Жуырда аудан орталығы Макинск қаласында балалардың «Ботақан» сауда-сауық орталығы пайдалануға беріліп, бұл ретте, қала тұрғындарына, әсіресе, балаларға жақсы жағдай туғызылды. Аталмыш орталықтың директоры жеке кәсіпкер Самал Кембаева.
Бұл нысанның құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Алғашқыда бұл жерге ерлі-зайыпты Самал мен Асылбек Кембаевтар өздеріне жеке тұрғын үй салуды жоспарлайды. Құрылыс салынатын орынды дайындап, әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатқан күндердің бірінде аудан әкімі Қуандық Еспергенов келіп, қалада балалардың бос уақытын көңілді өткізетін жөні түзу демалыс орны жоқтығын жеткізіп, осы жерде сауықтыру орталығын ашсақ қалай болады деген ұсынысын айтады. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер аудан басшысының орынды ұсынысын ой елегінен өткізе келіп, өзара ақылдасады да, балалардың сауық орталығын ашуды ұйғарады. Осылайша құрылыс жұмыстары басталып, бір жылдың ішінде заманауи ғимарат пайдалануға беріледі.
Балалардың «Ботақан» сауда-сауық орталығының сыртқы келбеті өзінің әсемдігімен көз тартады. Ішіне кіргенде тап бір ертегілер әлеміне кіргендей сезімде боласың, қабырғаларда балалардың сүйікті мультфильмдері мен ертегілерінің кейіпкерлері бейнеленген. Бірінші қабатында сауда нүктелері, бассейн орналасса, екінші қабатында жаттығу залы, шаштараз, массаж бөлмесі, ойын залы бар. Балаларға арналған шағын дәмханада балмұздақ, сусындар мен тәттілер сатылады. Бағалары да қолжетімді. Залда ойын автоматтары қойылған. Ойын залында балаларға барлық жағдай жасалса, жаттығу бөлмесінде ересектер де бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Сауда нүктелерінің ойыншықтар сату бөліміне тауарлар әкелу үшін Беларустің «Игрушки Полесья» фирмасымен келісім-шарт жасалған. Балалардың киімдері негізінен Ресейдің, еліміздің алдыңғы қатарлы сауда орындарынан әкелінеді.
– Балаларының балғын жүздерінен шаттық сезімін көру әр ата-ана үшін зор қуаныш болса, сол қуанышты сыйлай білген адамдардың бірі ретінде өзімді бақытты жанмын деп есептеймін, – дейді жеке кәсіпкер Самал Сайлаубайқызы.