Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасында жаңа маусым басталды - АРҚА АЖАРЫ

«Қазақстан-Көкшетау» телеарнасында жаңа маусым басталды

Астаналық  облыста ресми түрде тіркелген жүзден астам  ақпарат құралдары бар. Ақпарат ғасыры аталған қазіргі күні жұртшылыққа жедел және шынайы хабар тарату маңызы зор міндет. Осы орайда, облыста тіркеліп, жұмыс істеп жатқан БАҚ-тардың бәрі өздеріне жүктелген ауыр да жауапты міндетті хал-қадерлерінше атқарып келеді. Міне, сондай жоғары бәсекелестік қалыптасқан ақпарат кеңістігінде «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының алар орны ерекше. Ол  Ақмоланың өңір ажарын ашқан айшықты да бірден-бір жалғыз телеарнасы, елдің тыныс-тіршілігін халыққа жедел жеткізіп, бұқара мен биліктің арасын жалғаған алтын көпірі. 

Сондықтан, қалың көрерменнің бұл телеарнадан күтері де көп. Бүгін мұнда нендей шаруалар атқарылып жатыр деген мәселелер төңірегінде тілшіміз «Қазақстан РТРК» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры, Халықаралық телевизия және радио академиясының мүшесі  Арсений Кеңесұлы Дүйсеновпен әңгімелескен еді.

 

– Ертеректе Көкшетау қаласы мен оның төңірегіне ғана таратылып, кейінірек жаңа құрылғылар сатып алынып, облыстың біраз өңірлерін қамтитын дәрежеге жеткен облыстық телеарнаның қазіргі хабар тарату аумағы қандай?
– Телеарна үшін ең бастысы, өз хабарын тарату аумағының кеңдігі, оны тамашалайтын жұртшылықтың көптігі екендігі белгілі. Өзіңіз айтып кеткендей, ертеректе тек Көкшетау қаласына ғана таралған телеарна хабарлары кейінірек облыстың біраз аудандарына таралатын болғаны рас. Тәуелсіздік жылдарында талай биіктерге жеткен еліміздің ауыз толтырып айтарлықтай тағы бір жетістігі – ғарышқа өз жасанды серігін ұшыруы. Соның арқасында бүгінде ақпарат тарату саласында біраз жетістіктерге ие болып отырмыз. Солардың бірі ретінде  отандық телеарналарды тарататын  «Отау ТВ» жобасын алуға болады. Сол арқылы қазіргі күні телеарнамыздың хабарларын бүкіл республикамыздың тұрғындары тамашалай алады. Бұл көрермендеріміздің санын көбейтіп қана қоймай, сонымен бірге, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Ендігі арада көкірегі ояу, көзі қарақты көпшіліктің көкейінен шығатын мазмұны мен тақырыбы келіскен тартымды хабарлар шығаруға жете назар аударудамыз. Биылғы жаңа маусымда арнамызда біраз жаңалықтар мен өзгерістер болады деп күтілуде.
– Енді сол өзгерістер жайлы толығырақ айтып кетсеңіз.
– Көзі қарақты көрермен бұған дейін тамашаламаған жаңа  хабарларға көзайым бола алады. Биылғы жылдың  1 қыркүйегінде жаңа телевизиялық маусымның шымылдығын жаңаша
сипатта аштық. «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының эфирінен енді отызға жуық хабар шығатын болады.  Шығармашылық кеңестің шешімімен биылғы маусымда
9 жаңа жоба іске қосылды. Сондай-ақ, эфирді безендіруде де біраз істер тындырылды. Жылтетпелер, аңдатпалар, хабарлардың атаулары толықтай жаңартылды. Жаңа хабарларымыз мазмұны жағынан байып, көрермен көкейінде жүрген өзекті мәселелер мен тартымды тақырыптарды қаузайтын тың бағдар ұстануымен ерекшеленеді.
– Жаңа жобалардың мазмұны, қашан, қай уақытта эфирге шығатыны жайлы нақтырақ айтсаңыз.
– Ең алдымен, сөзімді «Аймақ ақпарат» деп аталатын жаңалықтар топтамасынан бастайын. Бұл жаңалықтар топтамасы күніне бес рет шығады. Өн бойына ең өзекті ақпараттар мен жаңалықтарды,  мәдени, спорттық оқиғаларды арқау еткен оны осы жаңалықтар қызметінен көруге болады.  «Аймақ ақпарат» аптаның дүйсенбісі мен жұмасы аралығында сағат 13:30, 18:00, 20:00, 21:00, 23:00-де эфирге шығады.
Сонымен бірге, көрермендер  «Өңір өрнегі» жобасын көріп, көзайым болмақ.  Бір жеті ішінде болған, ерекше өрнектелген айшықты ақпаратты сенбі мен жексенбінің кешінде сағат 19:00-де осы бір апталық қорытындыдан тамашалауға мүмкіндік бар. Бұл хабарды жас қабілетті журналисіміз  Қорғанбек Көпей жүргізбекші. «Өзекті әңгіме» деген хабарымыздың аты айтып тұрғандай,  мемлекеттік бағдарлама, серпінді жобалар мен түйінді мәселелер төңірегінде белгілі бір тақырып таңдалып алынып, сол тақырыпқа орай  саланың жетекшісі, не білікті маманы студияға шақырылады. Хабар барысында жүргізуші тақырып төңірегінде өзекті деген сұрақтарды қойып, жауап алады. Эфирге шығу уақыты:  дүйсенбі, бейсенбі күндері сағат 18:30-да және 21:40-та. Бұл хабарды жас қарымды журналисіміз Раушан Сайлау жүргізеді.
Жаңа жобаларымыздың бірі – «Ойұшқын» бағдарламасы. Қоғамдағы өзекті мәселелерді сарапшылармен бірге талқылауға арналған бағдарламадан көпшілік көкейде жүрген түйткілді мәселелер жайында толымды ақпарат алатын болады. Ол жергілікті театрдың ғимаратында ТТСС-мен түсіріледі. Бейсенбі күні сағат 12:35-те, сәрсенбіде сағат 21:40-та эфирге шығады. Хабарды тәжірибелі журналист Гүлнәр Бекенова жүргізеді.
Аграрлы аймақ саналатын облысымыздың елді мекендерінің тыныс-тіршілігін тілге тиек еткен «Ауыл тынысы» хабары да көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамыз. Одан ауылдағы қордаланған проблемалар мен жүзеге асырылып жатқан игі істер жайында толымды ақпарат алуға болады.  Эфирге шығатын уақыты: сейсенбі күні сағат 19:15, 20:35-те, сәрсенбі күні сағат 13:15-те.  
Білімді жастарды қолдау және көпшілікке таныстыруды мақсат еткен «Жаңа толқын» бағдарламасының да берері мол деген үміттеміз. Өйткені, облысымызда дарынды жастар аз емес, ал, олардың жақсы істерін, жетістіктерін жұртшылыққа жеткізудің маңызы аз болмаса керек. Бұл бағдарлама эфирге сәрсенбі күні сағат 19:15, 20:35-те, бейсенбі күні сағат 13:15-те шығады.
Сонымен бірге, «Жыр ғұмыр», «Полиглот», орыс тіліндегі «Народный вопрос», «Рухани мұра», «Пәрменді пікір» деген хабарларымызды да жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. Бұл жаңа жобаларымыз көрермен көңілінен шығады деген сенімдеміз.
Сондай-ақ, эфирге шыққан хабарлардың мәтінін көрермен «kokshetautv.kz» сайтынан да оқи алады. Бұдан бөлек, «Facebook», «В Контакте» әлеуметтік желілерінде арнамыздың парақшалары бар екендігін еске саламыз.
– Мазмұнды әңгімеңізге рахмет. Істеріңізге сәттілік тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Қалкөз ЖҮСІП.

Суреттерде: телеарна директоры
Арсений Дүйсенов; монтаж цехында, ортада тәжірибелі журналист Қалымбек МҰХАМЕДЖАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар