Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1995 жылы Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылған болатын. Осы құжат негізінде 19 қазан – Құтқарушылар күні болып белгіленіп, жыл сайын кәсіби мереке ретінде аталып өтілуде.
Құтқарушылардың жұмысы өз өміріне де қауіпті болып келеді. Дегенмен, олардың алға қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Құтқарушылар күні мерекесін ақмолалық өрт сөндірушілер жоғары еңбек табыстарымен қарсы алып отыр. Біздің жұмысымыздың басты нәтижесі – құтқарылған 2,2 мыңнан астам адамның өмірі! Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,2 есеге көп. Есесіне төтенше жағдайлар мен адам шығынының саны біршама азайды. Оған қоса төтенше жағдайлардың алдын алу жəне ескерту мақсатында жүргізілген кешенді шаралардың әсерінен материалдық шығын көлемі 12 пайызға кеміді. Орман жəне сауда кəсіпорындарда өрт екі есеге азайды. Егістік алқаптарды тілсіз жаудың жалмауына жол берілмеді.
Облыс жəне жалпы азаматтық қорғаныстың мемлекеттік жүйесі үшін жыл сайын қауіп төнетін көктемгі су тасқыны үлкен сын. Облыстағы өз ісіне адал кəсіби құтқарушылар табиғаттың тосын мінезіне аса бір қайсарлықпен қарсы тұруда. Алдыңғы жылы Атбасарда, былтыр Целиноград, биыл Ерейментау аудандарында орын алған су тасқынын ақмолалықтар əлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде құтқарушылардың ерен еңбегімен, кəсіби шеберліктерінің арқасында адам ажалына жол берілмеді.
Өрт сөндірушілерге барлық жағдай жасалған. Жетілдірілген қазіргі заманғы техникалардың мүмкіндігі мол. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын қазіргі заманғы арнайы техникалармен толықтырылды. Осы мақсатта биыл облыс әкімінің қолдауымен бюджеттен 12 миллион теңгеге жуық қаржы бөлініп, оған полиграф, компьютерлер, дабылқаққыш қондырғы, аудиоконференбайланыс жүйесі жəне сандық телевидение арқылы жедел ақпарат тарату үшін медиасервер сатып алынды. Сонымен қатар, жақында төтенше жағдайлар туралы ақпараттарды тұрғындарға жедел жеткізетін «Kazakhstan|ТЖД» мобильдік қосымшасын іске қостық. Жоба облыстық əкімдіктің қаржылай қолдауымен «IT-Expert.Asia» серіктестігімен бірлесіп әзірленді. Аталған мобильдік қосымша облыс тұрғындарына төтенше жағдайлар туралы түрлі ақпаратты жедел жеткізуге мүмкіндік беретін болады. Қолданушылар дауылды ескертулер, республикалық және облыстық бағыттағы жолдардың жабылуы және мектепте сабақтың болмайтындығы туралы жедел мәліметтерді ала алады.
Мобильдік қосымша жолдың жабылғаны, су тасқыны тәрізді төтенше жағдайлар мен қауіпті аумақтар белгіленген интерактивті картамен қамтамасыз етілген. Оған қоса, қосымшадағы GPS координатасы арқылы адамның тұрған жері, жақын маңдағы құтқару бөлімшелері мен жылыну және тамақтану пункттерін дәл анықтауға болады. Мобильдік қосымшаны андройд жедел жүйесі бар планшет және смартфон қолданушылары «PlayMarket» арқылы жүктеп алуына болады. Алдағы уақытта мобильдік қосымшаны республика бойынша қолданысқа енгізу көзделген. Қазір бұл бағдарлама тұрғындар үшін өте қажет. Қосымша арқылы ауа райындағы өзгерістер туралы жедел ақпарат алып қана қоймай, төтенше жағдайлар кезінде іс-қимыл ережелерін де білуге болады. Қазіргі кезде бұл жоба алғашқы болып Ақмола облысында қолға алынып отыр. Сондықтан, оған Ресей, Беларусь, Польша елдерінің 16 субъектісі жəне еліміздің өзге облыстарындағы əріптестеріміз қызығушылық танытуда.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы Көкшетаудағы «Сарыарқа» шағын ауданында жаңа өрт сөндіру депосы ашылғанын да айта кеткен жөн.Стратегиялық маңызды нысан заманауи жабдықтармен және халықаралық стандарттарға сай техникалармен жабдықталған. Депо қызметкерлері үшін ыңғайлы қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар қарастырылып, жұмыс пен демалыс үшін оңтайлы жағдайлар жасалған. Ғимарат аумағында оқу-жаттығу мұнарасы, спорт алаңы бар. Өрт сөндіру депосында 140 жаңа жұмыс орны ашылған. Тәулігіне 25 адам жауынгерлік кезекшілікте тұрады. Бұл Ақмола облысындағы төтенше жағдайлар туындаған кезде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін төртінші жаңа өрт сөндіру депосы. Құтқарушылардың еңбегінің нәтижесі – мыңдаған сақталып қалған тағдырлар. Осыған орай азаматтық қорғаныс жүйесінің қалыптасуы мен төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жоюда біздің ардагерлердің үлесі зор екенін атап өткен жөн.
Біздің ұжымда ардагер ағалардың есімдерін жоғары ұстап, олардың жинақтаған мол қазынасын кейінге ұштастыру арқылы ұрпақтар сабақтастығын үйлестіріп келеміз. Аға буын өкілдері өздерінің ұзақ жылдар бойғы мол тәжірибелері мен білімдерін жалықпастан жас ұрпаққа үйретіп келеді.
Алексей СОВЕТОВ,
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы.