Торғай ауылдық округінің аумағындағы Кедей өзенінің сағасында орналасқан Подхоз учаскесінде биыл қазақтың ақбас тұқымды етті ірі қара малын өсіруге арналған қанат қақты жоба қолға алынды.
Бастаманың иесі – «Сезім-Ер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Айдарәли Ералы.
Қазіргідей нарық заманында өз кәсібін ашып, оны дамыту екінің бірінің қолынан келмейтін қиын шаруа. Ісің табысты болсын десең, шаруаның жолын тауып, нарықта сұранысқа ие жұмысты қолға алу қажет. Осы орайда, кәсіпкер жігіттің етті мал бағытындағы ірі қара фермасын құру жобасы жақсы табыс түсіретін іс екендігін атап өткен жөн. Бұндай қадамға ол рыноктағы сұранысты зерттеп, зерделеген соң ғана барған. Сөйтіп, ол жинаған азын-аулақ қаржысына малды қыста күтетін жайлы қора салып алды. Сиыр қорасының ішкі жағдайына көңіл толады. Еденіне тақтай төселген жылы қорада барлық жай қарастырылған. Шөп салатын қорапша пішінді оттық, әр сиырды мойнынан байлап қоятын шынжыр арқан бар. Малды суаруға арналған электр мотормен жұмыс істейтін ұңғыма да орнатылған.
Айдарәли Ералының ұйымдастыруымен іске кіріскен құрылысшылар мен ағаш шеберлері Ершат Жекенбайдың, Ерлан Шынтаевтың барлық жұмысты сапалы, ұқыпты тиянақтағаны көзге анық көрініп тұр. Қайда қарасаң да жинақылық пен ұқыптылықтың ізі байқалады.
Кәсіпкердің ақ бас тұқымды екі бұқа қосылған жүз бастан құралған мал табыны салқын түскенше жайлауда ұсталатын болады. Оны ерлі-зайыпты Әбдірәшит пен Кәмила Жекенбай бағып жүр. Қысқы кезеңге әзірше дөңгелектеп буылған 100 тонна шөп маяға үйіліпті. Мал азығы қорын жергілікті шөпшілерден сатып алу арқылы әлі де толықтырамыз дейді серіктестік басшысы. Айдарәли келешекте малды өз төлінен өсіре отырып, ет тұқымды түлік санын екі жүзге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ферманы кеңейту, мал басын көбейту, дайын өнімді өткізу – мұның бәрі істі оңтайлы ұйымдастыра білуді қажет ететін күрделі шаруа. Үлкен істі қолына алған Айдарәли дегенмен, ондай қиындықтардан қорқа қоймайды. Қостанай гуманитарлық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді кәсіпкерде кәсібін дамытуға қажетті білім де, біліктілік те жетеді. Келіншегі Тамара «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамының есепшісі қызметінде. Ерлі-зайыптылар бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
Өңірімізге жаңадан қадам басқан инвестордың адал ниетті жандармен ынтымақтас әріптес бола жүріп, қарапайым еңбегімен округ тұрмысын оңалтуға, аудан экономикасын нығайтуға, тұтынушыны экологиялық таза, табиғи өніммен қамтамасыз етуге деген ұмтылысы қуантады. Қазіргі бастамасынан ойға алған үлкен шаруаларын толық жүзеге асыратыны анық байқалғандай. Ендеше, іске сәт дейміз.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Ерейментау ауданы.