Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Арнайы және инклюзивті білім беруде есту қабілеті төмен балалардың қарым-қатынасын қалыптастырудың әдіс-тәсілдері мен жолдары» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Аталмыш конференция Көкшетау қаласындағы №4 облыстық есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының бастамасымен және Қазақстан
Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, облыстық білім басқармасының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Ақмола облыстық филиалының мұрындық болуымен өтті. Конференцияның пленарлық мәжілісін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева ашып, жүргізіп отырды.
Заманауи коррекциялық педагогиканың тенденцияларын есепке ала отырып, есту қабілеттері нашар балалардың диалогтік қарым-қатынастарын дамытудың өзекті мәселелерін шешу мақсатында ұйымдастырылған іс-шараның ашылуында «Жұлдызай-2016» республикалық балалар байқауының бас жүлдегері атанған «Шұғыла» би тобы өнер көрсетті.
– Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі – инклюзивті білім беру жүйесін дамыту. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалар сапалы білім алуға құқылы. Бұл – Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында көрсетілген. Ағымдағы жылдың тоғыз айының мәліметтеріне сүйенетін болсақ,
облыста мүмкіндігі шектеулі 4370 бала тіркелген, олардың 2273-і мүгедектер санатына жатады. Тағдырдың жазуымен кембағал жандар қатарына енген осы 4370 баланың 104-інің есту қабілеті бұзылған, 1462-інде сөйлеу қабілеті дамымаған, – деді негізгі баяндаманы жасаған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ольга Ковалева.
Облыста балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру, олардың оқу түрлерін анықтау, коррекциялық және әлеуметтік оңалту тұрғысында жұмыс жасау, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарымен кеңесу бағытында 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес, 12 психологиялық-педагогикалық кабинет, балабақшалар жанында 2 коррекциялық және инклюзивті білім беру кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста психологиялық дамуы кешеуілдеген және бұзылыстары бар, есту және сөйлеу қабілеттері нашар балаларға арналған 4 арнайы түзету мектеп-интернаты жұмыс істейді. Оған қоса, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға да арналған 1 аралас құрамды балалар үйі іске қосылған.
Білім басқармасы мамандарының айтуынша, облыстағы 47 мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ерекше қажеттіліктерді керек ететін балаларға білім және тәрбие беруде арнайы жағдайлар жасалған. Облыстағы 578 мектептің 173-інің инклюзивті білім беруге мүмкіндігі бар. Жалпы білім беретін мектептерде 62 логопедтік пункт іске қосылған. Оларда 42 логопед, 22 дефектолог қызмет көрсетуде. 28 мектепте коррекциялық оқыту-дамыту сыныптары бар, инклюзивті білім беруді енгізу мақсатында тағы да 19 тірек мектебі анықталып отыр.
Қазіргі таңда есту қабілеттері нашар инклюзивтендірілген, балаларды жалпы білім беретін мекемелерде оқыту мен тәрбиелеу үдерістері кеңейе түсуде. Өздері сөйлей алатын, бірақ аграмматизм мен сөйлеу мәнерінде аздаған ақаулары бар балалар жалпы білім беретін мекемелерде білім алады. 2010 жылдан бастап мүгедек балалардың жүріп-тұруына жағдай жасау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Облыстағы 309 мектепте кембағал жандарға арналған пандустар орнатылып, 327 мектепте шығатын есіктер кеңейтілген және 167-сінде есік тұтқалары мүгедектерге арнайы жасалған.
Көп жылдар бойы есту қабілеті бұзылған немесе нашар дамыған балалар арнайы коррекциялық мектептерде білім алып келген еді, былайша айтқанда «еститіндер» әлемінен алшақ болатын. Бұл оқыту түрі оларға қажетті білім беріп, дағды қалыптастыруға көп көмегін тигізгені анық, бірақ, арнайы мектепті аяқтаған соң олардың көбі қоғамға тез үйренісе алмай қиналып, ортаға бейімделіп кетулері үшін біраз уақытты қажет ететін. Бүгінде біздің облыста олардың мектеп бітіргеннен кейін мамандық бойынша білім алулары да тиісті деңгейде қарастырылып, маңызды орынға қойылған. Бұл ретте, олардың техникалық және кәсіби білім алуға мүмкіндіктері бар. Облыстағы екі колледжде, яғни музыкалық колледжде және Көкшетау қаласының №1 құрылыс-техникалық колледжінде тірек қозғалу аппараттары және есту қабілеттері нашар балаларға арнайы жағдайлар жасалған. Мәселен, Көкшетау құрылыс-техникалық колледжінде есту қабілеттері нашар балалар «Аспаз ісі», «Ағаш шебері», сервистік-техникалық колледжінде «Тігінші» мамандығы бойынша білім алады.
Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып, тәрбиелеуде еңбек етіп жүрген мамандар да арнайы курстарға қатысып, білімдерін жетілдіріп отырады. Алайда, биыл енгізіліп жатқан жаңа оқу бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға сабақ беретін мұғалімдер қайта даярлау курстарынан әлі өтпеген.
Осы үдеріске тартылған барлық құрылымдардың әрекеттерін үйлестіру және реттеу мақсатында 2014 жылы облыстық білім басқармасы жанынан инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылыпты.
Пленарлық мәжілісте негізгі баяндамадан кейін сөз алған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Көкшетау қаласындағы филиалының аға оқытушысы Ольга Бурдинская есту қабілеті нашар балаларды оқытуда кездесетін қиындықтар туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің музыкалық-педагогикалық факультеті деканының орынбасары Бибігүл Дүйсенбаеваның «Инклюзивті білім беру – жарқын болашаққа жол» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды. Бұдан әрі Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Юлия Жилова, Ресей Федерациясының Омбы қаласындағы №15 бейімдеу мектеп-интернатының дефектолог мұғалімі Анна Шамонина, Астана қаласындағы «Исток –Аудио Қазақстан» ЖШС директоры, медицина ғылымдарының профессоры Тимур Тапбергенов мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытудың әдіс-тәсілдері, технологиясы жөнінде баяндады.
Екі күнге созылған конференцияда білім беру саласының қызметкерлері әртүрлі бағыт бойынша өз жұмыстарын жалғастырды және Көкшетау қаласындағы №4 облыстық есту және сөйлеу қабілеттері бұзылған балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының сабақтарына қатысты.
Ырысалды ШАМШИЕВА