Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдың шынайы қамқоршысы - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдың шынайы қамқоршысы

«Агрофирма «Поиск» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі. Сонау 2000 жылы «Новоалександровка» және «Красноозерный» кеңшарлары негізінде қайта құрылған аталмыш шаруашылыққа тәжірибелі басшы, білікті маман Александр Яковлевич Гусев  жетекшілік етеді..

 

Мұнда заманауи талаптарға сай техникалардың бәрі бар. Сондай-ақ, мал шаруашылығын да дамытып, Астананың азық-түлік белдеуіне қомақты үлес қосып отыр. Шаруашылықта биыл барлығы 15342 гектар алқапқа дәнді дақылдар себілсе, оның 14197 гектарына бидай тұқымы сіңірілген еді. Сондай-ақ, майлы дақылдар да назардан тыс қалмағандығы қуантады. Күзде осы егін алқаптарынан мол өнім жиналды. Ал, мал шаруашылығына келетін болсақ, мұнда бүгінде 450 бас ірі қара мал бар болса, оның 216-ы сауын сиыр. Сонымен қатар, 87 бас жылқы мен 525 бас шошқа да ет өндіруде біршама жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінгі таңда мұнда  барлығы 185 адам еңбек етсе, олардың орташа жалақысы шамамен 80 мың теңге. Әрине, бұл жоғары көрсеткіш емес, дегенмен, бау-бақшасы, бірді-екілі малы бар ауыл тұрғындары үшін тым төмен деуге де келмейді.
Бір назар аударар мәселе, шаруашылық басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Александр Гусев үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген түсінік жайбарақат қарайтын мәселе емес. Айналасындағы адамдарға қол ұшын беру, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждарына ден қою оның өмірлік қағидасы десек, ақиқаттан алшақ кетпегендігіміз. Ал, енді ауылдағы әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтарына деген көмегі қалай мақтаса да тұрарлық.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін бірер мысал келтіре кетелік. Мәселен, тым әріге бармай-ақ, үстіміздегі жылдың өзінде Александр Яковлевичтің бастамасымен атқарылған істерге тоқталсақ, біраз уақыттан бері тозығы жетіңкіреп тұрған Түрген ауылындағы клуб та бүгінде күрделі жөндеуден өткізілді. Шаруашылық басшысы жөндеу жұмыстарымен шектеліп қалмай, сахнаға қажетті киімдермен де қамтамасыз еткен. Енді осыған жаттығу залын да талапқа сай жағдайға келтіргендігін қоссақ, бұл кісінің кәсіпорын жұмысшыларынан ғана емес, жалпы ауыл тұрғындарынан көмегін аямайтындығын байқауға болады. Айтпақшы, жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті орта мектептің шатырына да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айта берсек, мектеп оқушыларына ыстық тамақ беруге қажетті ұн мен картоп та осы Александр Яковлевичтің мойнында.
– Мүмкіндік болса өз ауылыңа, жалпы тұрғындарға көмектесу, ауылдағы әлеуметтік нысандардың қалыпты жұмыс істеуіне ықпал ету әр кәсіпкердің немесе шаруашылық, кәсіпорын басшыларының бұлжымас қағидасы болуға тиіс, – дейді ол. – Әрине, бұл нысандарға бюджеттен қаржы бөлінеді. Дегенмен, көп жағдайда ол жеткіліксіз болып жатады. Сайып келгенде, тұрғындардың жұмысқа деген ынтасы, көңіл-күйлері тұрмыстық мәселелерге тікелей байланысты екендігі белгілі. Яғни, олардың алаңсыз еңбек  етулеріне жағдай тудыру керек. Шаруашылықтың алға басуы да сол еңбеккерлердің арқасы екендігін ұмытуға болмайды.
Әрине, Александр Гусевтің уәжімен келіспеске амалың жоқ. Жоғарыда айтып өткеніміздей, шаруашылық экономикасының алға басуының бір сыры, басшының  қарамағындағы жұмыскерлерге деген қамқорлығында жатса керек. Облыстық мәслихатқа депутат болып сайлануы да осы қасиеттерін айғақтай түседі. Ақиқатына жүгінсек, ол депутат болмай тұрғанда да қайырымдылық жұмыстарымен айналысатын. Енді халық қалаулысы ретінде оның бұл игі істері одан әрі жандана түсері сөзсіз.
Айтпақшы, Түрген ауылының ішіндегі көшелер мен Константиновка селосына дейінгі жолдың тегістелуі де А.Гусевтің бастамасымен іске асты. Енді осыған оның тұрмысы төмен отбасыларына ұдайы көмек қолын созып тұратындығын ескерсек, Александр Яковлевич үшін бизнестің әлеуметтік  жауапкершілігі деген түсініктің бірінші кезектегі мәселе екендігін көреміз.

Талғат ҚАСЕН.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар