Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында VII жас натуралистер мен орманшылардың және экологтардың облыстық слеті өтті.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген шараға Ақкөл, Бурабай, Еңбекшілдер, Зеренді, Сандықтау, Шортанды, Целиноград аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларынан 12 команда қатысып, бақ сынасты. Жыл сайын өткізіліп тұратын слетке жалпы саны сексенге жуық оқушы қатысты. Шараға қатысушылар сегіз номинация бойынша бәсекеге түсті.
Ғылыми жобаларды сарапқа салатын «Жасыл экономика» және «Денсаулық пен қоршаған орта», көрме түрінде ұйымдастырылған «Ландшафт дизайны», практикалық сабақ негізінде өткізілген «Ормандағы санқилылық» сияқты номинациялар бойынша балалар өздерінің білімдері мен біліктіліктерін ортаға салды.
Оқушылардың еңбектеріне Щучинск экология және орман шаруашылығы колледжі мен «Бурабай» ұлттық паркінің мамандары баға берді. «Жас өлкетанушы» номинациясы бойынша бірінші орынды
Сандықтау орман шаруашылығының орта мектебі, екінші орынды Шортанды ауданының Бектау орта мектебі еншілесе, үшінші орынды Еңбекшілдер ауданының Бұланды орта мектебі мен Степногорск қаласының Қарабұлақ орта мектебі жеңіп алды. «Жас ғалымдар» номинациясы
бойынша жүлделі бірінші орын Бурабай ауданының С.Сейфуллин орта мектебіне бұйырды.
Жүлделі орынға ие болған мектеп оқушылары дипломдармен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Жұлдыз ЕЛУБАЕВА,
облыстық білім басқармасының жанындағы балалар мен жасөспірімдер туризмі орталығының әдіскері.