Соңғы жылдары тозығы жете бастаған аудандық Мәдениет үйіне биыл күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл жауапты міндетті «Вектор Стройстандарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған.
Қазір мұнда 75 адам еңбек етуде. Бұл мамандар мен жұмысшылардың барлығы өз істерінің шеберлері. Соның нәтижесінде бірінші және екінші қабаттың терезелері түгелдей ауыстырылған. Біз жөндеу жұмыстарының жай-жапсары жөнінде білмек болып, Мәдениет үйінің директоры Шәріпхан Қасымханұлын сөзге тарттық.
– Атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліміз толады. Жалпы, келісім-шарт бойынша желтоқсанның аяғына дейін Мәдениет үйінде жөндеу жұмыстары толық аяқталуы тиіс. Бірақ, қазіргі қарқынға қарағанда, ерте бітуі де мүмкін, – дейді ол.
Мәдениет үйі ұзақ уақыт жөндеу көрмей, спорт залы, сахна, көрермен залы тозуға айналған. Оларды қайта жаңартып, осы заманға сай әр беру біраз қажыр-қайратты талап ететіндігі сөзсіз. Бұған жұмсалатын айтарлықтай қаржы да өз алдына. Дегенмен, кез-келген аудан орталығының бет-бейнесі болып табылатын Мәдениет үйі жайнап, жарқырап тұрса бұл сол ауданға да мерей. Сондықтан, бұландылықтар осыған сенуде. Жөндеу барысында бірнеше қосымша кабинеттер де пайдалануға берілмекші. Иә, бұл да болса, ауданда халықтың рухани жағынан кемелдене түсуі үшін қолға алынып жатқан игілікті іс екені анық.