Көкшетау қалалық прокуратурасының бір топ қызметкерлері «Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттырудың аймақтық орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде қысқа мерзімді оқу курсынан өтті.
Олар бір ай бойы сөйлеу шеберлігі мен іскерлік қарым-қатынасты нығайту жөнінен дәріс алып, білімдері мен біліктіліктерін жетілдірді. Сот отырыстарына қатысатын прокуратура қызметкерлерінің өз ойларын тұжырымды баяндап, жүйелі сөйлеу өнерін меңгеруі бүгінгі уақыт талабы болып отыр. Осы орайда, аталмыш курстың берген пайдасы аз болмағаны анық.
Оқу курсынан өткен 27 қызметкерге сертификат тапсырылды. Мекеме директоры Әлібек Баймағамбетов курстан өткен прокуратура қызметкерлеріне ауыр да жауапты еңбек жолдарында табыс тілеп, жылы лебізін білдірді. Бұдан кейін аймақтық орталық пен қалалық прокуратураның арасында серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумның мақсаты алдағы уақытта мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесі негізінде осы жұмысты одан әрі жалғастыру болып табылады.
Назгүл РАБИЛОВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.