Ақбұлақ ауылындағы орта мектепте «Рухани келісім – халық бірлігіне бастар жол» атты тақырыпта мерекелік іс-шара болып өтті.
Тарихы терең, шежіресі шерлі қазақ халқы қашаннан да бауырмал, құшағы кең ел болғанын барша жұрт мойындайды. Оны біз жеріміздің кеңдігімен ғана емес, пейіліміздің кеңдігімен де, ырыс-ты тірлігімізбен ғана емес, ынтымақты бірлігімізбен де дәлелдеп отырмыз. Егемендікке қол жеткізгенде талай елдер қақтығыстар мен қантөгістерге жол беріп алса, біз бірлігіміздің арқасында тірлігімізді түзедік, көркейдік. Елбасының салиқалы саясатының арқасында мемлекетімізде дінаралық және конфессиялық келісім сақталып келеді.
Көпұлтты елімізде түрлі ұлт пен конфессия өкілдері тұрып жатқанымен, олардың бәрін де ортақ тағдыр, адами және рухани құндылықтар біріктіретіні белгілі. Бұл – Мемлекет басшысының сындарлы саясатының және мемлекетті құраушы негізгі қазақ халқының кеңпейіл толеранттылығының жемісі. Иә, ел тұтастығы мен рухани келісімнің маңыздылығы адамзаттың үйлесімді де берекелі өмір сүруінде алатын орны ерекше.
Аталмыш кешке аудан мешітінің имамы Ерболат Хазтай, Ақбұлақ ауылы әкімдігінің бас маманы Сария Медведева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алуаш Базарбайқызы, мектептің кітапханашысы Нұрғайша Көшкінбекова, шіркеу қызметкері, ауыл тұрғындары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Олар еліміздегі діни ахуал, дінаралық татулық, толеранттылық, діни ағымдар туралы ой-пікірлерін білдіріп, рухани келісім бұдан былайғы уақытта да барлық ұлттар мен дін өкілдерінің түсінігін нығайтып, жақсылық пен ізгілікке шақырып, адал істерге бастай берсін деген тілектерін жеткізді.
Содан соң аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы тамашаланды. Әсем әнімен көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған Дастан Хасенов, Ақтан Жаңабергенов, Жанат Аманғалиев, Виктория Воськова, Вера Бердниктердің өнер шеберліктері жиналған қауымды тәнті етті.
Сонымен қатар, Дастан Хасеновтің «Мен әлі жас едім…» атты шағын театрландырылған көрінісі ауыл тұрғындарының назарына ұсынылып, оң бағасын алды. Мереке барысында жамбы ату, арқан тартыс, дартс ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде дартстан І орынды мектеп оқушысы Темірлан Сүйіндіков, жамбы атудан Серік Арыстанбеков, ал, арқан тартудан Евгений Бродтэнген мен Илья Музоченко жеңіп алды.
Руслан МАХАНОВ,
аудандық тілдерді оқыту
орталығының директоры.
Аршалы ауданы.