«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты «Саламатты ұрпақ» республикалық жобасының аясында студенттер арасында футзалдан турнир ұйымдастырды.
Салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды дене шынықтыру жаттығуларына белсенді қатысуға тарту және турнирге қатысушылардың спорттық шеберліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған сайысқа Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, гуманитарлық-техникалық академия, қазақ гуманитарлық-техникалық, азаматтық қорғаныс көп салалы колледжі, «Бурабай» және Көкшетау қаласының жоғары колледждерінің студенттерінен құралған сегіз команда қатысты.
Жарыс олимпиадалық жүйе бойынша өтіп, жеңілген команда ойыннан шығып қалып отырды. Ақтық сында «КГУ – Жас Отан» мен «КДМ-КУАМ» командалары кездесіп, 2:3 есебімен соңғысы жеңіске жетті. Турнирге қатысқан командалардың барлығы ұйымдастыру алқасының сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Дархан Хамзин турнир барысында көрсеткен шеберлігі мен жеңіске деген талабының арқасында «Үздік ойыншы» атанды. Осы оқу орнының студенті Әкежан Қанафин «Үздік қақпашы» атағына ие болды. Ал, «Ең үздік қорғаушы» атағы қазақ гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Роман Лубенцовқа берілді.
–Турнирден біз тәжірибе жинап қана қоймай, жігерімізді жаныдық. Мен футбол ойнағанды ұнатамын. Осылай мүмкіндігімді пайдалана ойнауға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рахмет, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті, «Серпін» тобының мүшесі Нұрислам Қожахметов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.