Өз кәсібін ашып, жолын тауып жұмыс істей білген адамға қазір мүмкіндік мол. Елбасымыз түрлі алқалы жиындарда кәсіпкерлердің жұмысына жан-жақты мүмкіндік туғызып, қолдау қажеттігін айтып келеді. Олай болса, кәсіпкер боламын деген адамға қай жерде де жол ашық.
Торғай ауылдық округіне қарасты Төменгі Торғай ауылында тұратын Қанат Әубәкіров осыдан он бес жыл бұрын шаруа қожалығын құрып, мал өсірумен айналысып келеді. Ата кәсіпті қолға алған ол өз отбасын ғана асырап қоймай, бірнеше адамға күнкөрістік жұмыс беріп отырған жайы бар. «Әубәкіров» шаруа қожалығы бүгінде аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі саналады. Қазір фермердің 100 бас ірі қарасы, 400-ден астам қой-ешкісі бар. Қыста мал тұратын жайлы да жылы қора салып, жемшөп қорын дайындауға жете көңіл бөлетін шаруа қожалығы басшысының шаруасы мығым. Бірнеше жыл бұрын скважина қаздырып алған. Ет бағытындағы мал өсіретін ол малға қажетті жұғымды азық дайындауға жете көңіл бөледі. Биыл жазда екі жүз тоннадай шөп шауып, маялады. Шөп шабу, тасымалдау сияқты жұмыстарға қажетті үш МТЗ тракторы, тырмасы мен сығымдап буатын агрегаты бар. Шөп дайындау жұмыстарымен Александр Гончар, Сергей Арутдинов, Депу Кумузак сияқты механизаторлар айналысады. Ал, Жанат Әубәкіров, Саманбай Алпысбаев мал бағуды мойындарына алған.
Шаруа қожалығы мал тұқымын асылдандыруға да көңіл бөліп отырады. Өткен жылы «Кеңөткел НС» серіктестігінен асыл тұқымды бірнеше қошқар сатып алынды.
Фермердің айтуынша, дайын өнімді, яғни, етті сату еш қиындық туғызбауда. Етті ол Елордаға апарып, сауда орындарына көтерме бағамен өткізіп тұрады. Сондай-ақ, сатып алушылар өз көліктерімен келіп, көтерме бағаға сатып алатын жағдайлар да кездеседі.
Он бес жылдан бері ата кәсіппен айналысып келе жатқан Қанат Әубәкіров шаруашылығын кеңейтіп, мал басын көбейтуді, алдағы уақытта ер қанаты саналатын жылқы өсіруді де қолға алғысы келеді. Жоспар көп, дегенмен, ал, оны жүзеге асыру келешектің еншісінде.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.
Суретте: фермер Қ.Әубәкіров.