Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Оқушылар оқулықпен қамтамасыз етілген - АРҚА АЖАРЫ

Оқушылар оқулықпен қамтамасыз етілген

Жаңа оқу жылының басталғанына бір жарым айдан астам уақыт өтті. Білім және ғылым министрлігі биылғы оқу жылында жалпы білім беретін мектептерде оқулық тапшылығының орын алмайтындығын айтып қуантқан еді. Негізі, оқулық алуға бюджеттен жыл сайын қаржы бөлінеді. Аз қаржы емес. Сонда ол қайда кетеді? Оқулық алынса, неге ата-аналар бір айдан бері әлі күнге дейін кітап сатып алып, әуреге түсіп жүр? Біздің облысымызда оқушылар оқулықпен қаншалықты қамтамасыз етілген? Мәселенің анық-қанығын білмекке біз арнайы мамандармен, ата-аналармен жолығып, мән-жайды сұраған едік.

Өткен жылдары Үкіметтің қаулысына сәйкес, мектептегі оқулықтар алдымен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылардың балаларына таратылып берілетін болса, қазіргі таңда әлеуметтік санатына қарамай оқушылардың барлығы тегін кітаппен 100 пайыз қамтамасыз етіледі, – дейді облыстық білім басқармасындағы мамандар.
– Білім беруді дамытудың бағдарламасына сәйкес, 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен оқушыларды тегін оқулықпен қамтамасыз ету міндеті қойылып еді. Біз сол міндетті орындадық, – деп бастады әңгімесін бізге берген сұхбатында облыстық білім басқармасының оқу-материалдық базаны нығайту және дамыту бөлімінің жетекшісі Салтанат Смағұлова. – Биылғы 2016-2017 оқу жылында облыстағы мектептер оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы бюджеттен осы мақсатқа 798,0 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді.  Білім және ғылым министрлігі бекіткен арнайы мемлекеттік бағдарламаға сай оқулық әр жылы  әртүрлі сыныптарға сатып алынады. Сондай-ақ, үстіміздегі жылдың наурыз айында 1 сынып оқушыларына оқулық сатып алу үшін облыстық бюджеттен қосымша  200 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілді.
Осыдан кейін біз қала мектептеріндегі ахуалды білу үшін  ең көп оқушысы бар  Көкшетау қаласындағы №17 орта мектептің 4 «а» сынып оқушыларының ата-аналарымен жүздестік. Азамат Құсайынов бізге берген сұхбатында өзінің төрт баланың әкесі екендігін айта келіп, үш бүлдіршіні осы мектептің бастауыш сыныбында оқитындығын тілге тиек етті.
– Балалардың тәрбиесімен негізінен анасы айналысады. Несіне жасырайық, тұңғышымыз 1 сыныпқа барғанда кітаптары жетпеді. Аллаға шүкір, балалардың үлкені биыл төртінші сыныпта оқиды. Бұрнағы жылдардағыдай оқулық тапшылығы сезілмейді. Кітап іздеп дүкендердің табалдырығын тоздырмаймыз. Мектеп әкімшілігі бізге көпбалалы отбасы ретінде көп көмек көрсетеді. Мектепте балалар ыстық тамақпен де қамтамасыз етілген, – дейді Азамат.    Осы пікірді атамыш мектепте баласы оқитын Әсел Рақымжанова да растады. Оның айтуынша, қазіргі таңда оқулық проблемасы түбегейлі шешілген.
–Тұңғышым осы мектептің түлегі. Ол мектепте оқығанда кітап сатып алуға қыруар қаражат жұмсалатын. Себебі, ҰБТ-ға дайындық, сыныптан сыныпқа көшкенде кітап сатып алу – бәрі ақшаға тіреледі.  Ал, қазір, мінекей, үш жылдың жүзі болды көзіміз ашылды. Мектеп әкімшілігі тарапынан біз секілді көпбалалы ата-аналарға үнемі қолдау көрсетіледі.  Біздің де балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Кітапты айтпағанда, мектепке қажетті құрал-жабдықтар толық тегін беріледі, –
дейді Әсел.   Осы сыныптың сынып жетекшісі Бақыт Шегенева да әңгімеге араласып, мәселенің анық-қанығын аша түсті.
– Мектептегі оқушылар оқулықтармен жүз пайыз қамтамасыз етілген деп нық сеніммен айта аламын. Мәселе мынада, бейнелеу өнері, еңбекке баулу сияқты пәндердің кітаптарын бастауыш сынып оқушыларының кейбірі үйлеріне апармай, сыныпта тастап кетеді. Бәлкім, осы себептен, ата-аналар балаларымыздың оқулығы жетіспейді деп алаңдайтын шығар. Мектепте жетпейтін оқулықтарды біз басқа мектептегі артық кітаптармен алмастыру арқылы толықтырамыз. Мектеп қорынан көпбалалы отбасыларының балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтарды алып береміз. Ал, жазу дәптерлерінің  жетіспейтіні рас. Ол көбінесе қосымша сабақтарға қажет. Бірақ, оны оқушының сатып алуы міндетті емес. Сатып алуға жағдайы жоқ балаларға ешкім міндеттемейді. Себебі, ол әр оқушының өз қалауы, – дейді Бақыт Болатқызы.
Облыс орталығында орналасқан «Кітап әлемі» дүкеніндегі сатушылардың айтуынша, үстіміздегі оқу жылында жылдағыдай оқулық тапшылығы байқалмаған. – Өткен жылы осы уақытта оқуға қажетті оқулық таба алмай жүргендерді көптеп кездестірген едік. Жасыратыны жоқ, әлі күнге дейін оқулық іздеп жүргендер бар. Бірақ, олар негізінен, бір мектептен бір мектепке ауысқандар немесе  басқа жерден көшіп келген балалар. Қазіргі таңда оқулықтан гөрі, оқушы дәптерлеріне сұраныс жоғары және олар жетіспей жатады. Сондай-ақ, даярлық тобына баратын бүлдіршіндерге қажетті оқулықтар тапшы.  
– Даярлық тобынан бастап, кітап сатып алу деген не сұмдық!?. Он мың  теңгедей ақша шығардық. Әлі күнге дейін «Өзін-өзі тану» кітабын сатып ала алмай жүрміз. Іздемеген жеріміз жоқ, – дейді кітап дүкенінде жолыққан Ержан есімді азамат қынжылып. Расында да, кітаптың бағасы қымбат. Мәселен, Көкшетау қаласындағы «Мир книг» деп аталатын кітап дүкенінде жоғарыда азаматтар тілге тиек еткен кітаптардың  бағасы мың-мың жарым теңге тұрады.
Хош, облыста оқушылар оқулықпен жүз пайыз қамтамасыз етілген делік. Тек қана бәрі  қағаз жүзінде, көзбояушылық болмаса болғаны. Өз кемшілігімізді жасырғанымыздан мәселе шешілмейді. Ұстаздар мен ата-аналар жоғарыға жалтақтап, мәселені жасыратын болса, ұрпақ қамын кім ойлайды?  Оқулығы жоқ оқушы қалай білім алады?..

Ұлмекен Шаменова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар