Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қатерлі ісік аурулары көбейіп тұр - АРҚА АЖАРЫ

Қатерлі ісік аурулары көбейіп тұр

Ақмола облыстық онкологиялық диспансерінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай  қолға алынған «Дәрігердің емделушіге 25 қадамы» акциясына және емдеу орнында  жыл басынан бері атқарылған жұмыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты болып өтті.

Қатерлі дертке шалдыққан науқастарды емдеу және осы сырқаттың алдын алуда жаңа инновациялық әдістерге арқа сүйеу денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ретте, медицинаның қай саласын алып қарасақ та, кәсіби біліктілігі шыңдалған, мамандандырылған дәрігерлердің жеткіліксіздігі, әсіресе, онкологиялық ауруларды емдейтін мамандардың жетіспеушілігі осы мәселені шешуге қолбайлау болып отырғаны байқалуда.
Бүгінде облыстық онкологиялық диспансердің штатында 273 адам болуы керек, ал, іс жүзінде 239 адам жұмыс істейді. Оның 36-сы дәрігерлер. Соның ішінде екеуі медицина саласының үздік қызметкерлері. Олар Рүстем Данияров пен Жанна Бикеева. Медбикелер саны 87. Сондай-ақ, 68 кіші медициналық персонал бар. Бұрын дәрігерлер 51 пайызды ғана құраған болса, бүгінде 67 пайызға көбейген. Соңғы төрт жыл ішінде 7 дәрігер жұмысқа қабылданыпты. Оның бесеуі ведомстволық, екеуі жалдамалы пәтерлерде тұрады.  
– Биылғы жылы диспансерде ерлерге арналған несеп және жыныс мүшелерінің ісіктерін анықтайтын трансуретралды резекция құралы сатып алынды. Сонымен бірге, Есіл, Атбасар, Бурабай, Ақкөл аудандары мен Степногорск қаласына 19 диагностикалық құрал-жабдық сатып алу қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін бұл аудандардағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелерге 7 құрал жеткізілді. Атап айтқанда, олар екі УДЗ, екі фиброгастроскоп және рентген аппаратты, эндоскопиялық үстел мен маммограф құралдарымен қамтамасыз етілді. Бұлардың барлығына жалпы сомасы 52 миллион теңге қаржы жұмсалды, – дейді диспансердің ұйымдастырушылық-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Әсемгүл Қазизова.  
Жыл өткен сайын онкологиялық диспансердің дәрігерлері қатерлі ісік ауруларын шұғыл емдеудің жаңаша әдіс-тәсілдерін қолданысқа енгізіп, оның өз нәтиже беріп жатқаны көңіл жұбатады. Биылғы жылдың өзінде облыста бұрын-соңды жасап көрмеген екі ота жасалды. Оның екеуі де диспансердің торакальді хирургия бөлімшесінде жасалған.
– Соңғы жылдары қатерлі ісіктерге инвазивтік оталар жиі жасалуда. Халық арасында оны лазерлік ота деп те атайды, яғни, торакоскоппен ауру анықталған жерден кішкене ғана кесу арқылы жүзеге асырылады. Сөйтіп, жарақаты кішірейеді. Диспансерде жасалған соңғы екі ота бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен сөз болды. Өйткені, оның бірі 62 жастағы ер адамның сол жақ өкпесінде анықталған қатерлі ісікті алып тастау отасы болды. Өкпе мен қабырғадағы ісікті алып тастау өте қиын. Науқастың соңғы үміті осы ота болған еді, абырой болғанда ол ойдағыдай өтті. Сол сияқты 56 жастағы бір әйел бес жыл бойы оң жақ санындағы ісіктің мазалап жүргенін айтып келді. Тексеріс барысында  оң жақ санының алдын түгелімен ісік шалғаны анықталды. Бұл өте үлкен қатерлі ісік. Оған қоса, науқаста семіздік пен жүрек ауруы бар болып шықты. Отаны жасауға 4 сағаттан артық уақыт кетті. Бүгінде ол адам сырқатынан айығып, бізде тексерістен өтіп тұрады, – дейді торакальді хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Иван Зеленский.
Бүгінде ер адамдарды да әртүрлі қатерлі ісік аурулары дендеп бара жатқандығы байқалады. Облыста ерлердің жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісіктерді алып тастау оталары жасалып жүр. Он жыл бұрын мұндай оталар тек Алматыдағы онкология және радиология институтында, оның өзінде бес-алты адамға ғана жасалатын. Енді науқастарға мұндай отаны жасату үшін басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Ағымдағы жылдың 8 айы ішінде біздің облыстық диспансерде осындай 4 ота жасалыпты. Мұндай ота жасаудың әдісін онколог-дәрігер Нұрбол Ахметов енгізген. Ол өз білімін Францияда жетілдіріп, осы отаны жасаудың әдіс-тәсілдерін үйреніп келген. Облыстық онкологиялық диспансер әкімшілігі дәрігерлердің кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, шыңдау үшін басқа жерлерде даярлықтан өтулеріне қаржылай көмек көрсетуді дәстүрге айналдырған.  
– Биыл облыста ерлерге арналған тексеру кабинеттері де ашылуда. Бүгінде облыста мұндай кабинеттер саны 17-ге жетті. Бұрын әйелдердің аналық безі, жатыр мойны ісіктері алаңдатса, бүгінде ерлердің денсаулығы да ерекше көңіл бөлуді талап етіп отыр. Қазір осыған орай, ерлердің денсаулық мектептерін ашып жатырмыз. Осы уақытқа дейін 500-ге жуық ер азамат тексерістен өтті. Олардың 25-інен емдеуге болатын, ал, үшеуінен ота жасауды қажет ететін қатерлі ісік аурулары анықталып, тіркеуге алынды. Бүгінде тиісті емдеу шаралары жүргізілуде. Бұдан туатын қорытынды, ерлер де денсаулық мәселелерімен уақытылы тексеріліп, дәрігерлерге қаралып отырғаны жөн, – дейді облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Болат Әбішев.
Диспансер облыстағы алғашқы көмек көрсету мекемелерінің дәрігерлері үшін Алматыдағы онкология және радиология институымен бірлесіп, жылжымалы оқыту циклі жұмысын бастағалы отыр. Модераторлар 83 орта медициналық қызметкерлерге «Халықаралық стандартқа сай қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтау және емдеу» тақырыбында дәрістер оқымақшы. Оған барлық аудандардың учаскелік дәрігерлері мен онкологтары қатысады. Мұндағы мақсат онкологиялық ауруларды дер кезінде анықтап, алдын алу. Сол сияқты диспансер ендігі арада  медбикелерді де оқытпақшы. Қазан айының 1-інен бастап  олар   Көкшетау медициналық колледжінің базасында өз білімдерін жетілдіреді.
Жылдың басынан бастап мекемеде 4 мәрте Ашық есік күні ұйымдастырылды. Оның барысында облыс орталығындағы мекемелерден келген әйелдер тегін тексерістен өткен. Сүт безі қатерлі ісігі мен жатыр мойыны ісігі ауруларының алдын алу үшін мұнда оларға маммолог дәрігерлер мен хирург мамандар сенбі күндері тексеріс жүргізген. Әйелдер қауымы үшін эндоскопиялық, компьютерлік томография, рентген кабинеттерінің қызметі тегін болған. Осы Ашық есік күндері жалпы, 43 әйел тексерістен өтіп, оның алтауында қатерлі ісіктің бары анықталды. Сондықтан, әрбір әйел жылына бір рет болсын, өздерінің денсаулықтарына көңіл бөліп, осындай тексерістен өтіп тұрғаны жөн.  
Елімізде онкологиялық ауруларды скринингтік тексерудің алты түрі бойынша қызмет көрсетілсе, біздің облыста  оның үш түрі бойынша тексерістер жүргізіледі екен. Олар – жатыр мойны, сүт безі және уретралды қатерлі ісік түрлерін анықтау скринингтері. Сонымен, өткен сегіз айда облысымызда 1190 адам қатерлі ісік ауруларымен тіркеуге алыныпты. Өткен жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,8 пайызға артып отыр.
Қатерлі ісік аурулары Астрахан, Бұланды, Жақсы, Сандықтау, Целиноград аудандарында аз тіркеліпті. Бұл – мамандардың пайымдауынша, әлі де болса, осы аудандардағы медициналық мекемелер өз жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізіп отырмағандығынан, яғни, халықты жете тексермеуінен. Облыста қатерлі ісік сырқатынан адам өліміне әкелетін жағдайлар биыл өткен жылдарға қарағанда,  5,6 пайызға төмендеген. Қатерлі ісік ауруларына шалдыққан адамдар көп дегенде бес-алты жыл сырқатына мән бермей жүре алуы мүмкін, бірақ, дәрігерге қаралмаса, ауруы асқынып, арты қайғылы жағдайға әкеп соғатыны тәжірибеде жиі кездеседі. Сондықтан, әркім өз денсаулығына жете мән беріп, маман дәрігерлерге жиі тексеріліп тұрғаны абзал.

Ырысалды ШМШИЕВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар