Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өнерге қызмет еткен киелі орта - АРҚА АЖАРЫ

Өнерге қызмет еткен киелі орта

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы Ақмола облыстық филармониясының құрылғанына 70 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы күнге орайластырып, өнер ордасында бірқатар мерекелік шаралар өткізу жоспарланған. Мәдени шаралар 14 қазан күні  «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау»  атты өңіраралық фестивальмен басталмақшы.

Аталмыш   ұжым  1946  жылдың 7-ші желтоқсанында   еңбекшілер депутаттары кеңесінің Көкшетау облыстық атқару комитетінің «облыстық  концерттік-эстрадалық бюро құру туралы» №33/5  шешімімен  джаз оркестрі мен  қазақ концерттік бригадасының негізінде концерттік-эстрадалық бюросы болып құрылған. Кейін Қазақ КСР мәдениет министрлігінің 1963 жылғы
1 маусымдағы  №152  бұйрығына сәйкес,  «Целинконцерттің Көкшетаудағы бөлімі» болып атауын өзгертті. Ал, 1965 жылғы
1  желтоқсандағы мәдениет басқармасының №91 бұйрығымен  «Көкшетау мемлекеттік облыстық  филармониясы» болып қайта құрылды. Міне, осы кезден бастап облыстық  филармония  дербес  шығармашылық концерттік ұйым болып  жұмыс істеп келеді. Өнер шаңырағының құрылғанына 70 жыл толуына орай өткізілетін бірқатар мәдени шаралардың барысымен таныс-тыруды өтініп,  облыстық филармония директорының орынбасары Людмила Багаповамен арнайы жолығып, сөзге тартқан едік:
– Егеменді еліміздің мерейлі мерекесі мен біздің шығармашылық ұжымның  айтулы датасының тұспа-тұс келуі біз үшін үлкен абырой. Филармония  директоры Нұргүл Шәйкенова осы мәселелерді алға тартып, ұжымның биылғы маусымға дайындығына жете көңіл бөлуде. Өз көрерменімізді жалықтырып алмау үшін бағдарламалардың сан алуан болғанын басты назарда ұстадық. Осы жетпіс жылдың ішінде көптеген шығармашылық ұжымдар, әншілер, дирижерлер қызмет етті. Шығармашылық орта қалыптастырдық. Қазір филармония штатында  195 адам қызмет етеді.  Жеті шығармашылық ұжым табысты жұмыс істеп келеді, әншілер мен солист-аспапшылар қатысатын  музыкалық дәрістер де бар.
Біздің басты мақсатымыз өнерді сүйетін ортаны қалыптастыру, музыка тыңдайтын  қауымның қатарын көбейту. Әсіресе, жастар арасында классикалық туындылар арқылы эстетикалық тәрбие беруді көздейміз. Сондай-ақ, филармония қызметі ұлттық және әлем музыка өнерін насихаттауға, халқымыздың салт-дәстүрін сақтауға, өңір тұрғындарының  мәдени демалыс орнына айналуы үшін жағдай жасауға барынша атсалысады, – дейді Людмила Багапова.
 Филармонияның мерейтойына қандай мәдени шаралар ұйымдастырылмақшы деген сауалымызға мынадай жауап алдық.  
– Арқаның әншілік мектебіне, одан түлеп ұшқан талантты ақын-композиторларға, әнші-орындаушыларына белгілі музыка зерттеушілері де таңдана таңырқап өнерлеріне қаныға түсіп, зерттеп, зерделегені тарихтан белгілі. Г.Потанин «Маған қазақ даласы түгел ән салып тұрғандай көрінеді» деп бекер жазбаған болу керек. Кешегі Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай, Шашубай мен Жарылғапбердінің өнері күні бүгінге дейін ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келеді. Осы орайда, біз алғашқы концертімізді «Гәккулеткен, аққу жеткен – Көкшетау» деп атап, осы концертте елімізге танымал дәстүрлі әншілердің орындауындағы Арқаның әншілік өнерін ортаға саламыз. 18 қазан күні Ақмола облыстық симфониялық оркестрі мен Алматы қаласы оркестрінің бірлескен концерті өтеді.

 

Бізді бір қуантатыны, әлемге танымал атақты скрипкашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің біздің филармонияның мерекелік концертіне арнайы келіп, өнер көрсетуі. Біз үшін бұл үлкен мерей. Ал, 20 қазанда К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің концертіне Қазақстан және Татарстан Республикаларының халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Нұржамал Үсенбаева мен халықаралық байқаулардың лауреаты Талғат Галеевтер өнер көрсетеді.  26 қазан күні филармонияның эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің концертіне халықаралық байқаулардың лауреаттары Бауыржан Исаев пен Татьяна Ким қатысып, талғампаз тыңдарманның көңілін көкке өрлетіп, бір серпілтеді деп ойлаймыз. Айта кету керек, осы концерттердің барлығына филармонияның жезтаңдай, күміскөмей әншілері қатысады. Осы орайда, филармония солистері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Бисара Мәкенова, Шолпан Дүкембаева, Ғазиза Жұмекенова, «Мәдениет қайраткерлері» төсбелгісінің иегерлері Мара Есмұханова, Мереке Бекмағамбетов, «Шабыт» шығармашылық жастардың халықаралық фестивалінің лауреаты Эльмира Төлеубекова, Арқаның ән өнерін асқақтатып жүрген Сәрсенбай Хасеновтардың есімдерін атап өткен ләзім.
Өнер ұжымдарын тілге тиек етер болсақ, алдымен К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрін мақтанышпен атап өтер едік. Бұл шығармашылық ұжым тәуелсіздік алған жылдары құрылды. Оны ұйымдастыруда маңдай терін төгіп, еңбек еткен айтулы азамат, музыка өнеріне өлшеусіз өзіндік қолтаңбасын қалдырған Манарбек Бексейітовты ерекше атап өткен орынды. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі мен дирижері  де Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Манарбек Бексейітовтің өзі болды. Манарбек Бексейітовтің жолын айтулы дирижер, өзінің ізбасары Тұрлықожа Базаров жалғастырып, күні бүгінге дейін оркестрдің биік белестен көрінуіне өлшеусіз тер төгіп, еңбек етіп келеді. Кәсіби дайындықтары жоғары, репертуары ауқымды әрі бай шығармашылық ұжым.  Оркестрдің бағдарламасында Құрманғазы, Жаяу Мұса, Е.Хасанғалиев, С.Мұхамеджанов, Е.Үсенов және тағы басқа композиторлардың шығармалары бар. Оркестр халық әндері мен күйлерінен бастап үлкен симфониялық поэмаларға дейін орындайды. Оркестрдің негізінде Ақмола қазақ музыкалық-драма  театры мен Көкшетау музыкалық колледжінің бірлесуімен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсының қойылымы сахналанды.
Ұжым  гастрольдік сапармен Қазақстанның Астана, Петропавл, Қостанай қалалары  мен  Ресейдің Омбы, Сургут қалаларына барып, өнерлерін көрсетті.
Ақан сері, Біржан сал, Абай, Құрманғазы, Дина, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов сынды халық композиторларының мерейтойлық күндерін атап өтуге арналған концерттер мен  Иран Ілияшев, Кәрім Ілиясов, Манарбек Бексейітов, Тыныштық Шаменов, Құрмет Сақай, Маман Ементаевтай  жергілікті композиторлар мен филармония әншілерінің  шығармашылық кештері де өткізіліп тұрады.
Айтқали Жайымов, Жанас Бекентұров, Жалғасбек Бегіндіков сияқты айтулы дирижерлер мен қазақ ән өнерінің жұлдызы Қазақстан Республикасының халық әртістері Бибігүл Төлегенова, Нұржамал Үсенбаева және Ғафиз Есімов, Монғолия және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қаблаш Абыкейұлы оркестрмен шығармашылық байланысты болып, өнер көрсетті. Осындай іргелі ұжымдардың бірі Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрі. Симфониялық оркестрдің репертуары өте бай. Оның орындауындағы Моцарттың оркестрмен фортепианоға арналған №1 және №2 концерттері немесе Бетховеннің 9 симфониясы, Сен-сансаның оркестрмен трубаға арналған концерті, Е.Рахмадиевтің «Дайрабай» және «Құдаша-Думан» симфониялық күйлері көрермендер тарапынан жоғары бағасын алды. Сонымен қатар, оркестрдің активінде орыс, қазақстандық және шетелдік композиторлардың операларынан ариялары, халық музыкасы мен эстрадалық музыкалар да бар.
Оркестр  облыс бойынша  жеке шығармашылық гас-трольмен шығып,  өз өнерлерін ортаға салды. Табысқа жеткен беделді оркестрге Павлодар, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Алматы мен Омбының классикалық музыканы сүйіп тыңдаушылары қол соғып, қошемет көрсетті. Маэстро Мұхитдиновтың шығармашылық патронажының арқасында облыстық филармонияның концерт залында  әлем классика жұлдыздары: Германияның Крефельд және Менхенгладбах қалалары театрының әншісі Қайыржан Жолдыбаевтың, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Ресейдің академиялық үлкен театрының солисі Павел Черныхтың жеке концерттері өтті. Ал К.Байсейітова атындағы опера және балет театрының солистері Айсұлу Байкенова (срипка) мен Дәмелі Мақпырова (гобой) Көкшетау қаласында өткен Бах музыкасының екінші фестиваліне қатысты.
«Көкшетау – тал бесігім» І Халықаралық музыкалық фестивалінің  аясында 2011 жылы Көкшетау қаласына келген Вена консерваториясының профессоры Гернот Винишхофердің скрипка аспабында құйқылжыта ойнаған ерекше, әдемі ойыны көпшіліктің есінде қалғаны сөзсіз. Скрипка музыкасының хас шебері, І-ші Платиналық Тарлан иегері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Марат Бисенғалиевтің Көкшетау қаласында берген концерті облысымыздың музыка ортасында үлкен қызығушылық тудырды. Әлем деңгейіндегі жұлдыз өзінің бағдарламасын симфониялық оркестрдің ішекті аспаптар тобының сүйемелдеуінде орындады, бұл шығармашылық жоба облыстық филармония үшін айшықты оқиға болды.
Барлық композиторлар, танымал  және өнер жолын жаңадан бастап жүрген музыканттар мен әншілер  ұжымның өзіндік орындау мәнерін, оның шығармашылық құлшынысын, ізденісін, әртүрлі шығармашылық бағыттар мен жанрларда жұмыс істеу қабілеттілігін атап өте отыра, оның үлкен дәрменді орындаушы ұжымға айналатынын болжайды. Тағы бір аса мақтанышпен эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрін атап өтсек дұрыс. Оркестрдің алғашқы дирижері мен негізін қалаушылардың бірі Виктор Яковлевич Фрик болды. Кейінгі жылдары Александр Щербаков, Вальтер Бетхер  және көп жыл бойы Илья Федоров жетекшілік етті.  Қазіргі таңда  эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрінің дирижері «Мәдениет қайраткері» Ерназар Уразалин. Оркестрдің алғашқы  құрамы негізінен Біржан сал атындағы музыкалық училищенің оқытушылары мен студенттерінен құралды.
Көкшетау қаласының эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі республикалық джаз музыка  байқауларының дипломанттары мен  лауреаттары атанып жүр. Қандай да бір өнер мерекесінің әрін келтіріп, ажарын ашатын би ұжымы. Осындай би ұжымдарының қатарына жуырда ғана құрылса да, концерттеріміздің көркіне айналған «Гәкку» би ансамблін атап өтпеске болмайды.  Ансамбльдің жетекшісі Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық  өнер академиясын режиссер-хореограф мамандығы бойынша бітіріп шыққан Гүлмира Ордабаева би өнерін  дамытып және байытып,  дәстүрді құнттап, сақтап және құрметтеп  келеді. Ұстаздың зейіні мен шеберлігі арқасында  «Гәкку» жыл сайын көрерменді жаңа  би қойылымдарымен қуантуда.
Ансамбльдің репертуары әртүрлі. Ансамбльдің негізгі құрамына биден тәжірибесі бар, қыздар іріктелініп алынады. «Гәкку» би ансамблі «кәсіби ансамбль» мәртебесіне ие және бұл негізінен, облыстық мәдениет колледжінің хореографиялық бөлімінің болашақ хореограф-студенттері қатысатын  Көкшетау қаласындағы жалғыз ұжым. Сондықтан да, жетекшінің оларға қояр талабы ерекше. Ансамбль репертуарының негізін «Айнакөл» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің музыкасына  қойылған  билер құрайды. Осылайша, фольклорлық ұжыммен біріге отыра би ансамблі  әйгілі «Аңшының зары» күйінің негізінде  қазақ биін қойды. «Жез киік» биі қазақ кермаралының әдемілігін көзбен көре отырып, көшіріп салған нағыз суреті  секілді. Онымен қоса ансамбльдің активінде әдемі «Жылқышы» деген би де бар. Бұл биде қыздар жайылымда жайылып жүрген жылқылар табынымен еріп жүрген  дала құсы жылқышыны суреттейді. Ансамбльдің репертуарында «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен орындалатын «Зартунг» армян биін де ерекше атап өтуге тұрарлық.
 «Гәкку» ансамблінің дарынды хореограф Гүлмира Ордабаеваның  жаңа хореографиялық туындылармен қатар, қазіргі таңда оның жарты саусақпен билейтін билердің кең өріс алуына орай, нео-классикамен де жұмыс жасауды жолға қойды. Бұл да болса бишінің ізденімпаздық еңбекқорлығын айғақтаса керек.
Өнер айдынына жарқ етіп көрініп, ел көңілінен шығып жүрген тағы бір ұжым ол «Айнакөл» фольклорлық ансамблі. Руслан Қойшыбаев жетекшілік ететін ансамбльдің құрамы кәсіби, дайындықтары жоғары, майталман музыканттардан жинақталды.  Олардың әрқайсысы – ерекше дара тұлға десек асыра айтпағандығымыз. Осындай өз ісін жетік білетін бесас-пап музыканттардың басы тоқаласқан ұжымның да шеберлігі де таңқалдыратыны сөзсіз.  
Сахна төрінде өнер көрсеткен аз ғана уақыттың ішінде ансамбльдің өзіндік көркемдік қолтаңбасы, өзіндік орындау мәнері қалыптасып,  бай, ерекше репертуарымен көзге түсті. Ансамбль 2005 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде лауреат атанды. «Айнакөл» фольклорлық  ансамблінің гастрольдік картасы да өте бай. Германия, Түркия,  Тайвань, Ресей, Балтық елдері мен қазақстандық өнер сүйер қауым да ансамбльдің өнерін жоғары бағалап, әртістерді қошеметіне бөледі.
 Мінекей, жетпіс жыл бойы Ақмоланы ән мен күйге бөлеген өнер ұжымының шығармашылық жолы осындай.
Тылсым өнердің тамырына терең бойлап, мөлдір музыкамен жүрегімізді жаулайтын өнер майталмандарының өлшеусіз еңбегіне бас ие отырып, сайын даламыздан сан ғасырлар бойы ән мен күй үзілмесін дейміз.

Суретте: эстрадалық-үрлемелі аспаптар оркестрі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар