Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Батпаққарадағы дүбірлі той - АРҚА АЖАРЫ

Батпаққарадағы дүбірлі той

Биылғы жылдың  16-17 қыркүйегінде Қостанай облысы Аманкелді ауданында 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына арналған республикалық дүбірлі той болып өтті. Сол тойға Ақмола облысының атынан қатысып келген  мен өңіріміздің бас газеті «Арқа ажарына»  осы мақаланы жазып отырмын.

Еркіндікті  сүйген  ержүрек  халқымыз  өз  бостандығы  үшін  қашанда  аянбай  күресіп, атамекенін  қасық  қаны  қалғанша  қорғағандығы тарихтан мәлім. Орыс патшасының боданына түскен екі  жарым ғасырдың ішінде қазақ халқы талай рет жерін, елін  қорғап, қарулы көтеріліске шықты. Сондай көтерілістің бірі – Аманкелді  Үдербайұлы  Иманов  бастаған  1916  жылғы  ұлт-азаттық  көтерілісі еді.
Осыдан  тұп-тура  бір  ғасыр  бұрын    киелі  мекен  – Батпаққара  жерінде  Аманкелді  батыр  бастаған, Әбдіғапар  хан, Кейкі  батыр, Әліби  Жангелдин  қостаған ұлт-азаттық көтерілісі болды. Бұл бірінші дүниежүзілік соғыстың қызу жүріп жатқан кезі  еді. Соғысқа қажетті мал мен басқа керек-жарақты салық ретінде қайта-қайта жинап, халықтың зықысын шығарған патша үкіметінің енді майдандағы қара жұмысқа қазақтан адам аламыз дегені отқа май құйғандай болып, ақ  патшаның  1916  жылғы  25  маусымдағы  жарлығына  барша қазақ жаппай қарсылық  көрсетті.
 Торғай өлкесіндегі хапық көтерілісіне ел алдында үлкен беделі бар батыр Аманкелді  Иманов басшылық жасады. Аманкелді    Кенесары  ханның  көтерілісінің  басы-қасында  жүріп, оң  қолы  болған, қазақ  халқына  әйгілі  Иман  батырдың  немересі, қазақтың  басына  күн  туғанда  қасық  қаны  қалғанша  елі  үшін, жері  үшін  жоңғарларға  қарсы  аянбай  шайқасқан  Дулат  батырдың  шөбересі. Міне, осындай атақты тұқымнан шыққан Аманкелді батыр патша жарлығына қарсы халықты бастап, күші басым жаумен шайқасқа тәуекел етті. Қазақ даласының әр өңірінде осындай көтерілістер көп болғанымен, солардың ішіндегі ең ірісі Торғай өңіріндегі Аманкелді батыр бастаған көтеріліс болатын. Тағы бір айта кетерлігі, бұл көтеріліс ұзаққа созылып, ол 1917 жылғы қазан төңкерісіне ұласты.
Міне, Аманкелді Иманов бастаған көтеріліс болған өңірде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының жүз жылдығына арналған дүбірлі той өтті. Аманкелді  ауданы  атаулы  мерекені  өз  дәрежесінде  жоғары деңгейде үлкен ұйымшылдықпен атап өткенін айтсақ артық болмас.
     100  жылдық  мерейтой  16  қыркүйекте  аудан орталығы Аманкелді кентінің  Наурыз  алаңында  «Елдік  пен  ерлік  даласы»  атты  ақындар  айтысымен  басталды. Айтыс  десе  делебесі  қозып, ішкен  асын  жерге  қоятын  қандастарымыз оған  осы  жолы  да  көп  жиналды. Айтысқа  Айбек  Қалиев, Бүркітбай  Бекетов, Мамай  Ізтілеу, Азамат  Мәлжанбай, Бағила  Балмашева, Салтанат  Өтелбаева,  Марғұлан  Оспанов, Батырлан  Сағынтаев, Байбатыр  Ахметбеков, Ғалымгерей  Кенжеғозин, Тоба  Өтепбаев, Айбар  Рагатовтар  қатысты. Ақындар  ұлт-азаттық  қозғалысының  мәні  мен  маңызын, батырлардың  ерліктері  жайында  жырлады.  Тартысты өткен айтыс қорытындысында   бас  жүлде  республикамызға  танымал  суырып-салма айтыскер  ақын  Айбек  Қалиевке  берілді. Бірінші  орынды  Салтанат  Өтелбаева  еншіледі. Екінші  орынды  Азамат  Мәлжанбай, үшінші  орынды  Марғұлан  Оспанов  пен  Батырлан  Сағынтаев  иеленді. Айтыскер  ақындарға  ақшалай-заттай  тиесілі  сыйлықтары  тапсырылды. Ұлт-азаттық  қозғалысының  100  жылдығын  атап  өту шаралары   келесі  күні 17  қыркүйекте  «Шұғыла»  жасөспірімдер  мен балалар  орталығында  орналасқан  Аманкелді  ескерткішінің  жанындағы  батырдың  аруағына  дұға  бағыштау  жиы-нымен  жалғасты. Батыр  баба  ескерткіші  жанындағы  құттықтау  сөз  Аманкелді   ауданының  әкімі  Нұржан    Өтегеновке  берілді. Ол тарихты  тереңнен  тербеп, ұлт-азаттық  қозғалысының  маңызы  мен  ғибратына, А.Имановтың  шынайы  батырлығына  тоқталды. Мұнан  кейін  тарих  ғылымдарының  докторы, Аманкелді  батырдың  немересі  Батырлан  Аманкелдиев  ұлт-азаттық  қозғалысына  байланыс-ты  өзі  жазып  шығарған  кітап  туралы   мағлұмат  берді.
Қазақстан Республикасы   Парламенті  Сенатының  депутаты    Серік  Байсейітұлы  Ақылбай сөз сөйлеп, Аманкелді Иманов бастаған көтеріліс жайында әңгімеледі.
Одан  кейін  жиналған  қауым  мен  қонақтар  бағдарламаға  сәйкес  аудандық  әкімдік  жанындағы  А.Имановтың  мемориалдық  мұражайын  тамашалады. Мұражай  екі  қабатты  ғимаратта  орналасқан  және  жыл  сайын  әртүрлі  экспонаттармен  толықтырылып  отырады. Мұражайдың  кіреберіс  холлында  батырдың  бюсті  орнатылған, қасында  оның  өмірбаяны  жазылып  қойылған. 2-ші қабатта  этнографиялық  зал  орналасқан, онда  ұлттық  қолөнер, зергерлік  бұйымдары  орналастырылған.
 Іс-шара  одан  әрі  аудандық  мәдениет  үйінде  «Мәңгілік  ел  мұраты: Тарих  пен  тағылым»   атты  ғылыми  конференциямен  жалғасын  тапты. Оған  Қостанай  облысы  әкімінің  орынбасары  Марат  Жүндібаев, Астана, Алматы, Қостанай  қалаларынан, Оңтүстік  Қазақстан  облысының  Жетісай  қаласынан, Жамбыл  облысынан, Қарағанды, Ақмола  облыстарынан  арнайы  шақырылған  қонақтар, ауданның  зиялы  қауым  өкілдері, барлығы  200-ден  астам  адам  қатысты.
1916  жылғы  қозғалыстың  өңір  тарихындағы  орны  туралы   «Аманкелді  арайы»  газетінің    редакторы, ақын  Хамитбек  Мұсабаев  баяндама  жасап, жұрттың  көбі  білмейтін  көптеген  тың  деректерді  ортаға  салды. Одан  соң  тағы  басқа  да  жарыссөзге  шыққан  баяндамашылар  қозғалыс  туралы  өз  ойларын  айтты.      Жиын  соңында  арнайы  шақырылған  бір  топ  қонақтарға  қазақтың  салты  бойынша  шапан  жабылып, сый-сияпат  көрсетілді.
Одан  кейін  қалың  қауым  бәйге  болатын  жерге  қарай  ағылды.     Ат  бәйгесі  десе  арқасы  қозатын  жанкүйерлер  Тойтөбені  қиқуға  бөледі. Шабандоздар  12  шақырымдық  «Топ  бәйгені»  және  25  шақырымдық   «Аламан  бәйгені»  еңсеруі  керек. Ә  дегеннен  Қостанай облысына  белгілі  кәсіпкер  А.Тұрсыновтың  «Аргон»  атты  сәйгүлігі  суырылып  алға  шықты. Қостанайлық  «Хан», арқалықтық  «Лазер», аманкелділік «Ақтанау»  да  осал  емес. Соңғы  екі  айналым  қалғанда, «Аргон»  шаршаңқырап, Атбасардан  қосылған  «Сарматам» атты  торы  құнан  алға  шықты. Сонымен, мәреге    Ақылбек  Жұмағалиев  мінген  «Сарматам»  бірінші  болып  жетті. Аттың  иесі – Азамат  Бұлтанов. Келесі    ретте шабандоздар  25  шақырымдық  «Аламан  бәйгеге»  қатысты. Бас  жүлде – автокөлік. Аламан  бәйгеде  белгілі  атбегі, торғайлық  Бапғабай  Қабжановтың  жүйрігі  барлығын  басып  озып, мәреге  жеке-дара  болып  жетті.
Кенттің  орталық  стадионында  қазақ  күресінен «Кіші  түйе  палуан»  және  «Нар  түйе  палуан»  сайысы  өткізілді. Бозкілемге  «Қазақстан  барысы»  турнирінің  алғашқы  жеңімпазы  Ұлан  Рысқұл, халықаралық  жарыстардың  жүлдегерлері Руслан  Әбдіразақов, Ержан  Шынкеев, Сейтен  Айбат  секілді  кілең  мықтылар  шықты.  Ұлан  Рысқұл  ақтық  сында  Ержан  Шынкеевтен  айласын  асырып, жеңімпаз  атанды. Осылайша ол  автокөлікті  иеленді.
  Мерекелік  бағдарламалар  кеші  орталық  стадионда  жалғасып, республикамызға  танымал  өнер  жұлдыздарының  «Жаса, Қазақстан!»  шоу концертімен  және  20-25  минутқа  созылған  мерекелік  отшашумен  аяқталды.     Міне, Торғай өңіріндегі ұлт-азаттық  қозғалысының  100  жылдығына  арналған  Батпаққара  төсіндегі  дүбірлі  той  осылайша  өз  мәресіне жетті. Жоғары  деңгейде  ұйымдастырылған  тойға  жан-жақтан  келген  құрметті  қонақтар  да, жергілікті  халық  та  дән  риза болды.
Аманкелді    Иманов – ұлы  дала  елінің  алмас  болат ақ  семсері. Ерлік  өшпейді, ер  ұмытылмайды. Аманкелді  атамыздың  ерлігі ел есінде сақталып,  сан  ұрпаққа  жете  бермек!
 Қайрат   БЕРДЕН.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар