Аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымы мол, ғибратқа толы салтанатты кеш қарттар мен егде адамдарға арналды.
Арнайы ұйымдастырылған кешке келген қариялар алдымен аудандық кітапхананың қызметкерлері мен халық шығармашылығы шеберлері дайындаған «Сіздердің жас кездеріңіздегі кітаптарыңыз» атты көрмемен танысты. Содан кейін мәдениет үйіне жиналған қарттар мен ардагерлерді аудан әкімі
Нариман Төлепов құттықтады.
– Сіздердің өмірлеріңізде бәрі болды. Сіздер ауыртпалықтар мен қиындыққа мойыған жоқсыздар. Мұның барлығы менің түсінігімде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік, бойларыңыздағы мол қажыр-қайраттан. Тоқырау жылдарында да сіздер жастарға жігер беріп, қайраттандырып отырдыңыздар. Сондықтан, сіздердің осы еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды, – деді аудан әкімі өз сөзінде. Іс-шара соңында жиналған қауым әсем ән тыңдап, күміс күйдің күмбіріне елітіп, мың бұралған өнерпаздардың биін тамашалады.
Қарттар мен егде адамдар айлығы ауданда жыл сайын өз деңгейінде атап өтіледі. Айлық шеңберінде кәсіпкерлердің қолдауымен қайырымдылық акциялары ұйымдастырылып, түрлі салада еңбек сіңірген ардагерлерге құрмет көрсетуде. Сондай-ақ, ауданның медициналық мекемелерінде Қарттар күніне орай ашық есік күндері өткізіліп, қарияларға денсаулығын тексеру үшін барлық жағдайлар жасалып келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Егіндікөл ауданы.