Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен өткен отырыста білім, денсаулық сақтау, мәдениет, ішкі саясат, дене тәрбиесі және спорт, жастар саясаты салалары бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар сараланып, алдағы міндеттер белгіленді.
Мәжілісте алдымен сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова өз саласындағы істің бүгінгі жайын бүкпесіз баяндап берді. Облыста 593 мектеп бар, онда 117142 бала білім алуда. Өткен оқу жылымен салыстырғанда оқушылар саны 5 мыңға артқан. Биылғы елеулі жаңалық он екі жылдық білім беру жүйесінің енгізілуі болып отыр. Бірінші сынып оқушылары да жаңа жүйе бойынша білім алуда. Жыл са-йын оқулықпен қамтамасыз ету жайы балаларды да, ата-аналарды да қинап келген еді. Биыл ол түбегейлі шешімін тапқан. Басқарма басшысының есебіне байланысты облыс әкімінің орынбасары бірқатар жайларға тоқталды. Соның бірі – балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз ету мәселесі. Рас, балабақшалар салынып, бұл саладағы жұмыстар біршама алға жылжуда. Десек те, Елбасының тапсырмасына орай, Ақмола облысында жыл соңында бүлдіршіндердің балабақшалармен қамтылу көрсеткіші 94,5 пайыз болуы тиіс. Кейбір аудандардағы көрсеткіштің төмендігі белгіленген межеден көріне алмау қаупін туғызып отыр. Сондықтан, аудандарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті жете қолға алу керек.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева өз сөзінде елімізде енгізілетін мемлекеттік медициналық сақтандыруға тоқталды. 2017 жылдың шілдесінен бастап мекемелер мен ұйымдар өз қызметкерлері үшін медициналық сақтандыру жарналарын төлей бастамақшы. Ал, азаматтарға сақтандыру қаржысы негізінде емдеу қызметін көрсету 2018 жылдың қаңтарынан басталады. Бұл бағытта жергілікті жерлерде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселе – мамандармен қамтамасыз ету жайы. Қазіргі күні облыс бойынша 150 дәрігер жетіспейді. Бұл қиындықтан шығу үшін облыс әкімінің тапсырмасымен жыл сайын медициналық жоғары оқу орындарына облыстан 100 мектеп түлегін оқыту жобасы қолға алынған еді. Дегенмен, осынау маңызды тапсырма барлық аудандарда бірдей орындалып отырған жоқ.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, бүгінгі күні облыста 378 кітапхана мен 292 клуб бар. Биылғы жылы жаңадан 4 клуб ашылған. Бұл – жеткіліксіз. Көп ауылдарда мәдениет үйі немесе клуб атымен жоқ. Көптеген кітапханалар телефондандырылмаған. Ал, компьютерлендіру көрсеткіші 60 пайыздың көлемінде. 17 клуб апатты жағдайда болса, 62 клуб жылытылмайды. Мәжілісте әсіресе, осы жағына үлкен алаңдаушылық білдірілді.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айна Мысырәлімова облыстағы қоғамдық-саяси жағдай жөнінде баяндай келе, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде өңірде тұрақтылықтың сақталып отырғандығын тілге тиек етті.
Осы орайда, облыс әкімі орынбасарының басшылардың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған сын материалдарға да мән беріп отырулары керектігін атап көрсетуі құптарлық.
Облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшысының орынбасары Әсет Үкібаев салауатты өмір салты мен спортты серік еткендер қатары жыл санап өсіп келе жатқанын жеткізді. Бүгінгі күні облыста 184224 адам дене тәрбиесімен айналысады. Алайда, жергілікті әкімдіктердің немқұрайлылығынан, бірқатар
аудандарда спорт жөніндегі нұсқаушы штаты енгізілмеуде.
Облыстық жастар саясаты бас-қармасының басшысы Ринат Галлямов бірқатар аудандардың жастарға арналған шаралар өткізу үшін бір тиын ақша бөлмейтінін қынжыла баяндап, осы ретте, кейбір шешімін күтетін мәселелерге назар аударды.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов басқармалар басшыларының алдына мүмкіндігінше орын алып отырған олқылықтарды жойып, тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерекесіне неғұрлым тың жетістіктермен келуді міндет етіп қойды.
Қалкөз ЖҮСІП.