«Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығының» және №7 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерві мектебінің ұйымдастыруымен өткен велошеру Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
«Тәуелсіз елдің жастарымыз» атты тақырыпта өткен шеру Көкшетау қаласының Абай және Қанай би көшелерінің қиылысындағы «Мәңгілік ел» монументінен бастау алып, темір жол сапаржайында мәреге жетті. 200-дей адамды қамтыған шара барысында қатысушылар автокөлік жүргізушілері мен автобустардың жолаушыларына «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» деген жазуы бар жалаушаларды таратып, игі тілектерін білдірді. Жолаушылар мен жүргізушілер де велошеру қатысушыларына мемлекетіміздің айтулы мерекесінің өз дәрежесінде өтіп, тойланып жатқандығына ризашылықтарын айтысты.
– Бұл іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын тойлауға қоғамның әрбір мүшесінің белсенді қатысуын қамтамасыз ету, велосипед спорты мен басқа да спорт түрлерін дамыту, жұртшылыққа экологиялық таза көлікпен жүруді насихаттау, –дейді «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығының директоры Берік Рақышев.
Велошерудің қатысушылары Абай – Темірбеков – Әуезов – Горький – Абай көшелері бойымен жүріп өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.