Облыстық ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникация қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифингте келесі жылы Алматыда өтетін қысқы универсиадаға қатысатын жерлес спортшыларымыздың дайындығы тілге тиек болды.
2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны арасында Алматыда өтетін қысқы универсиадаға әлемнің 55 елінен 2 мыңнан астап спортшы қатыспақшы. Спортшылар қысқы спорт ойындарының 12 түрінен сайысқа түсіп, бақ сынасатын болады. Қазақстан ТМД елдері арасында қысқы ойындарға арналған универсиада жарысын бірінші рет өткізгелі отырған ел екендігін атап өткен артық болмас. Дүбірлі жарысқа әлемнің түпкір-түпкірінен отыз мыңға жуық көрермендер мен жанкүйерлер келеді деп күтілуде.
Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасының бөлім басшысы Анастасия Шированың айтуынша, ақмолалық спортшылар универсиадада екі түрлі спорт түрінен сайысқа түспек. Атап айтқанда, шаңғы жарысы және биатлон. Шаңғы жарысына болашағынан үміт күттіретін жас спортшылар Ольга Мандрика, Олжас Климин, Константин Борцов, Наталья Соколовская, Александр Мухин, Валерия Тюленова және Эльвира Мутагарова қатысады деп күтілуде. Биатлоннан еліміздің намысын Анна Кистанова, Алина Райкова, Тимур Хамитгатин, Арман Сұлтанов және Роман Еремин қорғайтын болады. Атап өту керек, жерлес биатлоншы Алина Райкова өткен универсиаданың жүлдегері. Сондай-ақ, қорытынды есепте жүлделі екінші орыннан көрінген еліміздің аралас эстафеташылар құрамында болған ақмолалық Анна Кистанова да биылғы универсиадада өнер көрсететін болады. Бапкер Геннадий Макаров жерлес спортшылардың универсиадада топ жарып, жүлдегер атануына толық мүмкіндіктері бар дегенді айтты. Универсиадаға қатысатын спортшыларымыздың бәрі жастар. Яғни, болашақтары алда.
Бақ та, бап та шабатын додалы жарыста жерлестеріміз топ жарып, еліміздің және астаналық облысымыздың атын шығарып жатса, ел сенімінің ақталғаны. Ендеше, сәттілік тілейік.
Суретті түсірген Берік Ескенов.