Таяуда Көкшетау қаласының азаматтық қорғау көпсалалы колледжінде облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы қоғамдық қоры Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесімен бірлесе отырып, «Әженің ыстық алақаны» атты диалог алаңын ұйымдастырды.
Аталмыш шараға колледждің студент қыздары, ұстаздар, елге сыйлы көп балалы аналар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Неке мен отбасы құндылықтарын сақтау, өскелең ұрпақтың бойында имандылық, кісілік пен кішілік сияқты адами қасиеттерді қалыптастыру мақсатында өткен іс-шараны «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығының директоры Берік Рақышев жүргізіп отырды. Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрағасы Зере Қиықова сөз сөйлеп, қыз баланың қоғамдағы рөлі, ұлт болашағы туралы ұлағатты ойларын ортаға салды. Ақмола облысының мұсылман әйелдер қауымдастығының мүшесі Шолпан Қанғожина болса, қазақы дәстүрмен шашу шашып, өмірдің өзінен алынған жағдаяттарды сабақтастыра отырып, қыздарға ақыл-кеңесін берді. Он саусағынан өнер тамған епсекті, Кенжебай Смағұл апайымыз да өнердің адам өміріндегі орны туралы өз ойларын ортаға салды.
Азаматтық қорғау көпсалалы колледжінің 2 курс студенті Гүлімай Қабақбаева осы шара жөнінде өз ойын былайша жеткізді.
– Ақ жаулықты әжелерімізді көргенде, төбеміз көкке жеткендей болды. Себебі, өмірден тоқығаны көп өнегелі адамдардың жастарға айтары мол. Әсіресе, қазақ халқында ана орны ерекше ардақты. Оның әр жақсы сөзі алтын. Осы кеште аналарымызбен жете сырласқандай болдық. Жүрегімізде жатталып қалатын, көңілімізді көркейтетін осындай кештер көп болса ғой. Кеш барысында «Ана қадірі» бейнефильмі көрсетілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.