Көкшетау қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі және «Право на жизнь» жастар қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Рухани келісім – бейбітшілік тірегі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.
Тәуелсіз еліміздегі конфессиялық жағдай мен діни сенім бостандығы жайлы түсінік беру, дінаралық қатынастардағы толеранттылық пен Мемлекет басшысының бейбітшілік және дінаралық келісім орнату саласындағы саясаты жайында әңгіме қозғалған шараға қаладағы оқу орындарының студенттері мен оқытушылары қатысты.
Шараны ашып, жүргізген қалалық кітапхананың кітапханашысы Жадыра Сағындықова жиынның маңыздылығына тоқталып, ұлтаралық татулық пен рухани келісім мемлекетіміздің басты тірегі екенін атап өтті. Теолог-исламтанушы Ділмұхамед Сманов жиналған көпшілікке дінді дұрыс түсінбегендіктен қоғамда түрлі ахуалдар пайда болып жатқанына тоқталды. Адамдардың діни сауатсыздығынан және интернет желісіндегі кейбір теріс ақпараттардың ықпалынан кейбіреулер жат ағымдардың жетегінде кетеді.
Қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық полиция бөлімінің қызметкері Ержан Ерғалиев облыс орталығында лаңкестік іс-әрекеттер байқалмағанымен, кейбір жағдайларда ішкі істер бөлімшесіне адамдардың жалған ақпаратқа сүйеніп хабарласатын жағдайлары кездесетіні, ондай бұзақылық іс-әрекеттерге барғандар заң алдында жауап беретіні жайында айтты. Шара барысында Рухани келісім күніне арналған кітап көрмесі жиналған көпшіліктің назарына ұсынылды.
Назгүл РАБИЛОВА.