Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нағыз жүрек жылуы - АРҚА АЖАРЫ

Нағыз жүрек жылуы

Көкшетау қалалық модельдік балалар және жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ризашылық, мейірім –  балаға» атты акция болып өтті. Аталмыш акция Қазақстан халқы Ассамблеясының «Шын жүректен» телемарафонының аясында өткізілді.

Қазақ халқына қайырымдылық, жомарттық, бауырмалдық, қамқорлық сияқты ізгі қасиеттер тән.  Десек те, қым-қуат тіршіліктің құрсауынан шыға алмай, кей кезде қоғамда болып жатқан мәселелерге, тіпті, жанымызда жүрген жандарға да көңіл бөле бермейтініміз бар. Өмірдің өкпек желінде қалған балаларға арналған осындай ізгі шара барысында мүмкіндігі шектеулі қамкөңіл балалардың өнерлерін көріп сүйсінесің, тәнті боласың.
Аталмыш акцияда алғашқылардың бірі болып Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова сөз сөйлеп, жиналғандарға жылы лебізін білдірді. Ал, әзірбайжан этно-мәдени орталығының мүшесі Земфира Нафрузова Көкшетау қаласындағы психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған медициналық әлеуметтік мекемесі мен «Аялау» орталығының  20 тәрбиеленушісіне базарлық таратты.
Облыс орталығындағы «Аялау» орталығының қоғамдық қызметкері Эльмира Сайфуддинова өз шәкірттерінің қолөнер бұйымдарын көрсетіп, көптің көңілінен шықты. Аталмыш орталықтың атынан қатысқан Зарина Болатова, Әсемгүл Нұрқанова, Аягөз Құсайынова, Аласан Сүйімбаевтардың бірі тамылжыта ән салса, енді бірі мың бұрала билеп, өнерлерімен жұртшылықты тәнті етті. Моншақ өріп, кесте тіккенде алдына жан салмайтын Әсемгүлдің шеберлігі де көпті тамсантты. Талабы мол жас өрендердің арасында Зарина Болатованы ерекше атап өтуге болады. Зарина 2014 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында әлемнің 32 мемлекеті қатысқан «Special Olimpic» атты теннистен өткен дүбірлі додада оза шауып, топ жарып, жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған.      
Акцияға қатысқан Көкшетау қаласындағы психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған медициналық әлеуметтік мекеменің әдіскері Орынтай Қасенова, мекеменің жұмысын қысқаша баяндап, өзімен бірге келген балалардың өнерлерін ортаға салды.  Степан Адлер, Кирилл Мороз, Нұрнәби Серік есімді  балалар  ән шырқады.  Мүгедектер арбасына таңылған Салтанат Серікбаева мен
Хамидолла Құсайынов, «Қазақстан» деген әнді тамаша орындап берді. «Жасасын туған еліміз!», «Елімді сүйемін!» деп, мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, тілі келмей жатса да әр сөзін жүрекпен  жеткізуге тырысқан талабы таудай балаларға қарап көңілің толқиды. Жүректері елім деп соққан осындай балаларды көргенде, олардың өмірге деген құлшынысына сүйсінесің.    
Аталмыш шараға Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Баян Құлмағанбетова бастаған 4 сынып оқушылары қатысып, өз сый-сияпаттарын таратты. Мұқтаждың мұңы тыңдалатын, жомарт жандардың мәрттігі байқалатын, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық танытып, оларға базарлық сыйлаған адамдардың жүрек жылуы сезілетін осындай шараның берері мол.
Қазақта «Бір қолыңның бергенін, екінші қолың білмесін» деген тәмсіл бар. Десек те, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей осындай игі шара онан әрі жалғасын тапсын деп тілейміз.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар