Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұғалім мерейі - АРҚА АЖАРЫ

Мұғалім мерейі

Мұғалім  –  қадірлі мамандық. Өйткені, ол еліміздің болашақ тізгінін ұстайтын жас ұрпаққа тәлім-тәрбие, білім береді. Ұстаз алдында отырған шәкіртіне үйретуден, тәлім-тәрбие беруден ешқашан жалықпауы, қажымауы тиіс. Сонда ғана ісінің нәтижесін, жемісін көреді. Міне, осындай шәкірт тәрбиелеуде биік белестерден көрініп жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі  Қатира Ғазизқызы Кенжетаеваның осы салада еңбек еткеніне  30 жыл болыпты.

 

Қатира Кенжетаева Қостанай облысы Меңдіқара ауданы Шиелі ауылындағы бастауыш мектепте білім алады. Ол – қазақтар арасында орыс тілін білмесең, наныңды тауып жей алмайсың, далада қаласың деген ұғымның қалыптасқан кезі. Қазақ мектептері жабылып, орыс тіліне жаппай көшу үрдісі жүріп жатқан сол тұста ауылдағы бастауыш сыныпты бітірген Қатираны да ата-анасы Меңдіқара ауданындағы орыс тамырының үйіне тұрғызып, тілді тез үйренсін дегені ме, орыс мектебіне  оқуға береді. Алғашқыда жат тілді бірден ұғу қиын болады. Уақыт өте келе, орыс тілін туған тіліндей таза сөйлейтін дәрежеге жетеді. Орта мектепті бітірген бойжеткен білім қуып, оқуға барғанның орнына ауылда қалып, темір тұлпардың тізгінін ұстайды. 17 жастағы жас қыз К-700 тракторымен жер  жыртып, дән себу жұмыстарымен айналысады. Кейін Қостанайдағы индустриалды-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, техник-механик мамандығын игереді. Меңдіқарадағы ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесінде  жастарға темір тұлпарды жүргізуді үйретеді әрі қазақ тілінен дәріс береді. 1982 жылы Батыржан Қалиахметұлымен дәм-тұздары жарасып, отау тігіп, өмірге Данияр, Дидар есімді балаларын әкеледі.
– Мектеп табалдырығын аттағанда қазақ тілінде білім алдық. Бастауыш класта Қалиахмет ағай дәріс берген еді. Ол кісі алғашқы ұстазым, кейін сыйлы қайын атам болды. Орта мектепте 45 жыл ұстаз болып еңбек етті. Мені өз қызындай өте жақсы көретін. Өмірдегі көрген, білгенін айтып, ақыл-кеңесін беруші еді. Сондықтан, ол кісіге айтар алғысым шексіз. Осы құтты шаңыраққа келін болып түскеніме 34 жыл. Атамыз биыл 90 жасқа келгенде өмірден өтті, – дейді Қатира Ғазизқызы.
 Арқа төсіндегі Атбасар шаһарына қызмет бабымен қоныс аударғандарына 10 жыл болыпты. Келген бетте № 5 орта мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып қабылданады. Сөйтіп, бөтен ұлттың балаларына мемлекеттік тілді үйретуге атсалысады.
– Оқушыларым тәрбиелі де тәртіпті. Ата-аналармен тығыз байланыстамыз. Орыс мектебі болғандықтан, шәкірттерімнің арасында қазақ, орыс, ингуш, шешен, сыған, неміс балалары да бар. Олардың мемлекеттік тілге деген талпынысы, ынтасы жаман емес. Қазақ тілінен шәкірттерім облыстық, аудандық сайыстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романынан  жоғары сынып оқушыларының қатысуымен қойған сахналық көрінісіміз республикалық «Білім және мәдениет» телеарнасынан көрсетілді.
 Ұстаз Ира Сидоренко, Ольга Дуничева, Наташа Гаврилова, Венера Әлібекова, Сағыныш Жаңабаева, Айдана Кәрібаева сияқты шәкірттерін мақтан тұтады. Айтуынша, әсіресе, неміс, ингуш балаларының қазақ тілін  үйренудегі қабілеттілігі  жоғары екен.
 Шәкірттерінің біразы бүгінде жоғары оқу орындарында білім алуда. Мектеп директоры Шахарман Бекмағанбетова  мемлекеттік тілге ерекше көңіл бөлетін көрінеді. Мұнда сәрсенбі қазақ тілі күні болып саналады. Бұл күні әр мұғалім сабағында қазақша амандасады, үзілістерде қазақша сөйлеседі.
 Қатира Кенжетаеваның ұзақ жылғы ұстаздық еңбегі лайықты бағаланып, облыстық, аудандық деңгейде түрлі марапаттауларға ие болған. Биыл
№ 5 орта мектеп аудан бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеуде бірінші орыннан көрінсе, облыста да жүлделі орынды еншіледі. Бұл – үлкен  жетістік. Осы табыста  қазақ тілі пәнінің мұғалімі Қатира Кенжетаеваның да сүбелі үлесі бар.

Темірбек ҚАСЫМЖАНОВ,
штаттан тыс тілшіміз.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар