Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өткенді ұмытпау – білгендік - АРҚА АЖАРЫ

Өткенді ұмытпау – білгендік

Енді ғана баспадан шыққан бұл кітап әр жылдары Ақмола, Көкшетау облыстарының сот жүйесінде қызмет атқарған майдангер судьялардың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертеді. Әр қилы тағдырлар, әр қилы мінез иелері… Бірақ, оларды табыстырған ортақ мақсат, ортақ мүдде жолындағы жанкешті еңбек, судья еңбегі.

 

Осы бір түсінген жанға өте ауыр әрі жауапты қызметте қара қылды қақ жарған тура бидей өздерінің азаматтық ар-ожданын, сот абыройын биік ұстап өткен бұл тұлғалардың жан-дүниесі, болмыс-бітіміне қаныққан сайын көкірегіңізде әрқайсысына деген ерекше бір ризашылық сезімі ұялайтыны анық.
Бұл азаматтар еліміз үшін небір қиын-қыстау кезеңдерде өздері қалаған еңбек жолдарына адал болған, оған қоса, бәрі де Ұлы Отан соғысының қанды қасап жолдарынан өтіп, зұлым жауға қарсы шайқаста ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен нағыз аға ұрпақ өкілдері. Шынын айту керек, арада жылжып өткен жылдар, бірінен-бірі алшақтай түскен уақыт кеңістігі өзіміз еске алып, өзіміз жадымызға тоқуға ұмтылмасақ, көп нәрсені ұмыттыра береді. Сөйтіп, қанша жерден өмірде қалдырған іздері жарқын болсын, кейінгі ұрпақ, кейінгі толқын бұл кісілерді жете білмейді. Ал, білуі үшін осынау ардақтыларымыздың аяулы есімдері, өнегелі өмір және еңбек жолдары жылдар керуенімен көмескіленіп қалмай, біздің елеп-ескеруіміз, біздің мән беруіміз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жете түсуі тиіс.   
Осы тұрғыдан алғанда, сот жүйесінде есімі құрметпен аталатын отставкадағы судья Мейрам Ғибаділовтың мұрағаттардағы талай құжаттарды ақтарып, талай адамдармен кездесіп, ерінбей-жалықпай екі облыстың майдангер судьялары туралы деректер жинаған, сөйтіп, осы кітапты жазып шыққан қыруар еңбегіне шынайы алғысымызды білдіруіміз керек. Осы орайда, бұл дүниелердің Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында және одан кейін де баспасөз беттерінде үзбей жария-ланып, оқырмандар тарапынан үлкен қызығушылық туғызғанын да атап өткен жөн. Кітап беттерінен бір-бір көне сурет, өшпес бейне болып, бізге ізетпен қарап тұрған бұл асыл ағаларымыздың қай-қайсысы да күні кеше  елі үшін ештеңеден тайынбаған сот жүйесінің шоқтығы биік ерен қайраткерлері. Олар кәсіби парыздарына адалдығымен, Отанына шексіз сүйіспеншілігімен, әрқашан әділдікті ту етіп, қара қылды қақ жаруларымен қазір де біздің сот қызметкерлеріне түзу бағыт-бағдар беріп тұрғандай.  Осы кітапты қолына алып, зейін қоя танысып шыққан әрбір жан ел мүддесі, ауыртпалығы мол судьялық қызмет дегенде бұл ардагерлеріміздің қандай жауапкершілік сезімде болғандығын, қандай биік белестерден көрінгендігін жете аңғара түседі деген ойдамыз. Ал, бұған осы бір ардақты жандардың қан майдандағы өшпес ерліктерін қоссақ, әр кейіпкердің азаматтық болмыс-бітімі одан бетер тұлғана түспекші.
Осы ретте, соңғы жылдары Ақмола облыстық сотында өткен тарихымызды ұлықтау, сот жүйесі қызметкерлерін кешегі дана да дара билеріміздің үлгі-өнегесі, аталы сөздерінің негізінде тәрбиелеп, шыңдау тұрғысында көп жұмыстар атқарылып келе жатқандығын, соның айғағындай, билер мұражайының да ашылғандығын ерекше айта кетуіміз керек. Мұның өзі Елбасының бастамасымен қолға алына түскен сот жүйесін ізгілендіру, оның әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету бағытындағы реформалық жұмыстарға оң ықпалын тигізе түсері сөзсіз. Ендеше, қолымызға тиген осы бір кәделі жинақты сол игі істердің бүгінгі, ертеңгі ұрпақтарға керек заңды бір жалғасы деп қабылдаймыз. Әрі осы сауапты іске бас-көз болып, жанашырлық танытқан облыстық сот басшылығына ризашылығымызды білдіреміз.  
Осы бір көпшілік көңілінен шыққан жақсы бастама басқа орталарда да жалғасын тауып, бүгінде арамызда жоқ ардагерлеріміз ескеріліп жатса, ешкім бұған қой демесі анық. Ендеше, кешегі күні заңдылықтың алғы шебінде тұрып, еліне қалтқысыз қызмет еткен судьялар аруағы риза болатын бұл ізденісті іс басқаларға да жұғысты болса, артықтығы жоқ.         

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар