Әли Құдайбергенов екі жыл армия қатарында Германиядағы Кеңес одағы қарулы күштерінің құрамында азаматтық борышын өтеп келген соң, Қарағандының мемлекеттік университетінің қаржы және несие факультетін тәмамдап, білім алды.
Алғашқы еңбек жолын 1979 жылы Көкшетау авиакәсіпорнында бас есепші қызметінен бастады. Жас маман күрделі саланы жақсы меңгеріп, бұл жағынан өз ұжымының алдыңғы қатарға шығуына жағдай жасады. Осы аяқ алысын байқаған облыс басшылары Көкшетау қаласында Кеңес одағының радиоөндірісіне қараған радио зауыты ашылғанда, сенім артып, сонда бас есепші етіп жіберді. Бұл орынға Москвадағы одақтық министрлік арқылы жергілікті кадр ретінде тағайындалды. Осы қызметте істеген 7 жыл ішінде есепші жұмысының қыр-сырын одан әрі жете меңгеріп, кәсіпорынның қаржы жағдайын жақсарту ісіне сүбелі үлес қосып, таңдаулы мамандар қатарынан көрінді.
1991 жылы облысымызда Казвнешэкономбанктың облыстық бөлімшесі ашылғанда тәжірибесі мол болған соң бас есепшілікке, жаңа саладағы жұмысты меңгеруге тағы да Әли Көлбайұлын шақырды. Жаңа банк саласындағы қаржының ауыс-түйіс мәселелерін уақытында мұқияттылықпен шешіп, мекеменің аяғынан тік тұрып кетуіне жағдай жасай білген де осы Әлекең еді.Сөйтіп жүргенде 1992 жылы Көкшетау облысында мемлекеттік банктің басқарушы есеп-касса орталығы ашылғанда, жаңа жұмысқа басшылық жасап, оны дұрыс жолға қоюға лайықты деп Әли Көлбайұлын бекітті. Ол кезде мемлекеттік мекемелер бюджет саласында ақша айналымын ақшалай атқарып, жиналған қаржыларын күнбе-күн орталық банкке тапсыратын. Республика көлемінде инкассация жұмысын бірінші болып қолға алып, қап-қап ақшаны дұрыс есептеп, мемлекет қаржысын толтыру жұмысын жақсы атқарды. Сол еңбегі Ұлттық банк басшысының назарына ілігіп, Алғыс хатын алды.
1996 жылы облыста Әлембанк ашылғанда басшылық жұмысқа тағы да Әли Көлбайұлы тағайындалды. Мұнда да жаңа мекемені дұрыс жолға қойып, кадрларын іріктеп, өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарды. Бұл еңбегі жоғары бағаланып, Астанадағы Ұлттық банктің орталық бөлімшесіне қызметке шақырылды. Одан әрі 1999 жылы Ұлттық банктің Ақмола облыстық бөлімшесінде қолма-қол ақша айналымы бөлімшесі ашылып, оның да басшылық тізгіні Әлекеңе сеніп тапсырылды. Бұл жұмысты 8 жыл бойы абыроймен атқарып, «Ұлттық банктің еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісін омырауына тақты. Одан кейінгі қызмет баспалдақтары да 2007-2011 жылдар аралығында жаңадан ашылған Ақмола облыстық Метрокомбанк бөлімшесінің басшысы, 2011-2013 жылдар аралығында Астана қаласындағы «Алатау» акционерлік қоғамының директоры болып жалғасын тауып кете береді.
2013 жылдан бастап жаңа сала – қауіпсіздендіру жұмысын қолға алып, «Нұрполис» акционерлік қоғамының Ақмола облысы бойынша бөлімшесін басқарып жатқан жайы бар. Мұнда да жұмысы абыройлы.
Міне, осылайша көп жылдар бойы қаржы саласына сіңірген еңбегі көңіл қуантып, азамат мерейін өсіре түседі. Осы адал еңбегі облыс, Көкшетау қаласы әкімдерінің тарапынан да лайықты бағаланып, бірнеше мәрте Алғыс хаттарға ие болды.
Еселі еңбегі еленген Әлекеңнің зайыбы Жұлдыз Бәкуқызы да көп жылдар бойы қалалық қаржы мекемесінде жемісті еңбек етіп, бұл күнде зейнеткер атанып отыр. Екеуі тәрбиелеп, өсірген Дәулет, Дариға, Тимур атты балалары да әр салада қызмет атқарып, ұяда көрген жақсы қырларымен танылуда. Зейнет жасына жеткен ақ адал досқа алда да өмірдің биігінен көрініп, елдің абзал азаматы болып жүре бер демекпіз.
Көшек СӘМЕНОВ.