Қазақстан өз егемендігін жариялағаннан кейін жас мемлекеттің жаңа қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және халықаралық мәртебесіне толықтай жауап беретін құқықтық реформа қажет болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабына сәйкес, «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп жарияланғаны көпшілікке мәлім.
2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында атап көрсетілгендей, қоғам сот билігі қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында толық әрі жан-жақты көрініс табуына қызығушылық танытып отыр. Бұл мақсатта сот жүйесінің ашықтығы мен мөлдірлігі деңгейін арттыру қажет.
Сот жүйесін дамытудағы маңызды аспектілердің бірі – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасын жүзеге асыру Елбасының нақты тапсырмалары болып табылады. Бағдарламадағы 11 қадам сот реформасына арналған.
Қазақстан Республикасының жаңа Азаматтық процессуалдық кодексін қабылдаудың мақсаты азаматтардың құқықтарын, еркіндігін және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, сот өндірісінің процедураларын оңайлату, дауларды шешудің бітімгершілік процедуралары мен балама тәсілдерінің қолданылуын жетілдіру, техникалық құралдардың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету болып табылады.
Бүгінгі таңда сот-құқықтық реформаның маңызды нәтижесі – мамандандырылған соттардың құрылуы. Қазір еліміздің барлық аймақтарында ауданаралық мамандандырылған экономикалық, әкімшілік, қылмыстық және кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі соттар құрылды, алқабилер отырысы сотының институты енгізілді, бірқатар тергеу амалдарын санкциялау тек қана сотпен жүргізіледі, осыған сәйкес заңнама мен заңдық практика 2005 жылы Қазақстан ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық Пактің 9-бабына сәйкестендірілді.
Медиация институты енгізіліп, «Медиация туралы» Заңды қабылдау қазақстандық құқықтық жүйе үшін айтарлықтай қадам болды, ол мемлекеттің шынымен азаматтық қоғам институтын дамытуға және құқықтық мемлекет негіздерін қалыптастыруға ықпал ететіндігін көрсетеді. Медиация тәжірибесі көптеген елдерде табысты қолданылуда. Оның бір артықшылығы, жанжалдасушы тараптар өз мүдделерін есепке ала отырып, дауды шешу мүмкіндігіне ие болады. Бітімгершінің судьядан айырмашылығы, ол шешім қабылдамайды, тек тараптарға екі жақты келісімге келулеріне мүмкіндік береді. Аталмыш әдіс отбасылық-құқықтық, еңбек қатынастары мен ювеналды заң саласында өзінің тиімділігін дәлелдеді.
Осы мақалада бұл кезеңдердің әрқайсысына жеке-жеке тоқтала бермей, оңайлату процедурасының қалыптасуы мен азаматтар үшін сот жүйесінің қолжетімділігіне басты назар аударғым келеді. Республика соттарының қызметі, қаралған істер бойынша қабылданған соттық актілер, сотқа келіп түскен шағымдар мен арыздардың шешілу нәтижелері мен мерзімдері туралы тез әрі сапалы ақпарат алудағы азаматтардың құқықтарын ескере отырып, Жоғарғы сот электрондық құжат айналымының жүйесін әзірлеп, енгізді. Бұл жүйе қазір соттардағы кіріс және шығыс хабарларын автоматты есепке алуды, олардың судьяларға бөлініп берілуін, сот процестерінің бейне және аудио тіркелулерін, Жоғарғы сот пен облыстық, оларға теңестірілген соттар арасындағы бейне байланысты, сот актілері мен басқа да құжаттардың электронды базаға енгізілу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта сот өндірісінде инновациялық технологияларды кеңінен қолдану үдерісі байқалуда. Еліміздің барлық жергілікті соттары «Мемлекеттік органдардың электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі» қатысушыларының құрамына енгізілген.
Құқықтық реттеу тетіктерін жетілдірудің келешегі көбінесе құқықтық шығармашылық және құқықтық қолдану үдерістеріне ақпараттық технологияларды кеңінен енгізуге байланысты екендігі даусыз. Сот жүйесіне деген сенімді арттыру, сот өндірісін оңайлату, оның жеделдігін, қолжетімділігін қамтамасыз ету және сот жүйесі қызметінде мөлдірлікке қол жеткізу мақсатында заманауи ақпараттық технологияларды кең көлемде енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді.
Сот отырыстарының залдарына сотталғандарды алып бармау үшін түзету жүйесі органдарымен бірлесіп, бейне-баспасөз байланысын пайдалану қолға алынуда. Сот процестеріне қатысуды қамтамасыз ету, сотқа шақырылған тұлғаларды жедел хабарландыру мақсатында электронды хабарландырулар пайдаланылады. Ол сотқа келушілер санын айтарлықтай арттырып, пошталық жіберілімдердің төлеміне бөлінетін қомақты қаржыны үнемдеуге мүмкіндік беруде.
Соттардың интернет-ресурстары сот ашықтығының маңызды бөлігі болып табылады. Соттардың ресми сайттарында азаматтар «Істердің тыңдалу тізімі» модулінде тағайындалған сот отырыстарының кестесімен таныса алса, «Сот істері бойынша анықтама» және «Сот актілерінің банкі» модульдерінде соттық құжаттарды іздестіре алады. «Жоғарғы сот төрағасының жеке беті, сондай-ақ, облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағаларының блогында» азаматтар сот басшылығына өз ұсыныстарын айтып, шағымдана алады.
Сот құжаттарына жедел қолжетімділік «Сот құжаттарымен танысу» сервисі арқылы қамтамасыз етіледі. Мұнда пайдаланушы ұялы телефонына немесе электронды поштасына хабарлама түрінде жіберілген логин мен құпия сөздің көмегімен өз ісі бойынша кез-келген процессуалдық құжатпен таныса алады.
2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасында азаматтық-процессуалдық құқық әділ соттың қолжетімділігін, азаматтық сот өндірісі қатысушылары құқықтарының жүзеге асырылуын, тұлғаның бұзылған құқықтары мен еркіндігінің уақытында қалпына келтірілуін, қоғам мен мемлекеттің мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ететіндігі айтылған.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының сот жүйесі қазіргі таңда мейлінше адал да әділ сотты қамтамасыз ету үшін басқа мемлекеттердің сот жүйелерімен және халықаралық құқықпен оңтайлы өзара әрекет ете алады.
Нұрсұлтан РАХЫМБЕРЛИН,
Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік
сотының төрағасы.