Ақмола облыстық балалар ауруханасында республикалық денсаулық сақтау саласын дамыту орталығының өкілі Ақмарал Арзуованың қатысуымен медицина қызметкерлерін қазақстандық ұлттық дәрілік формулярмен таныстыруға арналған семинар өтті.
Бұған дейін пилотты режимде жұмыс істеп келе жатқан ұлттық дәрілік формуляр ресми түрде енді ғана бекітілді. Осы орайда, еліміздің барлық аймақтарында медициналық қызметкерлерге аталмыш құжатты түсіндіру мақсатында семинарлар өткізілуде.
– Қазақстан ТМД елдері арасында мұндай ақпараттық ресурсты іске қосқан алғашқы мемлекеттердің бірі болып отыр. Қазақстанда ұлттық дәрілік формулярды жасақтау барысында фармакотерапия саласындағы озық әлемдік тәжірибе басшылыққа алынды, – дейді Ұлттық дәрілік формулярдың редакторы Ақмарал Арзуова. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр дәрілік көмектің азаматтардың әлеуметтік жағдайы мен табысына қарамастан, бәріне бірдей қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Себебі, мұнда дәрі-дәрмектердің шекті бағалары көрсетіліп отырады. Формуляр жүйелі түрде жаңартылып отыратындықтан, медициналық қызметкерлерге де дәрі-дәрмек түрлері, оларды қолдану тәжірибесі туралы жаңа мағлұматтар алып, фармацевтика саласындағы білімін жетілдіріп отыруға мүмкіндік беріледі.
Ұлттық формулярды жұртшылық www.knf.kz сайты арқылы қазақ және орыс тілдерінде көріп, таныса алады. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған жүйенің негізінде жасалып отыр. Дәрі-дәрмектер туралы барлық ақпарат-мағлұматтар бір бетке жинақталған екен. Кері байланыс жүйесі арқылы сайтты қолданушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын қалдыра алады. Жоба дәрілердің сапасы, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі мәселелерін шешу мақсатында 2015 жылдың соңында қолға алынған болатын. Оған Қазақстан
Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті ұйытқы болған. Аталмыш құжатты жасақтауға шетелдердің де дәрігерлері мен фармакологтары шақырылған.
Аталмыш дәрілік орталық 2009 жылы ашылған. Бүгінде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында түрлі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Семинар барысында ол қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды енгізудің өзекті мәселелері мен дәрі-дәрмектердің халыққа қолжетімділігін кеңінен айтып берді. Сондай-ақ, дәрі жазып беретін дәрігерлердің де ем жүргізу кезінде науқастардың дәрі-дәрмектерді дұрыс қолдануларын түсіндіріп отырулары қажет екендігін ескертті. Бұл дәрілердің өзара реакциясы кезінде бір-біріне кері әсері болатын препараттарды қолдануда абай болу үшін керек.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.