Жуырда «Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына – 25 игі іс» акциясы аясында Сандықтау балалар үйінде Ақмола облысы бойынша кіріс департаментінің ұйымдастыруымен жетімдерді қолдау шарасы өтті.
Акция барысында балалар үйіндегі оқу озаттары облыс орталығындағы «Сұңқар» спорттық-сауықтыру кешеніне жолдама алып, дем алып қайтты. Акцияның басты мақсаты – салауатты өмір салтын қолдап, балалардың бойында патриоттық сезімдерді қалыптастыру. «Сұңқар» сауықтыру кешініне экскурсияға барған балалар спорттық ойындар ойнап, танымдық викториналарға қатысты. Екі бірдей жүзу қауыздары орнатылып, онда балалар күні бойы шомылып, дем алды. Сонымен қатар, департамент басшылығы балалар үйіне 11 компьютер сыйға тартты.
– Еліміздің келешегі кемел жастардың қолында. Осы орайда, денсаулығы мықты, білімді жастар ғана болашақ іргесін қалай алады. Келесі жолы біз балаларды өзіміз қызмет атқаратын мекемеге апарып, департамент жұмысымен жақынырақ таныстыруды жоспарлап отырмыз, – деді департамент басшысы Ерлан Хасенов.
Балалардың аталмыш акциядан алған әсерлері орасан. Мәселен, балалар үйінің 5 сынып оқушысы Константин Сафоновтың айтуынша, осындай акциялар балаларды бір-бірімен жақындастырады. Акция соңында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап дастархан жайылып, басқа да сыйлықтар табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Сандықтау ауданы.