Аудан орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған облыстық іскер әйелдер қауымдастығының «25 қайырлы іс» жобасы аясында қайырымдылық балы ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға көмек көрсетілді.
Мұқтаж адамдарға қол ұшын беру үшін қоғамның белсенді мүшелерін тарту мақсатында ұйымдастырылған қайырымдылық балына аудандық мекемелердің басшылары мен жетекшілері, бизнес өкілдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, селолық округтердің делегаттары қатысты. Ең алдымен, аудан әкімінің аппарат жетекшісінің міндетін атқарушы Эльмира Боқанова жан жылуы мен мейірімділікке зәру жандарға үнемі қамқорлық танытып жүретін аудан тұрғындарына ризашылығын білдіріп, «Мейірімді жүрек» статуэткаларын табыс етті. Олардың ішінде аудандық мәслихаттың депутаты Гүлайым Шегенова, «Зерен Көмір», «Айселжан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары Жұмағұл Жолдықов пен Жұмабек Төлебаев, «Милк Прожект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының міндетін атқарушы Әсем Әшімова бар.
Балдың негізгі бөлімінде тағдырдың жазуымен қиын жағдайға ұшыраған жандар мен олардың отбасылары туралы арнайы түсірілген бейнебаяндар көрсетіліп, оларға материалдық көмек көрсетілді. Көмек алғандардың бірі – Гончаровтар отбасы. Троицк ауылында тұратын бұл отбасының Никита есімді ұлы бала кезінен сал ауруына ұшырап, бүгінде Ресейде ем қабылдауда. Сол сияқты қайырымды жандар Зеренді ауылының тұрғыны, мүгедек Жанат Жантеміровтің отбасын да назардан тыс қалдырмады. Викторовка ауылындағы Нұржановтар отбасына да тиісті материалдық көмек көрсетілді. Бұл отбасы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған төрт баланы тәрбиесіне алып, отбасының жылулығы мен мейірім шуағына бөлеп отыр.
Бал барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, қайырымды жандардың құрметіне жылы лебіздер айтылды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Зеренді ауданы.