Соғыс атаулының не екенін, оның зардаптары жайлы бізден, ардагерлерден артық ешкім білмейді деп ойлаймын. Және білмей-ақ та қойсын. Біздің ұрпақ өте ауыр кезеңге тап болса да, соның бәрін абыроймен жеңіп шықты. Қаншама азаматтар Отан үшін жандарын пида етті.
Майданға аттанғанда мен небары 18-19 жаста едім. Мені 1941 жылдың желтоқсан айында әскерге шақырып, Омбыдағы 282-ші атқыштар дивизиясына қосты. Содан 1942 жылы Солтүстік Батыс майданына түстім. Талай рет жараланып,
госпитальде жаттым. Емделген соң соғысқа қайта аттандым. Литва, Латвияны азат етуге қатысып, Ұлы Жеңіс күнін Шығыс Пруссияда қарсы алдық.
Қазір соғыс жайлы әңгіме ретінде ғана айтып отырғанымызбен, сол кезде жаумен күресу ешкімге де оңай тиген жоқ. Төрт жылға созылған қан майданның әр күні азаппен өтетін. Жолдастарыңның оққа ұшқанын көруден асқан қиямет бар ма, шіркін. Әсіресе, соғыстың алғашқы жылдарында біздің әскерге өте ауыр болды. Қолымызға дұрыс қару-жарақ тимей, Ленинградтың жерлері батпақты болғандықтан, азық-түлік уақытында жеткізілмей, жұмалап аш құрсақ жүрген күндеріміз есімде. Қыстыгүндері жерден картоптың қалдықтарын қазып алып жейтінбіз.
Еңбегіміз еленіп, құрметке бөленіп келеміз. Сол үшін халқыма үлкен рахметімді айтамын. «Ерлігі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысының орденімен марапатталдым. Жолдасым екеуіміз 7 ұл, 2 қыз бала тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде осы балапандарымнан 28 немере, 27 шөбере көріп отырмын. Құдайға шүкір, қазір жеке мемлекет болдық. Ешкімге тәуелді емеспіз. Ендігі кезекте кейінгі ұрпаққа айтарым, біздің жасаған ерліктерімізді зерттеп, содан үлгі алып, қашанда Отанды қорғауға мүдделі болыңдар, халықтың игілігі үшін аянбай еңбек етіңдер! Еліміздің ертеңі, болашағы – сендерсіңдер жастар. Әсіресе, елдің қорғаны, арқа сүйер тірегі – ер-азаматтар. Әрқайсыларыңның алдында Отан қорғау секілді жауапты міндет тұр. Істерің оң, жолдарың ашық болғай.
Тұрабай ЕРЕЖЕПОВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері.
Көкшетау қаласы.