Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүректегі сағыныш алып барды әкеге - АРҚА АЖАРЫ

Жүректегі сағыныш алып барды әкеге

Ұлы Отан соғысындағы жеңіске де жетпіс жылдан астам уақыт өтіпті. Десекте, сол соғыс салған жарақаттың зардабы әлі күнге дейін толық жазылған жоқ.

Әкесі соғысқа кеткенде бес жастағы сәби болған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Жаңаболат Әбілпейісов әкенің аялы алақанын сезбей өсті. Өйткені, әкесі Зияда Әбілпейісов 1943 жылы Украинада болған қанды шайқаста қаза тапқан еді. Жауынгер Зияда Әбілпейісовтың ерлікпен қаза тапқаны жөніндегі қара қағазды отбасы 1943 жылдың күзінде алған. Ол Чернигов қаласы маңында болған ауыр шайқаста қаза тапқан екен. Жетім қалған жалғыз ұл мен жесір ана соғыс біткеннен  кейін де қаза тапқан жауынгердің қабіріне бара алмады. Жылдар жылжып өте берді. Анасы Қалия жалғыз ұлы Жаңаболатты қанаттыға қақтырмай, мәпелеп өсірді. Елден қалмай жоғары білім алды. Ол отыз жылға жуық бұрынғы Көкшетау облысы Чкалов ауданының «Тихоокеан» кеңшарын басқарды. Отбасын құрып, ел қатарлы жақсы тірлік кешті. Бәрі де жеткілікті десе де, көңілін үнемі алаңдататын бір нәрсе болған, ол әкесінің қабіріне барып зиярат ету, бір уыс топырағын туған жерге әкелу еді. Дегенмен, бітпейтін шаруалар бұл арманының орындалуына үнемі кедергі келтіріп жүрді.
Міне, сол арманы биыл жазда орындалды. Жаңаболат ақсақал жанына немересі Мәлікті және мені ертіп алыстағы Украинаға сапар шектік. Киевке дейін ұшақпен жеткен біз одан әрі Чернигов қаласына пойызбен бардық. Жауынгер атамыз қаза тапқан Черныш селосы қаладан біраз жер екен. Облыстық телеканалдың журналистері көмектесіп, жолбасшы болды. Сөйтіп, біз Черныш селосына келіп жеттік. Мыңдаған шақырым жер жүріп, әкесінің зиратына зиярат ете келген ақсақалдың әрекеті жергілікті тұрғындарды қайран қалдырды. Әкеге деген құрметі мен сүйіспеншілігі сүйсіндірді. Атамыз
Зияда Әбілпейісов Черныш селосы үшін болған қанды шайқаста ерлікпен қаза тауыпты. Сол ерлігі үшін оған «Ерлігі үшін» медалі берілген екен. Бауырластар зираты қоршалып, сәулетті безендірілген. Бұдан жергілікті тұрғындардың Отан үшін қан кешкен майдангерлерге деген үлкен құрметін анық сезінгендей болдық. Бұл жөнінде Черныш селолық округінің старостасы Владимир Краснопильский де ақтарыла айтып берді. Ол өз сөзінде Украина жерін азат етуге қатысқан сан түрлі ұлт өкілдерінен тұратын кеңес жауынгерлерінің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты. Жаңаболат ақсақал әкесінің зиратына гүл шоқтарын қойып, дұға бағыштады. Сексеннен асқан атамыз көзіне жас алып, қатты толқыды.
Черныш селосының музейінде болып, Отан соғысына арналған мұрағаттармен танысқан соң Жаңаболат ақсақал музейге қазақтың оюлы шапанын сыйға тартты. Бізді мұрағаттармен таныстырған мектептің кітапханашысы Людмила Поличенко «сіздер бақыттысыздар, елдеріңіз тыныш, тату-тәтті тірлік кешіп жатсыздар» деп қалды әңгімесінің бір тұсында. Черныш селосынан іргедегі Донбасстан атылған зеңбіректің үні естіліп тұрады екен. Украина жеріндегі соғыс зардабының әлі толық жойылмағанын ойлап, іштей қынжылып қалдық. Сөйтіп, ұзақ жылдардан кейін ойына алған арманы орындалып, майданда қаза тапқан әкесінің зиратына зиярат еткен Жаңаболат ақсақалмен бірге ұшаққа отырып, туған жерге
бет алдық.

Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ.
Көкшетау-Киев-Чернигов-Көкшетау.

Суреттерде: көкшелік жауынгер
Зияда Әбілпейісовтың аты-жөні тақтадағы тізімде алтыншы болып тұр; Жаңаболат Әбілпейісов және мақала авторы украиналық азаматтармен бірге бауырластар зиратында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар