журналистер өңірде осы спорт түрінің дамуы мен келешегі туралы сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Аслан ОСПАНОВ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.