Егде адамдарға құрмет көрсету ізгілікті дәстүрге айналып отыр. Оның жөні де бар. Кейінгі жас толқынға аға ұрпақты ардақтай білу парыз.
Олар өздерімен бірге ықылым заманнан бері жалғасып келе жатқан халықтық салт-дәстүрлерді, Отанды қалай сүю керектігінің жарқын мысалдарын, өз ісіне деген жоғары жауапкершілік сабақтастығын, шыдамдылық пен шымыр сенімнің көріністерін шашау шығармай алып келе жатыр.
Таяуда облыстық мәслихаттың хатшысы Дулат Нұрмолдин Көкшетау қаласының тұрғыны Зубаржат Қапышеваның шаңырағында болып, амандық-саулығын, жай-күйін біліп, мерейтойымен құттықтады.
Бүгінде жетпіс беске толып отырған, Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Зубаржат әжей емен-жарқын әңгіме кезінде өзінің өмірбаянын таратып айтып берді. Әжей Бурабай кентінде ұзақ жыл сатушы болып істеген, екі бала тәрбиелеген.
Аға буынды ардақтауға бағытталған жылы жүзді жүздесу соңында Дулат Нұрахметұлы Зубаржат апайға, барлық аға буын өкілдеріне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей келе, сый-сияпатын табыс етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.