Аудан орталығы Макинск қаласында жылына 60 мың тонна ет өндірілетін құс фабрикасының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аталмыш кәсіпорынның жалпы аумағы үш жүз гектар жерді қамтитын болады. Құрылыс жұмыстарын жүргізумен астаналық «Сарыарқа ЖШС» корпорациясы айналысуда. Қазіргі уақытта инкубациялық цехтар мен құс етін қайта өңдеу зауытының іргетастары қаланып, қалған учаскелерде құрылыс салынатын жерлерді дайындап, тегістеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шараларды атқаруға отыздан астам арнайы техника жұмылдырылған.
Құрылыс жобасы үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламасы бойынша Индустрияландырудың аймақтық картасына енгізілген. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл жобаны «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағытына енгізу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 39,2 миллиард теңге. Фабриканың алғашқы кезегі 2017 жылы пайдалануға беріліп, 2019 жылы толығымен аяқталады деп көзделуде. Макинск құс фабрикасы пайдалануға берілген кезде бір мыңға жуық адам жаңа тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, кәсіпорынның өзі бұл бағыттағы еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі болмақшы.