«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров жер және кәсіпкерлік мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізді.
Көкшетау қаласының тұрғыны Дәуренбек Мұқанов «Локомотив» саяжай серіктестігінен алған 12 сотық жерін жекешелендіруге қатысты туындаған мәселе бойынша арызын айтып келіпті. Оның айтуынша, бір кезде сатып алып, алты сотықтан әйелі мен өз атына құжаттандырылған саяжай телімдерін жекешелендіруге қатысты бірқатар кедергілер туындап отырған көрінеді. Осы арада облыс әкімінің бірінші орынбасары жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадралинаға саяжай телімдерін жекешелендіруге қатысты туындаған мәселені талдап, заң тұрғысында шешуге тапсырма берді.
Бурабай ауданының Қарашілік ауылындағы «Темірлан-2004» серіктестігінің директоры Какман Шәймерденов мемлекет мұқтаждығы үшін алған жер туралы мәселемен келгенін айтты. Серіктестіктің 472,5 гектар жері жиырма үлескердің пайларынан құралған. Осы жердің 70,6 гектары мемлекет мұқтажы үшін деп алыныпты. Өзі аз жердің біразын алып қойғандықтан, түсетін өнім де азайып кеткен. Кәсіпкер мемлекет мұқтаждығына алынған жерді қайтаруды сұрайды. Жерді мемлекет мұқтаждығына алу заңда қарастырылған. Бұл мәселені де облыстық жер қатынастары басқармасы жан-жақты тексеріп, кәсіпкерге тиісті жауабын беретін болды. Зеренді ауданының Қоныспай ауылынан келген жеке кәсіпкер Алик Шүкенов жалға алған жер телімін кепілге қойып, банк-тен несие алу жайына қатысты мәселемен келген екен. Жалға алу мерзімі үш жыл ғана болғандықтан және оның біраз уақыты өтіп кеткендіктен, банк несие беруден бас тартқан. Осыған орай, кәсіпкер жалға беру мерзімін ұзартуға көмектессеңіздер дейді.
Қадырхан Отаров шағым айта келген азаматтардың бәрінің арыздарын құзырлы органдарға жолдап, солар арқылы тексеріп, заң шеңберінде шешім қабылданатынын айтып түсіндірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.