Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өңірдің ілгерілегені ізденісті істерден білінеді - АРҚА АЖАРЫ

Өңірдің ілгерілегені ізденісті істерден білінеді

Бұланды ауданы Ақмола облысының солтүстік бөлігінде орналасқан, іргесінде  Бурабай, солтүстік-батыста  Сандықтау, оңтүстікте  Ақкөл, оңтүстік-батыста Астрахан, Атбасар және оңтүстік-шығыста Еңбекшілдер аудандарымен шекараласады.

Астана қаласынан солтүстік-батысқа қарай 180 шақырым қашықтықта, оңтүстік-шығыста Көкшетау қаласынан 120 шақырым қашықтықта. Аудан аумағы 5,1 мың шаршы шақырымды құрайды. 11 ауылдық округ, 1 аудандық маңызы бар қала және 37 селолық елді мекен орналасқан. Әкімшілік орталығы – Макинск қаласы. Осы қала арқылы Алматы-Петропавл теміржол магистралі және Астана-Бурабай автобаны өтеді.
Аудан халқының саны 35 270 адамды құрайды, халықтың тығыздығы жағынан орташа алғанда 1 шаршы шақырымға 7 адамнан келеді. Ұлттық құрамы бойынша қазақтар  40,2 пайызды, орыстар  41,8 пайызды, басқа ұлттар 18 пайызды құрайды. Зейнеткерлер саны 4 776 адам, оқушылар саны 4 863 бала.

Бұланды ауданы Ақмола облысының негізгі ауыл шаруашылығы өңірлерінің бірі, оның дамуының негізгі бағыты астық өндірісі болып табылады. Өнеркәсіптік өндірістің жалпы көлемінде өңдеуші сала 86,1 пайызды құрайды. Ауданда экономиканың бірқатар салалары үшін қосалқы бөлшектерді жинақтаушы ірі машина жасау өндірісі бар. Ауыл шаруашылығының елеулі әлеуеті тамақ өнеркәсібінің дамуына жағдай туғызса, пайдалы кен орындарының бар болуы құрылыс материалдары өндірісінің дамуына септігін тигізеді.

 

Ауданда үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында тауар өнімдерінің жалпы шығарылымы 1 394,9 миллион теңгені құрады. Аталмыш кезеңде барлық өнімнің 5,8 пайызын ірі және орта, 30,2 пайызын шағын өнеркәсіп кәсіпорындары шығарса, 64 пайызы қосалқы өндірістер мен үй шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ауданның аграрлық секторында 3 астық қабылдау пункті және 151 шаруашылық жүргізуші субъекті, оның ішінде 31 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 103 шаруа қожалығы, 3 өндірістік және 5 ауыл шаруашылығы кооперативі бар.
Биылғы жылы 241 426 гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, агротехникалық шаралар талапқа сай жүргізілді. Егін зиянкестері мен ауруларына қарсы химиялық өңдеу жұмыстары уақытында және сапалы атқарылды. Осының нәтижесінде астық та қараған жанның көзін тойдырып, көңілге қуаныш ұялатардай бітік шықты. Бұл диқандардың орақ науқанында мол өнім алуына мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта егін орағы аяқталуға жақын. 267466 тонна астық бастырылды. Шығымдылығы гектарынан 14 центнерден айналуда. Астық қоймаларына 32071 тонна тұқым құйып алынды. Техникалар түгелге дерлік жөндеуден өткізіліп, қосымша өнімділігі жоғары жаңа комбайндар сатып алынды. Барлық шаруашылықтар мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие арқылы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген.
Мал шаруашылығын өркендету саласында да ауданда біршама игілікті істер атқарылуда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер аталмыш бағытты дамытуға жете көңіл бөле бастады. Жыл санап мал басы да өсіп келеді. Қазіргі уақытта ауданда 23793 бас ірі қара, 5760 бас жылқы, 18307 бас қой-ешкі,10108 бас шошқа, 83585-тен астам құс өсірілуде. «Мал төлден өседі»  дегендей, биылғы жылғы алынған төлдер саны да өткен жылдардағымен салыстырғанда біршама артық. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де артып келеді. Жыл басынан бері тірідей салмақта 3,16 мың тонна ет, 11,75 тонна сүт және 3259 мың дана жұмыртқа өндірілді.
Мал тұқымын асылдандыруға ауданда ерекше көңіл бөлінген. Биылғы жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 270 бас асыл тұқымды сиыр сатып алу жоспарланған, қазіргі уақытта жалпы сомасы 32,1 миллион теңгеге асыл тұқымды 171 бас сиыр мен 8 бұқа сатып алынды. «Абрамочкин» шаруа қожалығы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша несие рәсімдеп, 160 бас қой сатып алмақшы. Қазір қаржыландыруды күтіп отыр. «Жылқыбаев» жеке кәсіпкерлігі «Құлан» бағдарламасы бойынша 25 бас жылқы сатып алу үшін несие рәсімдеуде. Асыл тұқымды малдарды көбейту мақсатында ауданда он ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Олар өз ақшаларына жыл басынан бері 63 асыл тұқымды бұқа сатып алды.
Биылғы жемшөп қоры да жаман емес. Ауданда соңғы жылдары құрылыс та қарқынды дамып келеді. Жаңа әлеуметтік, сауда нысандары салынып, жекеменшік үйлер құрылысының көлемі артуда. Тұрғын үй құрылысына бағытталған инвестициялар көлемі 40,9 миллион теңгені құраса, құрылыс жұмыстарының көлемі 759,2 миллион теңгені құрады. Аудан экономикасына 3 106,7 миллион теңге көлемінде инвестициялық салымдар салынды. 2010 жылдан бастап Индустрияландырудың аймақтық картасына 41,9 миллиард теңгені құрайтын, 1 172 тұрақты жұмыс орны бар 5 инвестициялық жоба енді. Жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгенің 3 жобасы пайдалануға беріліп («Арна» АСҚ ЖШС, «Бұланды Астық» ЖШС, «Trans Tech Mash LTD» ЖШС), 186 жұмыс орны ашылды. 2015 жылы Индустрияландырудың аймақтық  картасына   жылына  60 мың тонна өнім өндіретін «Макинск құс фабрикасы» ЖШС енгізілді, бройлерлік құс өсірілетін бұл жобаның құны 39,2 миллиард теңгені құрайды.
Ауданда 1791 шағын кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Аталмыш салада 3100 адам жұмыс істейді, биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 117 жұмыс орны ашылды. Шағын кәсіпкерлік нысандарымен жалпы құны 719,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, сатылды. Олардан жергілікті бюджетке түскен салық 24 миллион теңгені құрады. Кәсіпкерлер әлеуметтік бағдарламаларға белсене қатысып, аудан тұрғындарына қаржылай қолдау көрсетеді, қайырымдылық шараларымен айналысады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 18 меморандумға қол қойылды.
Қала мен елді мекендерді көгалдандыру және автокөлік жолдарын жөндеу бағытында да айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында Макинск қаласындағы Пристанционная көшесінің жолдарын жөндеу үшін облыстық бюджеттен 50 миллион теңге, Вознесенка-Новобратское бағытындағы автожолдың жөнделуіне арналған жұмыс жобасына түзету енгізуге аудандық бюджеттен 3,0 миллион теңге бөлінді. Ауылдық округ әкімдері елді мекендердің іштеріндегі жолдарды жөндеу бағытында да жемісті еңбек етуде.
Өңірдегі әлеуметтік салаға келетін болсақ, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін бірқатар ілкімді шаралар қолға алынуда. Үстіміздегі жылдың алты айында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмысқа орналасуға өтініш білдірген 476 адамның
398-і жұмысқа орналастырылды. Жыл басынан бері 354 жаңа жұмыс орны ашылды. «Өрлеу» жобасының аясында 50 отбасы ақшалай көмек алды. Осының бәрі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жүзеге
асырылып отыр.
Ағымдағы жылы әлеуметтік нысандарды қысқа дайындау шаралары мерзімінен бұрын қолға алынды. Қазіргі уақытта білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау нысандары қысқы жылу беру маусымына дайын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің алдына нақты міндеттер қойғанын, енді тек сол межеленген белестерді бағындырудың амалдарын қарастырып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізу үшін қажырлы әрі жемісті еңбек ету қажеттігін бұландылықтар жақсы түсініп отыр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар