Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Баланы көкқұтан әкеле ме?.. - АРҚА АЖАРЫ

Баланы көкқұтан әкеле ме?..

Жуырда Тоқтар Екпін деген досым кішкентайлы болды. Қазақ халқы «қайғыны бөліссе – азаяды, қуанышты бөліссе – көбейеді» дейді. Досымның қуанышын бөлісейін деп сәби мен келінді перзентханадан шығаратын күні бірге болдым.

Өнер мен өлеңге жақын досымның бұл қуанышына Көкшетау қаласындағы әнші, күйші, ақындардың біразы жиналып, думандатып жатыр екен. Амандық-саулық біліскен соң досымды іздедім. Сөйтсем, ол перзентхананың ішінде бір құшақ гүл алып, әйелі мен баласын күтіп тұр екен. Әдеттегідей құттықтап, мәз-мейрам көңіл-күйде сәбиді шығаратын есікке телміріп ананы бір, мынаны бір әңгіме қылып тұрдық. Келінді шығарады дегеніне екі сағаттан асты, әлі жоқ. Іш пысып, сабыр сарқылса да күтіп отырмыз.
Досым ұлтжанды жігіт болғандықтан, перзентханадан нәрестені шығарушылардың суретке түсіріп, бейнебаян жасап беретін агенттігіне наразылығын жасырмады.
–  Мыналарың орыс болып кеткен бе, тегі. Кеше осы жердің көмегіне жүгініп, келіншегім мен сәбиімді перзентханадан шығарардағы бейнебаянын дайындап берсеңіздер деп едім, оның бұрынғы үлгілерін көрсетті. Ішіне баланы көкқұтан деген құстың жаялыққа орап алып келетін орыстың ертегісін қосып қойыпты. Құдайдың беріп, тоғыз ай күтіп көрген қызығымызды көкқұтан әкелді деп күнәға батпайын дедім де, «қой, айналайын, сендерсіз-ақ, бейнебаянымды түсіртем» деп достарымды шақырттым, – деді.
Шынымен де солай екен. Қабырғадағы суреттерде шетелдің мультфильмдерінің, орыстың ертегілерінің кейіпкерлері бейнеленген. Ұлттық болмысымыздан соншалықты алыс, жат.  «У меня родился сын!», «Я стал папой!», «У меня есть дочь!» деген сыңайлы жазулар.
Бұлардың қазақшасы жоқ па деп агенттіктеріне мен де кірдім. Бар екен. Қалаған адамға бейнебаянды қазақ тілінде де жасап береді. Қазақтың эстрадалық әндерімен әрлеп, тартымды қылып дайындайтыны көрініп тұр. Бірақ, мұнда да жаңағы ертегідегі жаялыққа орап, өз балаңды өзіңе алып келетін көкқұтанның бейнебаяны жазылған. Тіпті, суретке түсетін жерде де көкқұтанның бейнесі тұр. Ал, бейнебаян салынған дисктің сыртындағы қазақша жазулардағы қатеден көз сүрінеді.
Баламыз қазақша былдырлап тілі шығып, апыл-тұпыл басып, ес біле бастаған кезде «Мынау перзентханадан шығарып жатқан жөргектегі сәби сенсің. Сені бізге осындай көкқұтан алып келген» деп осы бейнебаянды көрсетіп отырамыз ба? Баланы берген Құдай қайда қалды?!
Ұрпағымызды бізден бұрын өзге елдің ертегісі тәрбиелеп жатыр. Туа сала ұлттық болмысымызға қайшы шет жұрттың ертегісімен алдаймыз да, жастарымыз тілін, дінін, ұлтын менсінбейді деп ренжиміз. Қателіктің көбі осы өзімізден, ересектерден емес пе?..  

Мерген ТОҚСАНБАЙ,
    ақын, журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар