Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ЕРКІН АҒАМЕН КЕЗДЕСТІРГЕН ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН - АРҚА АЖАРЫ

ЕРКІН АҒАМЕН КЕЗДЕСТІРГЕН ТАҒДЫРЫМА РИЗАМЫН

Еркін Нұржанұлы Әуелбековпен көп жылдар бірге болып, қызмет атқардым. Мәскеуде электротехникалық байланыс институтын бітірген соң, Қызылорда телевизиялық тарату орталығында жұмыс істедім. 1977 жылы Арқалық қаласындағы телевизиялық тарату орталығының бастығы болып ауыстым.

Жаңадан құрылған Торғай облысында істелетін жұмыстар көп еді. Барлық облыстық басқармалардың басшылары әр жерден келген жас жігіттер. Облыс бойынша телевизиялық бағдарламаларды үш аудан: Амантоғай, Аманкелді, Жанкелдин аудандарының халқы көре алмайды. Арқалық қаласының өзінде екі телевизиялық бағдарлама ғана бар. Осы жылдары облысқа басшы болып Е.Н.Әуелбеков келді. Жұмыс барлық салаларда өзгеріп сала берді. Неше түрлі бағдарламалар қабылданды. Облыс орталығында бірнеше шағын аудандар бой көтерді, жаңадан зауыт, фабрикалар ашылып, іске қосылды. Облыс тұрғындарын телевизиялық бағдарламамен толық қамтамасыз ету үшін Арқалық қаласында космостық «Орбита» станциясы салынды. Арқалық-Аманкелді-Шұбалаң (Торғай) радио-релейлық байланыс торабы салынып, 3-4 жылдың ішінде облыстың барлық аудандары көгілдір телевизия бағдарламаларын көре бастады. Осы жұмыстар басталғанда Еркін Нұржанұлы сол кездегі обкомның хатшысы Ж.К.Жаманқұловқа салынып жатқан құрылыстың жауапкершілігін тапсырды. Ол кісі аптасында 1-2 рет жұмыс барысын қадағалап, жиналыс өткізіп тұратын. Кейбір күрделі мәселелерді Еркін Нұржанұлы өзі тікелей тексеріп, қолма-қол шешіп отырды. 1982 жылы осы жұмыстар біткеннен кейін, көп азаматтар орден, медальдармен марапатталды. Мен де «Қазақ ССР-інің еңбегі сіңген байланысшысы» деген құрметті атақ алдым. Осы жылы мені Торғай облыстық партия комитетінің нұсқаушысы етіп жұмысқа алды. Ол жұмыста үш жыл еңбек еттім.
Осы жылдары Еркін Нұржанұлының аппарат қызметкерлерімен, облыстық мекеме басшыларымен, жалпы, халықпен қалай жұмыс істейтінін көріп, көп тәрбие алдым деп ойлаймын. Қарамағындағы облыстық партия комитетінің хатшылары, бөлім басшылары жұмылған жұдырықтай болып бірге қажыр-қайрат танытатын еді. Егер де біреуі Мәскеуге, Алматыға, не басқа жерлерге іссапарға шығатын болса, барлық бөлімдердің сұрақтарын жинастырып, хат дайындатып, түйінді мәселелерді шешіп келуге қосымша тапсырма беретін. Келгеннен кейін не жұмыс бітіргені туралы сұралып, келесі баратын қызметкер оның жұмысын одан әрі жалғастыратын. Сонда бүкіл аппарат қызметкерлері қай бөлімде не істеліп жатқаны туралы толық мағлұмат алып, хабардар болып отыратын.
Еркін Нұржанұлы қатаң талап қойып, барлық саланың жұмыс барысын біліп отырушы еді. Ол кісінің алдына барып, өз жұмысың туралы есеп бергеніңде осы саладағы жұмыстарды оның сенен артық біліп тұрғанын сезіп, өзіңе бір қорқыныш пайда болатын. Бір сұрағына жауап бере алмасам үлкен ұятқа қаламын ба деп терең жауапкершілікті сезініп, осы жағын қатты ойлайтын едік. Мен кейін Еркін Нұржанұлының көмекшісі қызметін атқарған кезімде де әр уақытта осы жауапкершілік күнделікті ойымнан кеткен емес. Ол кісінің барлық сұрағына тиянақты жауап беру, әр кездесу, әр жүздесу емтихан тапсырғанмен бірдей болатын. Сенің өтірік айтып тұрғаныңды бірден сезетін. Сондықтан, білмесең бірден турасын айтқан жөн. Көптеген мекеме басшылары ол кісінің алдына баруға жүрексініп, өте қатаң кісі деп есептейтін. Шынына келсек, өз жұмысыңды жақсы білсең, бәрін орын-орнымен айтып тұрсаң, жұмысыңда береке болса, онда ондай азаматтарды Еркін Нұржанұлы, өзімен қатар санап, жоғары бағалап, күліп, әңгімесін айтып, отбасы жағдайын сұрап, жайлы шығарып салатын. Ал, мұндай азаматтар келесі жолы Еркін Нұржанұлымен кездескенше асығып, ақыл-кеңесін алғысы келіп тұратын.
Арқалықтағы облыстық партия комитеті ғимаратының артында, қыста шаңғы тебетін орын болатын. Демалыс күндері балаларымды алып сол жерде біз де шаңғы тебетінбіз. Сонда бірнеше рет Еркін Нұржанұлын шаңғы теуіп жүргенінде кездестірдім. Ол спорттың қай түрін де жақсы көретін. Арқалықта бірнеше ашық және жабық стадиондар салдырды. Осы жұмыстарын кейін Қызылорда облысында да  жалғастырды. Еркін Нұржанұлы Қызылорда облысына басшы қызметке ауысқанда мен екі жылдай көмекшісі болып бірге қызмет атқардым. Осы кезде ол кісінің екі көмекшісі болды. Бірінші көмекшісі Кеңес Махамбетов, екіншісі мен едім. Екеуімізге жұмысты бөліп берді. Барлық аудандармен жұмыс істеуді Кеңеске, Арал ауданы мен Қызылорда, Байқоңыр қалаларының жұмыстарын маған тапсырды. Күнделікті тапсырма алып, қай жерде қай жұмыстар істеліп жатыр, қандай оқиғалар болды, қандай проблемалар бар, бәрін дер кезінде жеткізіп отыратынбыз. Кеңес те шаршамайтын, ерінбейтін. Аспай-саспай барлық жұмыстарын тиянақтап қоятын. Кеңес осы уақытқа дейін Еркін Нұржанұлының отбасымен хабарласып тұрды. Нағыз азамат екеніне көзім жетіп, ризалығымды білдіремін.
Қызмет істеген жылдары халықтан Еркін  Нұржанұлының атына жүздеген хаттар келіп түсетін. Осы хаттардағы жазылған мәселелердің толық орында-
луын Кеңес екеуімізден де талап ететін еді. Маған Қызылорда қаласының көпқабатты үйлерінің суын, жылуын, жолын, тағы басқа мәселелерін тапсыратын. Ол кісінің қадағалауының арқасында талай үйлерге дұрыс жылу беріліп, жөнделіп, көптеген мәселелер оң шешімін тапқан еді.
Бірде маған Қызылорда теміржолына қарайтын, барлық бекеттерді тексеріп шығуға тапсырма берді. Облыстық теміржолдың бастығы О.Жанәділовпен кездесіп, қасыма орынбасары Аралбай деген азаматты қосып алдым. Аралбай екеуіміз тепловозбен, машинамен он күнде бүкіл бекеттерді аралап, халықтың жағдайымен танысып, айлықтарын уақытында ала ма, ауыз суы, тамақтары бар ма, үйлерінің жағдайы қалай, электр жарығы қалай беріледі, не керек, толып жатқан мәселелерді тексеріп, қойын кітапшамызға жазып алдық. Кейін осы мәселелерді  Еркін Нұржанұлының тапсырмасы деп толық қағазға түсіріп, теміржол басшылығына жібердік. Онда әр сұрақтың, тапсырманың орындалу мерзімі көрсетілген. Бұл проблемалық мәселелер екі-үш айдың ішінде шешілді. Оған бүкіл шойын жол бекетінің халқы риза болды.
Еркін Нұржанұлынан үйренетін нәрсе өте көп еді. Ол кісі қай жерге барса да, сол жердегі кемшіліктердің бәрін де тізіп қағазға түсіретінбіз. Олар ешқашан  жай сөз болып қалмайтын.
Еркін Нұржанұлы дарынды, біртуар тұлға екені бүкіл елге белгілі. Облыстың қай саласында да пайдалы жұмыстар мол атқарылды. Қызылорда халқы, жалпы, сол кезде бірге істеген мекеме басшылары күні бүгінге дейін  шын жүректен, жақсы сезіммен еске алып, тебіреніп отырады.  Өз басым Еркін Нұржанұлына өте ризамын. Торғай облысындағы жұмысымды бағалады, облыстық партия комитетіне қызметке алды. Қызылорда облысында да көмекшісі болдым. Арал  аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне жоғарылатты. Кейін Арал аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқардым.
Егер осы жұмыстарда сенімінен шыға білсем, оның бәрі ол кісіден алған ұлағатты тәрбиемнің арқасы деймін. Еркін  Нұржанұлы қайтыс болғанда қоштасуға, соңғы сапарына шығарып салуға қайғырып, Көкшетауға келдік. Бір жылдан кейін 70 жылдық мерейтойын өткізуге қатыстым.  Туған жерінде 80 жылдық тойында болдық. Көкшенің азаматтары біздің Қызылорда облысының халқына шексіз ризашылығын білдірді. Облыстық әкімдіктен Ержан Уәйістің жетекшілігімен сол жолы  Сәпи Аңсатов, Әбдімұқан Әмірғалиев, Аппаз Кәмішев, Астанадан Оңалбек Сәпиев ағамыз, Кеңес Махамбетов және тағы басқа да бір топ жігіттер бардық.
Ержан өз сөзінде, облыс әкімінің құттықтау хатын тапсырып, Қызылордада Еркін Нұржанұлы туралы естелік кітап жазылып, бейнефильм шығарылатынын Көкшетау халқына жария етті. Үлкендер «Қызылордалықтар біздің Еркінді бізден де жақсы құрметтейді. Көсегелерің көгерсін» деп баталарын беріп, алғыстарын жаудырып жатты. Бұдан артық екі елге  бір-біріне деген қандай құрмет керек десеңізші?!
Әр уақытта да арамыздан өткен Еркін аға сияқты асылдарымызды сүйіспеншілікпен еске алып, оларға тағзым етіп отырсақ, ел мерейі, ел абыройы емес пе?!.

Балтабай АҚПАНБЕТОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар