Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, облыстық жастар ресурстық орталығы мен облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы жанынан ашылған «Талант» жас ақындар клубының ұйымдастыруымен студенттер арасында «Жас ақын» атты жыр сайысы болып өтті.
Жыр додасының негізгі мақсаты жастарға рухани тәлім-тәрбие бере отырып, шешендік өнерге баулу, сөз өнеріне қызығушылықтарын арттыру, сондай-ақ, шығармашылық қабілеттерін дамытып, бос уақыттарын тиімді өткізуді ұйымдастыру, жастардың бойында ұлттық рухты, Отанға, елге деген сүйіспеншілікті оятып, патриоттық тәрбие беру болып табылады.
Қатысушылар «Мен ақынмын» аталымында қазылар алқасының іріктеп алған өлеңдерін оқыса, «Мәнерлеп оқу» аталымында атақты ақындардың туындыларын жатқа оқыды. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қара шабады» демекші, қазылар алқасының ұйғарымымен «Мәнерлеп оқу» аталымында жүлделі ІІІ орыннан Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік унверситетінің студенті Ақмарал Беспаева көрінсе, ІІ орынды осы университеттің студенті Гүлжайна Амангелді иеленді, жүлделі І орынды Ақан cері атындағы мәдениет колледжінің оқушысы Мұхамбеттияр Жәнібек өз қанжығасына байлады.
«Мен ақынмын» аталымы бойынша ІІІ орынды Ақан cері атындағы мәдениет колледжінің оқушысы – Жұмабек Абзал алса, ІІ орынмен
Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің оқушысы Абылайхан Әшімхан марапатталды. Бас жүлде иегері Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік унверситетінің студенті Күләш Нысанбек атанды. Жыр додасына қатысқандардың барлығы арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Жұлдыз ҚОЙШКЕНОВА,
облыстық жастар ресурстық орталығының баспасөз хатшысы.