Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қияға қызықтырып жетеледің - АРҚА АЖАРЫ

Қияға қызықтырып жетеледің

Облыс әкімі Сергей Кулагин көрікті Бурабайдағы «Інжу» отелінде  шәкірттердің жүрегіне шуақты нұр сеуіп, білімнің кәусар бұлағымен сусындатып жүрген ұлы мамандық иелері – мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, бірқатар таңдаулы ұстаздарға Алғыс хаттар табыс етті.

Елге қорған батыр да, ғалым, тілінен бал тамған ақын, тер төккен жұмысшы да, бәрі-бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған. Ұстазға жүктелер міндет әрқашан ауыр. Адамның адам болып қалыптасуы да мектептен, яғни, алғашқы ұстазынан бастау алады.
– Құрметті ұстаздар! Сіздерді Қазақстан Рес-публикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен және кәсіби мерекелеріңіз – Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Сапалы білім беру – Қазақстанның инновациялық-индустриялдық дамуының негізгі іргетасы» деп атап өткен болатын. Сіздердің біліктіліктеріңіз, жұмысқа берілгендіктеріңіз, туған жерге деген сүйіспеншіліктеріңіз, әр оқушыны тұлға ретінде қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз – біздің көңілімізде сіздер үшін зор құрмет сезімін туғызады, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі.  – Қазіргі қоғамда ұстаздың рөлі арта түсуде. «Қазақстан 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру барысында білім саласына енгізіліп жатқан жаңалықтар ұстаздар қауымына зор жауапкершілік жүктейді.
 Салтанатты кеште Жарқайың ауданы Өмірлік орта мектебінің география пәнінің мұғалімі Күлшайра Әлмұханбетова, Еңбекшілдер ауданы Донской орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Нұрлан Бекбаев, Бурабай ауданының орталығы  Щучинск қаласының жалпы типтік мектеп-интернатының директоры Алтыншаш Ысмағұлова, Степногорск қаласы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған №4 жетім балалар үйінің тәрбиешісі Наталья Шевченко тағы басқалары облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.  
Ал, күні кеше ғана «Үздік педагог – 2016» республикалық байқауының жеңімпаз болып оралған Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжі мен облыс орталығындағы №18 орта мектептің оқытушылары Нұргүл Мұқышева мен Айгүл Кенжебаеваға арнайы сыйлықтар тапсырылды.   
Сондай-ақ, облыстық білім басқармасының оқу материалдық базасын нығайту және дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Смағұлова Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.  Мұғалімдердің мерекелік кешіне ардагер ұстаздар да қатысып, өз ізбасарларына жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру жолында ізгі тілектерін білдірді. Кеш соңында біз Ақмола облысынан «Үздік педагог –2016» республикалық байқауы жеңімпаздарының бірі Айгүл Кенжебаеваны (суретте) сөзге тарттық.
– Шынын айтқанда, мен бұл байқаудың жеңімпазы боламын деп ойламап едім. Елбасының білім беру саласына  жете көңіл бөлуінің арқасында ұстаздардың мерейі үстем болуда. Интеллектуалды ұлт қалыптастыруда бізге жүктелетін міндет жүгі зор. Барша әріптестеріме айтарым, ылайым осы биіктерден көріне берейік, – деді ол.
Иә, төл мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты ұстаздар!
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
 Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар