Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қара күштің иесі еді-ау, Қабдөш ағамыз - АРҚА АЖАРЫ

Қара күштің иесі еді-ау, Қабдөш ағамыз

Жұрттың бәрі біле бермейтін небір күш иелері ел ішінде де бар ғой. Солардың бірі, өзім көзім көріп, жақын араласқан  Қабдөш ағамыз туралы әңгімелемекпін.

Ол кісі 1915 жылы туған. Жас кезінен өте мықты, қарулы болыпты. 13 жасынан ұжымшарда жұмыс істеген. Қай жерде ауыр, қол күшін керек ететін жұмыс болса, басшылар ылғи соған жібереді екен. Әскер қатарына алынып, 1939 жылы Фин соғысына қатысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында Таяу Шығыста болып, елге 1946 жылы бір-ақ оралған. Келе сала Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жұмысқа алынып, күрестен аудандық, облыстық жарыстардың алдын бермепті. 1953 жылы республикалық сайыста бірінші орын алып, Мәскеуге одақтық жарысқа аттанайын деп тұрған жерінен аурушаң әкесі жібермепті.
Алпысыншы жылдары Қабдөш ағамыз үй-ішімен біздің Кенесары ауылына көшіп келді. Ол кезде
ауылымыз Александровка деп аталады. Көрші тұрып, аралас-құралас болдық. Бір күні шаруашылық директоры Рақа Асылбеков мені диірменге жіберіп, қасыма Қабдөш ағаны қосты.  Елулердегі кезі. Машина қорабында өңкей бір центнерлік қаптар. Қалай түсіреміз деп ойлап қоямын. Бірақ, Қабдөш аға барда, ол түк емес екен. Мен жылжытып әперіп тұрдым, ол кісі ойыншық құрлы көрмей, әлгі қаптарды бидайды төгетін бункердің жанына апарып тұрды. Ерен күш иесі екенін сонда көрдім.
Бірде машдворда бастық болып істеген Қайырхан Ахметжанов ағамыз бір қызық әңгіме айтты. Қол астындағы 4 жұмысшының бәрі де ірі екен. Содан сов-хоз директоры «мына денелілердің барлығын қайдан тауып алғансың?» деп күлетін көрінеді. Солардың бірі – еңгезердей Баур жанындағы Қабдөш ағаға «давай боремся» деп тыныштық бермейді екен. Содан екеуі күреседі. Әлгіндей болмай, Баур жерге гүрс ете түсіпті. Содан оны әзер дегенде тұрғызып, үйіне жібереді. Екі-үш күн жұмысқа шықпай, бір күні «шамасы қабырғам  сынып қалған ғой, әлі ауырып тұр» деп келіп тұр дейді.
Осындай бір жағдай Қабдөш аға бәріміз бірге жұмыс істеп жүрген 70-інші жылдары бойы екі метрге жуық, зор денелі, кім көрінгенді қағытып, тиісіп жүретін бригадир Александр Лиермен де болған еді. Ол да Қабдөшке «Ей, ты борец, хочешь со мной сразиться?» деп қоқаңдап қоймаған соң, Қабекең сол қолымен белбеуінен, оң қолымен жағасынан алып, нығырлай лақтырып жібергенде, шаң бұрқ ете  түсті. Александр сұлайып сол жерде қалды, біз болсақ «өзіңе де сол керек» деп бұрылып жүре бердік.
Бертін ағамыздың зейнетке шыққан кезі. Бір күні үйіне барсам, қораның ішіндегі қазулы құдығынан үстіне суық су құйып тұр. «Ауырып қалмайсыз ба?» деп шошып кеттім.  «Жоқ, бұл менің үйренген жаттығуым» деп күледі. Сол жолы Жанкүміс апай құйып отырған шәй үстінде «маған обкомның бір хатшысы (аты-жөнін айтып еді, ұмытып қалдым) бір жігіттен сыйлық беріп жіберіпті, кезінде менің күрескенімді көрген ғой» дегенді айтып, риза болып отырды.  2014 жылы сөйткен Қабдөш ағамыз 99 жасқа келді. Үлкен баласы Талап екеуіміз  келесі жылы 9 мамырда Алла жазса, 100 жылдығын тойлап жіберейік, деп ойладық. Бірақ та, ол күнге жетпей, 21 наурызда қайтыс болды. 100 жасағаны да алып қара күш иесі болғанының, спортпен айналысқанының арқасы шығар. Әттең, күреспен түбегейлі шұғылданғанда, ел білетін үлкен жетістіктерге жетер ме еді, қайтер еді…     

Төлеген АЛДАБЕРГЕНОВ.
Кенесары ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар