Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үмітті үзу мүмкін бе?! - АРҚА АЖАРЫ

Үмітті үзу мүмкін бе?!

Таяуда Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры жас режиссер Қолғанат Мұраттың «Алдамшы үміт» қойылымын сахналады. Қойылымның режиссері Фархадбек Қанафин.

  Алдымен драматург Қолғанат Мұрат туралы бір ауыз сөз. Жаһандық өркениеттің көлеңкелі тұстарын келістіре баяндап, сан көкірекке салиқалы ой салған талапты драматург Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжін 2013 жылы бітірген. Қазіргі таңда Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы, кинотеледраматургия магистранты. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өткен республикалық «Жас драматургтар» байқауының жеңімпазы.
Театр қоғамдағы сыздауықтай сыздаған жараны емдеуге міндетті емес. Оның міндеті сол індетті көрсету дейтін ұғым бар. Аталмыш қойылымға осы тұрғыдан келгенде өзінің алдына қойған мақсатын толық орындап шықты деп нық айтуға әбден болады.
Бір-бірімен жымдасқан қилы-қилы оқиғалар бір демде көз алдыңда өтеді. Ішкі мазмұн жаһандық өркениеттің өңмеңіңнен өтетін, көкірегіңді мұздатып, жан жүрегіңді суытатын алапат ызғары. Кейіпкерлердің сөз сабақтауынан-ақ замананың лебі есіп тұрғандай. Өйткені, ақшаға құныққан жас толқынның мәймөңкелеп сөйлесе де, сөз астарындағы зымиян ойы, әрекетінің ишарасындағы өзімшілдіктің ұшқыны соқырға таяқ ұстатқандай болып көрініп тұрады. Иә, қарапайым пенденің қарап отырып, иманы қасым болатын дүниелер.
Жалпы Қолғанат Мұраттың айтқан дүниелері, ой астарындағы айтқысы келген емеуіріні түп-түгел жаңалық еді дей алмасақ керек. Күнделікті көріп жүрген дүние, сәт сайын естіп жүрген әңгімелер. Бірақ, соның бәрінің басын қосып, санаңа салмақ салатындай етіп тәптіштеп таратып, тағылымды дүние жасаған.    
Жарының аманатына адал Айша апайды аядық. Біз аяғанмен бауырындағы өгей ұлы аяған жоқ. Баласының замандастары, көрші әйел бастаған топ, фирманың қызметкерлері де жіби қоймады. Олардың бар ойы күйеуінен жесір қалған Айша апаның бизнестегі үлесін қайткен күнде де алдап-сулап тартып алып, қарақан бастарының қамына жаратпақ. Ал, апайдікі әлдеқайда иманды шаруа тұғын. Әлеуметтік жағдайы төмен жас отбасыларға баспана салып бермекші. Осы мақсатына жету үшін күресіп көрді. Өзгемен емес, өзінің айналасындағылармен. Долы жел ескен тұлдырсыз далада бір түп ошағанның қалқасында нәп-нәзік гүл өсіп тұрмай ма. Айша апа біздің көзімізге тұп-тура сол қорғансыз, нәзік гүл сияқты елестеп кетті. Жауын да тоздырады, жел де жығады, желмен иілген ошаған да тырнап, тарпып өтеді. Сыртын ғана емес, ішкі жан дүниесін де, жүрегін де. Соның бәріне шыдады. Үмітін үздірмеген жан жарының аманаты еді. Қарап отырып адам жанының мұншалықты мықты екеніне, оның ішінде алдына мақсат қойған адал әйелдің арлы аманатқа адал екендігіне сүйсініс сезім пайда болады. Айша апай да алысты, алдағанға, арбағанға көнген жоқ. Бірақ, қайран жүрек мұншалықты салмақты көтере алмайды екен ғой. Жау сырттан келсе бір жөн, ішкінің өкініші екі есе, жоқ-жоқ он есе ауыр екен ғой. Өзінікі тепкен соң, өзегі қарс айрылды.  
Қойылымның бас-аяғы жұп-жұмыр, артық сөз, артық қимыл жоқ. Тіпті, сахнаның өзі де жадау деп айтпайық, жарасымды. Барлық заттар сөйлеп тұр. Өркениеттің өріне шығамыз деп өкпесі өшіп, балаға да қарамай, анаға да қарамай, құлқынын қу дүние тескен ессіздердің есін алып жатқан дүние жадағай болмағанда қайтсін. Әр есік сықырлап ашылған сайын сыбырлап жаман хабар келеді. Жаман хабар өзімен бірге жер дүниенің жамандығын ала келеді. Бірақ, соның бәріне төзген қазақтың әйелінен айналып кетсем болмай ма, әлде бұрынғылардың «әйелдің қырық жаны бар» дейтіні дәл осындай жүйкеге жүк болатын салмақты көтергендігінен бе екен, кім білсін.
Кей-кей тұста ащылау айтылған, әттеген-ай дегізіп, жалпылай айтылған тұстар да бар. Әсіресе, үй саламын деген жерді тартып алмақшы болып жатқандар тарапынан айтылатын өкпе бар. Ұшқарылау айтылды ма деп қаласың. Кейін драматург пен режиссер ақылдаса отырып, тоңын жібітер. Әлде біздікі әлденеден ығып қалған сақтықтың сарқыты шығар. Ол жағын да ойлану керек.
Тырнақалды туынды тұтастай алғанда тамаша өтті. Жоғарыда айтқанымыздай қаны сорғалап тұрған санадағы сыздауықтың орналасқан жерін нұсқап берді.  Емдеу оның міндеті емес, ең бастысы, көрсетті ғой.
Бұл күні қойылымды тамашалаушылар да көп болды. Әншейінде бір басы толмайтын қоржын залдың қос бүйірі лық толды. Дені Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің білім алушылары. Осы арада облыс орталығындағы өзге де толып жатқан білім ордаларының басшыларына бір ауыз наз. Мына шығарма нағыз жас-тар үшін керекті, солар тәлім алатын қойылым еді ғой. Жалғыз сағат уақытын қиып көрсе қайтер еді. Олқы түсіп жатқан рухани дүниенің кемтігі түгел толмаса да, бір мысқал арта түспес пе еді, қайтер еді.
Қойылымның соңында Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова сөз сөйлеп, авторға, театр директоры Мұратбек Оспановқа, Айша апаны сомдаған Жанар Құсайынова, Зафура Арзымбетоваға, Ботагөзді сомдаған Баршагүл Малғаждароваға, өгей ұл Еркебұлан Төлеуовке, көрші әйел Айна Жүнісоваға, Серік бейнесіндегі Асылбек Тәшімовке алғысын айтты. Айтса айтқандай, театр актерлері шығармашылық белестерінің бір биігіне шыққан күн болды бұл.     

Байқал Қайырлыұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар