Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 97-ші бабына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бау-бақшамен айналысу және саяжай құрылысы үшін қазақстандықтардың жеке меншігіне беріледі.
Жеке және заңды тұлғаларға берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдеріне, яғни, фермерлік және шаруа қожалықтарындағы, егістік алқаптардағы жерлерге ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ нысандарды, соның ішінде тұрғын жайларды салуға рұқсат етілмейді.
Жер кодексінің 65-ші бабына сәйкес жер телімін пайдаланудың тәртібі мен мақсатын, одан өзге де жағдайларды белгіленген нормалық құқықтық актілер негізінде жер пайдаланушы немесе жер телімінің қожайыны өз еркімен өзгерте алмайды. Егер де сіз бау-бақшамен айналысатын жер телімінің иесі болсаңыз, бұл жер телімдеріне барлық орталық инженерлік коммуникация жүйесін тарту аталған құқықтық актіде қарастырылмаған. Ондай инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету тұрғын үй салуға арналған жер телімдерін бөлу кезінде ғана қарастырылған.
Жеке шаруашылығын жүргізуге немесе тұрғын үй салуға жататын саяжай аумақтары кіретін ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлердің бастапқы мақсатын өзгертуге болмайды. Аталған заңнамада көрсетілген ережелер адамдардың саяжайлардағы үйлерде тұруына тиым салмайды. Дегенмен, бұл жерлер бастапқы өз мақсатына сай пайдаланылуы керек.
Әсет ҚАСЫМЖАНОВ,
облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы.