Степняк қаласының көшелері соңғы уақытта одан сайын көркейіп келеді. Қазір мұнда жаңа қоқыс жәшіктерін орнату қолға алынды.
Биыл қалада қоқыс жинайтын алты алаңша орнатылып, 31 қоқыс контейнері сатып алынды. Бұл көшелердің таза болуына, әрі қала мәдениетін қалыптастыруға тиімді. Алаңшалар Абылай хан, Кенесары, Біржан сал, Чапаев, Антаев және Симов-Гирей көшелерінің бойында орналастырылған. Көше тазалығын сақтау және тұрғындарды осыған тәрбиелеу мақсатында орнатылған бұл қоқыс жәшіктерін «Металл Көкше Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасауда. Осы мақсатта бюджеттен 900 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды.
Орнатылған жәшіктер қала тазалығының кепілі. Өйткені, қала тұрғындары өздерінің баспаналарының маңындағы қоқыстарды үй алдына жинамай, орнатылған жәшіктерге салады. Қоқыс шығаруға жауапты қызмет өздерінің көрсеткен қызметі үшін ай сайын адам басынан 150 теңге төлемақы алуда. Бұл көп ақша емес, сондықтан, әрқайсымыз қала тазалығын сақтау шарасына немқұрайлы қарамай, қоқысы бар пакеттерді жәшікке салып, қала тазалығын сақтауға атсалысайық.
Дана СӘКЕНҚЫЗЫ,
Степняк қаласының тұрғыны.
Еңбекшілдер ауданы.